Марғұлан Сейсембай: "Шетелде тұратын қызымды Қазақстанға қайтара алмай жүрмін" - на finance.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на finance.bugin.kz Марғұлан Ақан

Не себеп?

Астанада өткен Стратегиялық бастамалар форумында тыңдар құлақ табылса талай тұщымды әңгіме айтылды-ақ. 

Әлихан Байменов, Ораз Жандосов, Саясат Нұрбек, Марғұлан Сейсембай секілді сауатты оқырманға таныстырып жатуды қажет етпейтін аузы дуалы азаматтар сөз алып, елдің бүгінгі беталысына баға берді. 
Қайдан келеміз? Қайда барамыз? Бағдарымыз дұрыс па, бұрыс па? Бұл елдің болашағы бар ма, жоқ па? Түтіні түзу елдердің қатарына қашан қосыламыз? Экономиканы қалай, қайтіп көтереміз? Білікті, білімді кадрлердің шетел асуын қалай тежейміз? Осы және өзге де өзекті сауалдарға жауап іздеді жиынға қатысқан жұрт. 
Солардың арасынан кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевтың сөзі өтімді шыққаны рас. Бұл елдің бүгінгі келбетіне мүлде көңілі толмайтынын жасырмаған Марғұлан Сейсембаев былай деді: 
«Әлекең (өзінің алдында сөйлеп кеткен Әлихан Бәйменовті айтып отыр, ред.) қазақша сөйледі ғой. Таразы басы тең болсын, мен орысша сөйлейін. Одан айтар ойымның мәні мен мазмұны сұйылып кетпес. 
Бұл – мемлекеттер арасындағы аламан. Жаһандық қауымдастықтың бір мүшесі ретінде біз бұл жарысқа қаласақ та, қаламасақ та қатысамыз. 
Адами капиталдың көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, соғұрлым мемлекет те дамыған деп біліңіз. Мемлекеттер арасындағы бәсекенің басты өлшемі – осы. Инвестиция да, технология да, спорт та, басқасы да бұл өлшемнің шаңына ілесе алмайды. 
Адами капиталдың орташа деңгейін шайқалтпай ұстап тұру үшін рух, тән және сананың саулығы қажет. Қоғами қалыпқа түсірсек, бұл идеология, білім және денсаулық саласы дегенді білдіреді. 
Осы үшеуінің бүгінгі Қазақстандағы аяқ алысы қандай? 
Бізде не бар? 
Бізде идеология жоқ. Аты да, заты да жоқ. Идеология адамды серпілтуі, шабыттандыруы, толқытуы тиіс қой. Идеология адамның ойын аулап, бойын баурауы керек. Таңертең төсегінен тұрса да осы идеологияның жолында оянғанын қаперден шығармауы қажет. 
Айталық, АҚШ-тың Тәуелсіздік туралы декларациясы тұнып тұрған идеология. 
«АҚШ-тың әрбір азаматы Тәңірдің алдында тең жаратылған. Американың әрбір азаматы бақытты болуға, бақытты өмірге ұмтылуға құқылы» дейді. 
Осыдан артық қандай идеология керек? Кез келген жүрегінен орын табатын тәмсіл емес пе бұл? 
Ал біз қайттік? Рухани жаңғырдық па? Оны неге орынсыз жерге тықпалай береміз? Жаңғыруға жеті қайнаса да сорпасы қосылмайтын, жілігі татымайтын, боққа керексіз шараларға бұл бағдарламаның плакатын менмұндалатып іліп қойған кімге медеу, кімге демеу? 
Тұс-тұстан анталаған Рухани жаңғырудың плакаттарына қарап, бұл мемлекеттік деңгейдегі идеология емес, атын жарнамалап жүрген әлдебір алпауыт компания ма деген ойға қаласың. 
Бұл бағдарламаның бойында адамды селт еткізетін, тұңғиығына тартып алатын тылсым күш жоқ. Сіздерді қайдам, өз басым рухани жаңғырдым деп айта алмаймын». 
