Жаңа «5-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылмақ: Кімдер қатыса алады? - на finance.bugin.kz
Bugin.kz - на finance.bugin.kz Bugin.kz

Табысқа қарайды

«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді, оның ішінде бес түрлі міндет бар: тұрғын үй саясатын жүзеге асырудан бастап азаматтарды ауыз сумен қамтамасыз етуге дейін, деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов үкімет отырысында.

Аталмыш бағдарламаға бірыңғай тұрғын үй саясатын жүргізу міндеті енгізілген. Атамқұловтың баяндауынша, енді ипотека мен жалға берілетін үйлер азаматтардың табысы мен оның деңгейіне қарай берілмек.

- Отбасы мүшелерінің біреуінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндей ғана болса, кезекте тұрған ондай азаматтарға жалдамалы пәтерлер беріледі. Ал табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен екі есе көп азаматтарға «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік бар. Ең төменгі күнкөрістен табысы 3,1 есеге дейін көп азаматтар «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктен несие алуға өтініш бере алады. Ең төменгі күнкөрістің 3,1-ге дейінгі деңгейінен кірісі асатын азаматтар үшін «7-20-25» бағдарламасы қолжетімді. Табысы ең төменгі күнкөрістің бесеуін қамтитын адамдар баспананы қолданыстағы нарықтық өнімдердің бастапқы сомасын төлеп және екінші деңгейлі тұрғын үй нарығынан сатып алуына болады, - деді министр.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңгеге тең. Сонда Bugin.kz-тің есептеуінше, отбасы мүшелерінің біреуінің табысы 60-92 мың теңгенің арасында болса, ондай жанұялар жаңа «5-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Егер «7-20-25» бағдарламасында тұрғын үйлердің ипотекасының жылдық мөлшерлемесі 7 пайызбен берілген болса, мұнікі 5 пайызбен берілуі мүмкін. Ал бастапқы жарна сатып алғалы тұрған үй бағасының 20 пайызына тең. Несие мерзімі – 25 жыл.

0 Пікір Кіру