Несие алушыға банктен жеңілдік қарастырылған ба? - на finance.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на finance.bugin.kz Қаракөз Амантай

Несие төлеуге мүмкіндігіңіз болмаса не істеу керек?

Қазіргі таңда әрбір бесінші қазақстандықтың басында несие бар. Несиені бірі  үй, бірі көлік, бірі соңғы үлгідегі айфон үшін, енді бірі той жасау мақсатында алады. Әрине бастапқыда қолға миллион ақша тигенде кез келгенімізде қуаныш сезімі болар, дегенмен алдағы 2-3 жылға бекітілген несиеңіз еске түскенде қуанышыңыз су сепкендей басылуы мүмкін. Себебі әр ай сайын төленетін төлем әрдайым көкейіңізде жүретіні рас. Ал несие міндетті түрде төленуі керек, төленбесе, үстемақысы артып, берекеңіз қашады. Мысалы, несиені алар кезде сіздің тұрақты жұмысыңыз болып, ақшасын уақытымен төлеп жүрдіңіз. Алайда сіз белгілі бір себептерге байланысты жұмыстан шығып, несиені төлей алмай қалдыңыз. Мұндай жағдайда не істеу керек? Несие алушыға банктен жеңілдіктер қарастырылған ба?

Несиені төлеуге мүмкіндігіңіз болмаса, банктен қашудың қажеті жоқ. Себебі бұл сізге кері әсерін тигізеді, ал төлем кешіктірілген жағдайда, пайызы артады. Мұндай кезде керісінше несие алған банкке барып, мамандарға төлей алмау себебін түсіндіріп, арыз жазуыңыз қажет. Жеке куәлігіңіз міндетті түрде өзіңізбен болсын.

Қай банкте жеңілдік қарастырылған?

Жеңілдік барлық банкте қарастырылмаған. Егер, несиені «Халық Банкінен» алсаңыз қуана беруіңізге болады. Өйткені бұл банктегі несиені уақытша тоқтатуға болады. Ол үшін сізде дәлелдейтін құжат пен нақты себеп болуы керек. Мысалы, жұмыстан шығып қалғандар, бала күтіміне байланысты демалыс алғандар, сонымен қатар еңбекке жарамысыз болып қалғандардың несиені уақытша тоқтатуға мүмкіндігі бар.

Несие алған адам өмірден өтсе, оның қарызын жұбайы немесе балалары өтейді.  Отбасы болмаған жағдайда, несиені өтеу алыс-жақын туыстарына міндеттеледі. Егер сақтандыру қызметін қосқан болса, өмірден өткен жағдайда барлық қарызын сақтандыру компаниясы толық өтеп береді.

Белгілі бір себептерге байланысты несие алушының табысы азайса, жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай жағдайда төлейтін сомаңыздың мөлшерін қысқартып, мерзімін ұзартуға болады. Ол үшін бастапқыда жасалған келісімшартты өзгерту қажет. Мысалы, “Альфа-Банктен” несие алғанда сақтандыру компаниясының қызметі қоса ұсылынады. Егер сіз 100 мың теңге көлемінде несие рәсімдесеңіз, оның 10%-ын сақтандыру компаниясына беріп, қолыңызға 90 мың теңге аласыз. Түрлі себеппен несиені төлей алмай жатсаңыз, сақтандыру компаниясы сіз үшін үш айға дейін несиеңізді төлеп береді. Ол үшін де нақты себеп пен анықтама болуы керек.

“ЦентрКредит”, Home Credit пен Forte bank-те де қарызды төлей алмаған клиенттерге жеңілдіктер қарастырылған. 

  • “ЦентрКредитте” несиені уақытша үш айдан алты айға дейін тоқтатуға болады. 
  • Home Credit банкінде сақтандыру компаниясының көмегімен екі айға дейін кешіктіріп төлей аласыз. Бірақ ол үшін несиеге тағы қосымша пайыз қосылады.
  • Kaspi bank-те несиені төлей алмағандарға жеңілдік жоқ, оны уақытша тоқтата да алмайды. Бұл банктен несие алсаңыз, келісілген мерзім бойынша қарызды өтеп шығуыңыз қажет.



0 Пікір Кіру