Президент жолдауы: Атырау облысында 10415 адамның жалақысы көтеріледі - на finance.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на finance.bugin.kz Қаракөз Амантай

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асады

 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Атырау облысындағы 1720 мекемеде жұмыс істейтін 10 415 адамның еңбекақысы көтеріледі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында аймақта халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1720 мекемедегі айлығы 42 мың теңге болатын 10 415 адамның еңбекақысы көтеріледі. Қазірдің өзінде өңірдегі 21 мекеме қызметкерлердің еңбекақыларын көтеру шараларын бастап кетті. Бұл мекемелерде жалпы саны 2 587 адам жұмыс істейді», - деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын құру және азаматтарды мемлекеттік бағдарламаларға тарту шаралары жайындағы жұмыстарды да баяндады.

Оның айтуынша, биылғы екінші жартыжылдықта 26 494 жаңа жұмыс орыны құрылып (оның ішінде 16 246 - тұрақты, 10 248 - уақытша), жұмыспен қамту орталықтары арқылы 16 666 адам жұмысқа орналасса, қоғамдық жұмыстарға 4 956 адам бағытталған. 411 адам кәсіби даярлықтан өткен.

Еске сала кетсек, аталмыш баспасөз мәслихатында Нұрлан Ноғаев өңірдегі балық шаруашылығының табысын да атап өткен болатын. Оның айтуынша, атыраулық балық өңдеуші кәсіпорындар 500 келі қара уылдырық саудалау мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр.

Сондымен қатар, Нұрлан Ноғаев Атырау облысында жыл соңына дейін 30 әлеуметтік нысан іске қосылатынын хабарлаған еді.

Дереккөз: inform.kz

0 Пікір Кіру