Ватерлоо шайқасында Ротшильд династиясы қалай жеңіске жетті? - на finance.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на finance.bugin.kz Марғұлан Ақан

Наполеонның жеңілісі

Нейсон – үлкен Ротшильдтің үшінші ұлы, ағайынды бесеудің ішіндегі ең жүректісі де осы Нейсон. 1798 жылы, әкесі оны Фрнанкфурдтан Ұлыбританияға Ротшильд банкесінің жұмыстарын жүргізуге жібереді. 

Нейсон қулығына құрық бойламайтын және батыл шешім жасай білетін банкир, оның жан дүниесін шынайы түсінетін пенде баласы болған емес. Таң қаларлық финанс таланты мен шайтанның өзін алдап соғатындай айла-шарғысының арқасында, 1815 жылы ол Лондондағы саусақпен санап алатындай банке шонжарларының қатарына қосылды.

Нейсонның үлкен ағасы Амшель Франкфурдта Ротшильдтерге қарасты банклердің бас штабын ұстап тұрды, тете ағасы Саломон Австрияның Вена қаласындағы бөлімше банкесін басқарды, тете інісі Калман Италияның Неапол қаласынан, кенже інісі Хамес Францияның Париж қаласынан бір-бір банк ашты. 1815 жылы ағайынды бесеуі еуропада етек алған соғыстың бейнесін қалт жібермей қадағалап отырды.

Еуропаның тағдыры мен келешегіне саятын маңызды соғыс еді ол. Егер Наполеон жеңсе, Еуропаны Францияның билеп-төстеуі даусыз болатын. Ал, Веллингтон франция армиясын күл-талқан етіп күйретсе, Ұлыбритания еуропаның ірі елдеріне бағыт сілтеп, бағдар көрсетіп отырмақ.

Қашанда алысты болжай білетін Ротшильдтер өзінің стратегиялық ақпараттарын жинау және жеткізу жүйесін соғыс басталмас бұрын-ақ жасақтап, жасырын өкілетішлердің тобын құрды. Бұл өкілетші деп отырғанымыз, анығын айтқан кезде «тыңшылар». Оларға арнайы «балалар» деген ат берілді. Бұл балалар Ротшильд династиясына алыс-жақын елде болып жатқан барлық ақпаратты жасырын түрде жеткізіп отырды. Халық екі-үш күннен кейін білу керек ақпараттарды бір түн ішінде біліп, сәуегейлік танытты.

1815 жыл 18 маусым

Бельгияның Брюссель қаласы маңында өткен Ватерлоо шайқасы Наполеон мен Веллингтон басқарған екі армияның өліспес-беріспес ақтық арпалысы ғана емес, сан мыңдаған қаржы салушылардың да ұтыс ойыны болды – ұтқандар байлыққа белшесінен батып, ұтылғандар тақыр жерге отырғандай еді.

Лондон жарна биржасы абыр-сабыр күйге түсіп, жұрттың бәрі Ватерлоо шайқасының соңғы хабарын елеңдей күтті. Алда-жалда жеңіс Францияға бұйырса, Ұлыбританияның мемлекеттік қарыз билеттерінің бағасы шыңырауға құлар еді; керісінше, Франция күйрей жеңілсе, Ұлыбританияның мемлекеттік қарыз билеттерінің бағасы аспанға ұшар еді.

Дәл осы кезде сіз бен бізге мәлім болмаған адам соғысынан бөлек, экономикалық жақтан да үлкен майдан жүріп жатқанын Ротшильд династиясы қатаң бақылауда ұстады. Оның тыңшылары екі армияның да қатарына еніп, шпиондық қызметтеріне өте жылдам әрі нақты деректермен атқара білді. Әр түн сайын тыңшылар ақпарат жіберіп отырды.

Сол ақпарат жіберушілердің бірі Розводс (Ротшильдтің ең сенімді тыңшысы) Францияның ойсырай жеңіліп жатқанын және жеңілетінін біліп, ақпаратты кештетіп жеткізеді. 19 маусым күні таң ата Ротшильдке келіп жеткен тыңшы аса маңызды хатты қолына табыстады. Ал бұл кезде Нейсон хатты қалтасына салып, Лондондағы жарна биржасына қарай бет алып бара жатқан-ды.

Нейсон суыт басып, жарна биржасының есігінен аттағанда, шайқас хабарын тағатсыздана күтіп, әбден мазасы кеткен көпшілік сілтідей тынып, бәрі де оның ешкімге сыр бермейтін жүзіне қарады. Нейсон жүрісін әдейі баяулатып, «Ротшильд тіреуі» деп атанған әдемі орындығына келіп аспай-саспай жайғасқанымен, тас мүсіндей бедірейген бет әлпетінен бірер сырдың ұшқынын байқау қиын еді. Ақыры ешқандай сыр бермеген Нейсоннан үміт үзген бай-манаптардан бастап бәрі дерлік Ұлыбританияның қарыз билеттерін тоқтаусыз сата бастады.

Ұлыбританияның мемлекеттік қарыз билеттері базарға түсіп, ақыры көк тиынға сатылып кетті. Тіпті өзінің толық құнын жоғалтып үлгерді. Дәл осы кезде әліптің артын бағып отырған Нейсон Ротшильд өзінің биржакештеріне ыммен ишара береді. Бұл ишара бұрынғы ишарадан өзге еді...

Нейсонның жақтастары жаппай базардағы британия билеттерін сатып алды.

21-маусым күні кешкі сағат 23:00 кезінде Лондонға Францияның күйрей жеңілгені туралы хабар келеді. Бұл кезде Ротшильд династиясы байлыққа белшесінен батып жатты... Тек байлыққа ғана кенелген жоқ, Ватерлоо шайқасының арқасында Ротшильд Ұлыбританияның ең беделді және бай несиегері ретінде тіркелді.

0 Пікір Кіру