Осы арада әлгіден бері Сейсембаевты ұйып тыңдап отырған қауым қол соғып қойды. Қолдағандары. Кәсіпкердің сөзімен келіскені деп түсіндік. Сәлден соң Сейсембаев үзілген әңгімені әрі қарай сабақтады. 
«Идеология жоқ яки құндылық жоқ. Құндылықсыз қоғамның ертеңге деген сенімі жоқ. Құндылығы жоқ елде өмір сүру – өлместің күйін кешу. 
Тіпті төсектен тұрудың өзі азап. 
Себебі төккен теріңнің қайтымы жоқ, еткен еңбегіңнің жемісі жоқ. Құндылығы жоқ қоғамда құлықсыздық та, қулық-сұмдық та көбейеді. Көңілсіздіктің соңы күйзеліске ұласады. Құндылығы жоқ қоғам өмірдің қызығын көрмейді. Себебі қайда, неге ұмтыларын білмейді. 
Екіншісі – денсаулық. Сырқатқа шалдыққан адамның ештеңемен шаруасы жоқ. Денсаулық сақтау саласы сын көтермейді. Сіз де, біз де білеміз мұны. Жемқорлық медицинамен біте қайнасып кеткен, дәрігердің білімсіздігі мен біліксіздігіне етіміз үйреніп кеткен». 
Сейсембаевтың сөзін арадан аз уақытқа үзелік. Америкада дәрігер қателігінен жылына 250 мыңға жуық адам көз жұмады. Әлбетте дәрігер біліксіздігі бізге ғана тән емес, барлығына ортақ мәселе дегенді білдіреді – бұл. 
АҚШ бұл проблеманы шешуде: «авиация саласына қалай қарасақ, медицинаға да сондай көзқараспен қарауымыз қажет» деген ұйғарымға келген. Елдегі дәрігер біткенді бақылауды әйгілі ұшқыш Чесли Салленберген басқаратын комиссия өз жауапкершілігіне алған. 
Алысқа ұзамай сөз кезегін Сейсембаевқа берелік. 
«Үшінші тұғыр – білім. Ой. Сана. Біздің ойлау деңгейіміздің өзі білім деңгейіміздің көрсеткіші. Мұнда да сол баяғы берекесіздік. Белгісіздік. 
Әлемнің озық ойлы елдерімен жарысу үшін, алдымен жарамызды жазуымыз қажет. 
Жемқорлық, парақорлық, жұмыссыздық, одан туындайтын қарақшылық, ұрлық-қарлық, үмітсіздік, тілдегі ала-құлалық, сапасыз білім мен медицина, жалақының мардымсыздығы, еңбектің қадірсіздігі, санасын тұрмыс билеген қоғамның рухани жұтауы мұның бәрі айналып келгенде – жара. Қазақстанның өне бойына шыққан… 
Бұл түрімізден мемлекет арасындағы аламанда асығымыз алшысынан түседі деудің өзі ақымақшылық. 
Рухани жаңғырған жоқпын 
Қазіргі Қазақстанның ауруы асқынып келеді. Дерті дендеген адамды бір жерінен түртші, сырқаты сыздап сала береді ғой. Солай емес пе? 
Түнеукүні туризм тақырыбын талқыладық. Осы салаға қырғын ақша жұмсаймыз, бізге келетін турист түбі үңірейіп жатқан, жан-жағынан жел андыздаған, мүңсік исі мұрын жаратын туалетімізді көреді де түңіледі. Ол оралмайды бұдан кейін бұл елге. 
Туризмді дамытқың келсе, дәретханаңды түзе. Көрінген жерге рухани жаңғыруды тықпалаудың қажеті жоқ. Одан да сол плакаттарға жұмсалған ақшаны жиіркенбей отыруға болатын тегін, таза, жылы туалет салуға бағытта. Қайтымы болады қайткен күнде. Сәбет үкіметінің сарқыншағы іспеттес әлгіндей дәретханалар шетелдік туристің түсіне кірмес үшін олардан тез арада арылу керек. 
Солай дейді Сейсембаев. Солай екені рас. 
