505 мың теңге айыппұл кімдерге салынады? - на finance.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на finance.bugin.kz Марғұлан Ақан

Біле жүріңіз!

Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып қорлаған адамға биылғы АЕК көрсеткішімен 505 мың теңгеге дейінгі айыппұл салынуы мүмкін. 

Заңгердің айтуынша, бұл қылмысты жасағанның бәріне елімізде жарты миллион теңге айыппұл салу деген жоқ. Себебі ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабының 2-тармағындағы заңдағы "екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде" деген тұсына назар аудару керек.  

"2014 жылы ҚР Қылмыстық кодексі халық қалаулыларының, көптеген саладағы мамандардың пікірлері ескеріліп, көптеген талқылаудан өткен соң көпшіліктің қолдауын тапқандықтан, бұл жауапкершілік заң нормасында бар. Бірақ мұнда "200 АЕК-ке дейін" деген тұсын назарға алуымыз тиіс. Бұдан түсінетініміз кез келген қорлаған адам 505 мың теңге көлемінде айыппұл арқалай береді дегенді білдірмейді. Бұл мәселе сотта шешіледі, онда жазаны жеңілдететін негіздер ескеріліп, барлығы талқыланады. Бұл жазадан басқа, сот салуға тиісті айыппұл көлемінің мөлшерінде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жмұыстарға тарту жөнінде шешім қабылдауы мүмкін. Көрсетілген жазаның қай түрі тағайындалатыны және оның мөлшері жөнінде істің мән-жайларына қарап, сот шешеді. Яғни сот шешімі бойынша 2 АЕК көлемінде де айыппұл тағайындалуы мүмкін. Мұндай ультиматум мысалы жол жүрісі ережесінің белгілі бір ережесін бұзған жағдайдағы әкімшілік құқық бұзушылық істерде ғана болады", - дейді маман.

Былапыт сөз айтқанның бәрі соттала бермейді 

Тағы бір ескеретін жайт, заңгердің айтуынша, әлеуметтік желілерде айтылатын қорлау мәніндегі сөздің бәрінің сотқа жете бермейтіні. Бұған негізгі екі себеп бар екен.  "Былапыт сөз айтылып, қорланған адамның сотқа жүгінуге құқығы бар. Егер ол кісінің дәлелдемелері бар болса, онда сот шешімі оның пайдасына шешілетіні анық. Әлеуметтік желілердегі өзгенің қадір-қасиеті мен абыройын әдепсіз түрде кемсіту деректері бойынша сот мекемелеріне қылмыстық немесе азаматтық сотқа талап арыз беру арқылы өзінің тапталған абыройы мен қадiр-қасиетiн қорғай алады. Көбіне қорланған адамдар істі сотқа жеткізбейді немесе жеткізе алмайтындығының бірнеше себептері бар. Біріншісі, кейбір адамдар өзінің әлеуметтік желіде тапталған абыройы мен қадір-қасиетін қорғауға болатынын білмегендіктен, ал екіншісі дәлелдемелерді сотқа жинау тәртібін білмегендігі", - дейді ол. Осылайша заңгер егер дәлелдемелерді тиісті тәртіпте жинап, талап арызына тіркесе, тапталған абыройы мен қадір-қасиетін ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы бойынша жауапкершілікке тарта алатынын айтады. Оның айтуынша, дәлелдемелерді жинаудың өз жолы бар.  Былапыт сөз естіп, қорлансам қайтемін? "Бұл жерде ең бастысы қорланған адам нотариуске жүгіне алады. Олар "Нотариат" туралы ҚР заңына сәйкес, тіркеу хаттамасын жасауға өкілеттіктері бар. Нотариус тіркеу хаттамасында әлеуметтік желідегі парақшаны, тіркеу мерзімін, уақытын, қай әлеуметтік желі мен оған өту жолын атап өтеді, қандай никнейм бойынша кімнің тіркелгенін сипаттап, жазылған парақшадан міндетті түрде скриншот жасайды. Бұдан кейін ол шағымданып тұрған адамның толық аты-жөнін жазады, сондай-ақ, міндетті түрде куәгерді тіркейді. Бейнежазба болса, оны белгілі бір тасымалдағышқа жүктеп алады, ондағы әрекетті және айтылатын сөздерді сипаттап жазады. Осылайша нотариус арқылы тіркеу хаттамасын жасап алады", - дейді заңгер. Оның айтуынша, бұл құжат сотта қорлаған адамның әрекетін дәлелдеу мақсатында қажет. Себебі кез келген адам өз жазбасын немесе видеосын өшіріп тастай салуы да мүмкін. Тіркеу хаттамасын рәсімдеген соң, қорланған адам өзінің қорланғанын лингвист маманның көмегі арқылы дәлелдей алады. Яғни талапкер лингвист сарапшының қорытындысын алуы керек екен. 

