Марғұлан Ақан

11 667 теңгеге қыдыра ма әлде киім сатып ала ма?

Елдің ішкі әлеуметтік мәселесі жалақыға келіп тіреледі. Салыстырмалы түрде қарастырғанда, Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері 163 000 (жүз алпыс үш мың ) теңгені құрайды. Тіпті елдің 2,6 пайызы кедейшілікте өмір сүреді деуге болады. Ал ең төменгі жалақы – 28,7 мың теңге.


Бірнеше күн бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова журналистердің «28 мың теңгеге күн көруге бола ма?» деген сұрағына жауап беруден бас тартып, «өтіп кетейін» деген жылы сөзбен құтылған болатын. Осыдан кейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пікір білдірді:

"Еліміздегі орташа жалақы көлемі 163 мың теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш өсіп келеді. "Ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 мың теңгеге өмір сүруге бола ма?" деген сұрағыңыз дұрыс емес, себебі Қазақстан халқының басым бөлігі бұдан көп жалақы алады. Елбасы 2019 жылдан бастап бұл санды 2 есеге өсіруді тапсырды. Енді бұл сома 42 мың теңгеге өседі. 42 мың теңгеге көп нәрсе алуға болады деп ойлаймын"


42 000 (қырық екі мың ) теңге

Біз аталған соманы орта буын немесе отбасын құрған алдыңғы буынға апармай-ақ, қарапайым студент жастардың қалатасына қарай салып, есептеп көрдік. Сонымен 42 мың теңгеге көп нәрсе алуға бола ма?

Бұл бір күндік немесе бір апталық айлық емес, 1 айдағы жалақы. 1 айда 30 күн бар.  Жатақаханада жататын студентке бұл сома жеткілікті болуы мүмкін. Алайда жатақхана ала алмаған, алыстан қатынап жүрген студенттердің жағдай ше?

Алматы қаласында 1 бөлмелі пәтер дәл қазір орташа есеппен 50 мың теңгеден жоғары басталады. Оның өзінде орталықтан алыс, үйдің іші өте нашар жабдықталған.  1 бөлмеге үй иелері ары кетсе 3 әйтпесе, 2 адам ғана алады.

3 студент. 50 мың теңгелік пәтер. Оған жылу, жарық, су, ыстық дегенді қосыңыз. Кем дегенде жазда – 8 000 теңге, қыста – 11 000 теңгеге барады.

1 адам үшін 20 333 теңге жалпы есепте пәтерге және қосымшасына кетті. Одан бөлек үшеуі 5 мың теңгеден жиналып үйге азық-түлік алауы керек. Сонда есеп, 25 333 теңге.

Ал «Оңай» картасын 5 мың теңге салып қойса, 30 күн жүре алады. 30 333 теңге. Студенттің қалтасында 11 667 теңге қалды. Енді сұрақ: бұл студент 11 667 теңгеге киім алып үйде отыра ма әлде ескі киімін үтіктеп қыдыруға бара ма?

Барынша ақшаны эконом жасаған күннің өзінде 42 мың теңге пәтерде тұратын студент үшін жетпейді. Біз тек негізгі шығындарды есептедік. Ұсақ шығындарды қоссақ бұдан да көп шығар еді.

0 Пікір Кіру