Қытайда туалет төңкерісі болғанын білесіз бе? 2015 жылы 3 млрд доллар бөлініп, күллі ел көлемінде 68 мың заманауи дәретхана салыныпты. Қытай билігі мұны азсынып отыр. 2020 жылға дейін тағы 47 мың туалет жергілікті халық пен туристердің игілігіне беріледі. Бәлкім, бізге де мұндай төңкеріс қажет шығар. Туалет төңкерісін айтамыз». 
Тағы бір теңеуді алға тарта кетелік. Өткенде Atameken business channel-де бір шенеунік кеңінен көсілді. Сөзіне қарағанда цифрландыру бағдарламасы аясында тұтас елге интернет тартылады. Алыс ауылдардың өзі интернеттің қызығын көреді. Дұрыс та шығар. 
Бірақ цифрландыруды тек соның аясына ғана сыйдырып қойған жөн бе? Интернет саудамен айналысатын компаниялар Қазақстанда желі азабын емес, жол азабын тартады екен. Тапсырыс берілген тауар діттеген жеріне апталап әзер жетеді. Цифрлық экономика жол жөндеуден басталады, демек. 
Жолыңды жөнде, туалетіңді сал, содан кейін барып цифрлық экономиканы сөз ет. 
Бұл сөзімізбен Сейсембаев та келісер деген ойдамыз. Кәсіпкердің келесі пікірі жастар жөнінде өрбіді. 
Кетеді. Оралмайды… 
«Өз-өзімізді алдауды доғару қажет. Түк бітірген жоқпыз. Түк істелген жоқ. Қазақстанды адам тұратын елге айналдыра алмадық. Қолынан іс келетін жастар кеткісі кеп тұрады бұл елден. Мүмкіндігін паш ете алмайды өйткені. Жас өмірі қорлықпен өтетінін біледі. Қулық-сұмдық, алдау-арбау, пара беру, пара алумен ғана өмір кешетін елде өзін өгей сезінеді. 
Түзелгісі келмейтіні елден кететін милы бастардың қатары көбейе түседі. 
Болашақпен басқа елге баратын жастар ол жақтағы өмірді көреді де күрт өзгереді. Біз жақтағы өмірді көреді де бұл елде бір күн де аялдағысы келмейді. Турасын айтайын, дәл қазір біз «Болашақ» арқылы ертең басқа елге еңбегі сіңетін кадрлар дайындап жатырмыз. 
Оны айтасыз, менің өзім шетелде тұратын қызымды елге қайтара алмай жүрмін. Bloomberg-те бас маман болып істейді. 
«Оқыттым. Тоқыттым. Енді елге орал. Осы арадан орныңды тап. Қазаққа тұрмысқа шық. Құда болайын, құйрық-бауыр жейін. Немере сүйейін» десем, «Әке, алған білімді Қазақстанда қайда жаратам? Бұл елдегі жүйеге бейімделем деп ойламаймын. Тынысым тарылады. Өзегім өртенеді. Парақорлық, жемқорлық, таныс-тамыр арқылы көтерілу, халықтың көзін ала бере мемлекеттің ақшасын төгіп-шашу, мұның бәрі – менің түсінігіме жат. Қайтпаймын. Келгім келмейді. Оралмаймын» дейді ол. 
Осының бәрі неден? Тонау психологиясы қалай қалыптасты? Өз елімізге деген аяушылық неге өлді? 

Бұл елді дәретке кіріп-шыққан сияқты уақытша тұрақ санаймыз, өйткені. 
Кем-кетігіне көз жұма қараймыз, тоз-тозы шықса түкіргеніміз бар. Себебі жекенің құқығы қорғалмайды бұл елде. Жекенің мүлкіне көлденең көк атты көз алартпайды деген сенім жоқ. «Мынау мен салған зәулім үй, ертең бұл менің үрім-бұтағыма қалады» деген сенім жоқ. Бір күнмен, бүгінмен өмір сүреді бәрі де. Табанымыздың астындағы ұланбайтақ жерге, тереңнен тамыр тартатын тарихымызға лайықты емеспіз дәл бүгін». 
Сейсембаев сөзін солай деп түйіндеді. 
Дайындаған, ДУМАН БЫҚАЙ
0 Пікір Кіру