"Ақшаны көрінгенге бердік" Нұрсұлтан Назарбаев Данияр Ақышевқа ашуланды - на finance.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на finance.bugin.kz Қаракөз Амантай

Ол Ұлттық банктің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл отырыста Президент Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің жұмысын сынға алды. Бұл туралы Sputniknews.kz хабарлады.  

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев "нашар" несиелер туралы баяндады.

Ақышев экономиканың басымдыққа ие секторларын несиелеу үшін 600 миллиард теңге бөлу тетігі іске қосылғанын атап өтті. Ұлттық банк басшысының сөзіне сүйенсек, несилеу тетіктері белгіленген және алғашқы банк несиелеуге арналған қаржыны игере бастаған. Сонымен қатар, Ұлттық банк әлсіз банктерден тазарту жұмысын жүргізген.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев 600 миллиард теңгенің қандай нысандарға жұмсалатынын сұрады.

"Бұл 600 миллиард теңге – бизнесті дамытуға. Қаражат ұзақмерзімді жобаларға бағытталуы тиіс. Қандай нысандарға жұмсалатынын анықтадыңдар ма? Егер маңызды әрі бізге қажетті кәсіпорындар мен өнімдерге жұмыс істесек, бұл бағдарламаны жалғастыра аламыз", — деді Мемлекет басшысы.

Президент егер ақша нашар компанияларға берілсе, бұрынғы жағдай тағы қайталанатынын айтты.

Данияр Ақышевтің айтуынша, соңғы он жылда экономикадағы банктердің кредиттері 5,5 триллион теңгеге ұлғайған. Қарыз алғандар осы уақыт бойы кредиттерді қайтармаған. Осылайша кредиттер бірте-бірте проблемалық несиеге айналған.

Нұрсұлтан Назарбаев бұған үкімет пен Ұлттық банктің кінәлі екенін айтты.

"Біз өзіміз дұрыс басқарған жоқпыз, жөнді бақылаған жоқпыз. Ақшаны желге ұшырған компанияларға берудің не керегі бар еді? Мұны біз – Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер мен үкімет бақылаған жоқпыз. Кім көрінгенге бердік. Олар қайта несие алды, қайтара алмаса да, оларға тағы субсидия береді. Әлемде кім бұлай жұмыс істейді?", — деп ашуланды Елбасы.

Ақышев президенттің сөзімен келісті.

"Өте дұрыс айтасыз, біз  статистиканы қарадық. Кредиттерін қайтармаған кәсіпорындардың дені әлі де жұмыс істеп тұр. Әсіресе, бұл шағын бизнеске қатысты. Көбісінің жеке капиталы жоқ, бірақ жаңа арзан кредит талап етеді. Барлығына қайта несие берілді. Берешек өсіп жатыр", — деп жауап берді Ұлттық банк басшысы.

Президент әр акционер өз банкін тонап, кейін мемлекет оның артынан жүгіріп жүретінін айтты.

"Енді оларға несие беріп жүре береміз бе, жоқ әлде тәртіп орнатамыз ба? Қанша пайызын қайтармады. Солай жүре бере ме сонда? Бұл қылмыстық іс болуы керек және мемлекет барлық мүмкіндіктермен оны қайтаруы тиіс. Мен "жеке қадағалау комитеті" керек дегенімде, сен "мен өзім істеймін" деген едің. Міне, бақыла енді. Заң қабылдадық. Әр акционер өз банкін тонап, кейін біз оның артынан қуып жүреміз. Біз сонда қайда болдық? Жұмыс нашар", — деді Назарбаев.

0 Пікір Кіру