Желілік маркетингке желіккендер... - на finance.bugin.kz
Аружан Бақытқызы - на finance.bugin.kz Аружан Бақытқызы

Желдей ескен ұғым

Бүгінде, желілік маркетинг ұғымы ешкімге таңсық емес. Досымыз я болмаса танысымыз аталмыш кәсіптің бір түрімен айналысады. Олар: “Mary kay”, “Avon”, “NL”, бұл тізім осылай жалғаса береді. Бұлардың атауы ғана басқа, ал жұмыс жасау механизмдері, тауарлары (әдетте, тұрмыстық, косметикалық, киім-кешек) бірдей. Желілік маркетингтің кеңінен таралуының бір себебі, мұнда кез келген адамның жұмыс жасауға мүмкіндігі бар, сіздің жасыңыз, дипломыңыз, жұмыс өтіліңіз маңызды емес.

Қазір әлеуметтік желілерде «Үйде отырып оңай ақша тапқың келе ме?» деген секілді жарнамалар көзімізге жиі шалынады. Ең сорақысы да осы, жан қинамай, кетпен шаппай ақша тапқысы келетін көпшілік қауым «пирамиданың» құрбаны болып жатады. Ендеше, пирамида мен желілік маркетингті қалай ажыратамыз? Осы сауалға жауап беріп көрелік.

Біріншіден, алғашқысына кіру ақылы болса, екіншісіне кіру тегін.

Екіншіден, пирамида да сізді «осынша ақша саласың, содан ол ақша өзінен- өзі көбейеді» деп сендірсе, желілік маркетингте тауар болады. Жалпақ тілмен айтқанда саудамен айналысасыз.

Үшіншіден, желілік маркетингтің мемлекеттен тарапынан берілген рұқсат қағазы, республика, қала көлемінде арнайы офистері болады. Алайда қой терісін жамылған қасқырлар да жоқ емес. Тіркелмеген, заңсыз жұмыс жасап жүрген желілік компаниялар талайды сан соқтырып жүр. Осы тұста біздің елімізде аталмыш кәсіпті қадағалайтын ешбір заң жоқ екенін айта кету қажет. Мәселен, көршілес Әзірбайжан, Тәжікстан мемлекеттерінде желілік маркетингке байланысты бірнеше заң қабылданса, миллиардтаған халқы бар Қытайда заңды түрде тіркелген 14 желілік компания ғана өз жұмысын жасайды екен.

Қолыңнан келсе қонышыңнан бас, дейді қазақта. Ебін тауып, адал жолмен ақша тауып, жыртығын жамап жатса құптарлық-ақ іс. Дегенмен де, оңай олжаға кенелемін деп, опық жеп қалмаңыз.

0 Пікір Кіру