Қорлау мен былапыт сөз айту бір емес 

Сондай-ақ, маман жеке адамды қорлау мен қоғамдық орындарда былапыт сөйлеудің ара-жігін ашып алу керек екенін айтады.  "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сәйкес, ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер үшін 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады. Бұл бап бойынша жеке тұлғаларды жауапкершілікке мамандандырылған аудандық және оларға теңестiрiлген әкiмшiлiк соттар жауапкершілікке тарта алады", - дейді ол. Болтаеваның айтуынша, бұл екі жағдайдағы жасалған әрекеттің арасында ерекшелік бар. "Қорлау әрекеттерін жасаған кезде жеке тұлға басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiтеді. Бұл әрекеттер көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалса, қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ал ұсақ бұзақылық әрекеті қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер. Ең бастысы қылмыстық іс-әрекет жеке тұлғаның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiтумен ерекшеленеді, ал әкімшілік тәртіпте жазаланатын былапыт сөздер айту әрекеті қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпке қарсы жеке тұлғалардың, яғни көпшіліктің тыныштығын бұзатын әрекет", - дейді заңгер. Заңда қарастырылмаған жағдайлар да бар Заңгердің айтуынша, елімізде шет тілінде айтылған былапыт сөз айту деректері бойынша сот прецеденттері жоқ, сәйкесінше заң нормалары тұрғысында да бұл мәселе тиісті дәрежеде қарастырылмаған, бірақ ондай әрекеттер болған күнде барлығы жасалған іс-әрекеттің мән-жайларына байланысты қорланған адамның абыройы мен қадір-қасиетін қорғаудың тиісті жолдары бар.

Қай жерде және қандай былапыт сөйлесем жазаланамын?  

Ал сотқа жеткен істер қалай аяқталып жатыр? Мұны анықтау үшін ҚР Жоғарғы сотындағы сот істерінің базасына үңілейік.  Түркістан облысында құдаласқан екі тарап отбасылық кикілжің кезінде келісе алмай, көптің алдында бірінші жақ екінші жаққа қарата қорлау мәніндегі сөздер айтып, іс сотқа жеткен. Жәбірленуші сотта былапыт сөз естігеннен кейін өзін бір түрлі сезінгенін, олардың сөздерін сол жердегі барлық азамат естігенін, сотталушыларды кешірмейтінін айта келе оларға қатысты заңды шара қолдануды сұраған. Осылайша құдалар арасындағы даудан кейін екі адам 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылған.  Тағы бір оқиға осы облыста болған. Ер адам абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiтетін балағат сөзді қолданып, Facebook желісінде пікір (комментарий) қалдырған. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің "Қорлау" бабының 2-бөлігі бойынша айыпты деп танып, ол жәбірленген тарапқа 60 АЕК, яғни 144 300 теңге (былтырғы АЕК көрсеткіші) төлеп беруге міндеттелген.  Кезекті оқиға Астанада болған. Ер адам "Шарын" базарында көптің көзінше бір әйелге қарата қорлау мәніндегі былапыт сөздер айта бастаған. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабының 2-бөлігі бойынша айыпты деп танып, 25 АЕК, яғни 60 125 теңге (былтырғы АЕК көрсеткіші) айыппұл салған. Мұның үстіне ол жәбірленушіге 50 мың теңге моральдық шығын төлеп беруге міндеттелді.  Төртінші оқиға Шардара қаласында болған. Ер адам жанжалдасып, төркініне кетіп қалған әйелін іздеп келіп, енесіне қарата былапыт сөздер айтқаны үшін сотты болған. Ол да осы аталған бап бойынша айыпты деп танылып, 25 АЕК, яғни 60 125 теңге (былтырғы АЕК көрсеткіші) айыппұл арқалаған. 

Дереккөз: Tengrinews.kz 
0 Пікір Кіру