Банктен қашпай, қалай ымыраға келуге болады? - на finance.bugin.kz
Тоқаш - на finance.bugin.kz Тоқаш

Несиесі жоқ қазақ, қазақ емес

«Несиесі жоқ қазақ, қазақ емес». Сіз бұрын мұндай мақалды естімеген боларсыз. Әрине, халқымызда мұндай мақал жоқ та. Бұл бүгінгі күннің ұраны десек, артық емес шығар. Қазіргі таңда несиесі жоқ адам саусақпен санарлық. 

Отбасы құрудан бастап, үй болып, оның ішін толтыру үшін тіпті дүние-мүліктің өзін несиеге аламыз. Банктер қазір туысымыздан да жақын. Шұғыл арада қаражат керек бола қалса, тіпті банкке бармай-ақ үйден мобильді құрылғыңыз арқылы несие рәсімдей аласыз. Сіздің банктен қарызға пайызымен қаражат алуыңыз үшін барынша жағдай жасалған. Иә, қиналған тұсыңда 15 минутта қаражатты болып немесе елден қалмау үшін қымбат ұялы телефон мен әшекейді несиеге рәсімдеп алуға көбіміздің етіміз үйреніп кетті.        

Қарыз күліп келіп, жылап қайтады, біз алған несиемізді жауапкершілікпен, уақытында төлеп жүрміз бе? Жоқ әлде банк қызметкерлерінен қашып, тұтқаны алмай, телефоныңызды өшіріп тастайсыз ба? Міне, мен осы жерде сізге бұл мәселені сауатты түрде шешуді ұсынамын. 

Біріншіден, сіз несиеңізді төлеуден не себепті қашып жүрсіз? Әлде жауапкершіліксіз танытып, алған қаражатыңызды қайтарғыңыз келмейді ме? Белгілі себептермен несиеңізді төлей алмай жүрсеңіз, банк қызметкерлерінен қашпай, керісінше банкке барғаныңыз абзал. Егер сіз несие алған уақытта жақсы жұмыста қызмет атқарып жүріп, белгілі бір уақыттан кейін шығып қалсаңыз немесе денсаулық жағдайыңызға байланысты болса, банк сізге несиеңізге көп мөлшерде пайыз қосылмауына көмектеседі. 

Кез келген жағдайда, сіз біріншіден, банк қызметкерлеріне бар жағдайыңызды айтып, мәлімдеме жазуыңыз қажет. Сол мәлімдемеңізге қарап сізге банк жеңілдіктер қарастырады. Мәселен, Халық банкте жұмысыңыздан айрылып қалған жағайда, денсаулығыңызға байланысты мәселелер туындаған жағдайда 3 айдан 6 айға дейін несиеңізді қатырып қоюға мүмкіндік бар. Бірақ сізге белгілі көлемдегі пайыз қосылады. Ол мүмкіндікті сіздің мәлімдемеңізге қарай банк 3 күн мен 15 күн арасында қарастырады. Сіздің алғашқы міндетіңіз банкке барып, банк қызметкері айтқан мәлімдемеңізге қатысты құжаттар жинақтайсыз. 

Ал Каспий банкте сіздің алған несиеңізді төлей алмаған жағдайда оның уақытын ұзартуға мүмкіндігіңіз бар. Бұл жерде де сіздің алған ақшаңыздың үстіне пайыз қосылады. Бұл жағдайда да банк сіздің жағдайыңызға қарай шешім қабылдайды. Негізсіз деректер болса, сіздің уақытыңызды созып бере алмайды. Банкпен мәселеңізді олармен кеңесіп қана шеше аласыз. Ең абзалы несиеге жоламағаныңыз жақсы. Пайыздық ақша сізге де, ісіңізге де береке әкелмесі анық.

0 Пікір Кіру