Сергей Дворцевой «Айка» фильмі үшін айыппұл төлеуі тиіс - на finance.bugin.kz
patick - на finance.bugin.kz patick

Ресейдің мәдениет министрлігі өндіріс мерзімінің кешіккені үшін режиссерді айыппұл төлеуге міндеттеп отыр

2019 жылы күзде Ресейдің мәдениет министрлігі кинематографқа мемлекеттік қолдау туралы мәліметтерді жариялап, фильм түсіруге бөлінген ақшаны мемлекетке қайтармаған борышкерлер туралы ақпаратпен бөлісті. Тізімде "Айка" фильмін түсірген компания да бар болып шықты.

Орта Азия мигранттарының өмірін баяндайтын әлеуметтік драма талай фестивалдің марапатын алды. Соның ішінде қазақстандық актриса Самал Еслямова алған үздік әйел рөліне берілетін Канн фестивалінің негізгі жүлдесі де бар. Картина Қазақстан атынан "Оскарға" ұсынылып, шорт-листке де еніп еді.

Әйтсе де өндіріс мерзімін кешіктіргені үшін режиссері, продюсері әрі сценарий авторы Сергей Дворцевой (былтыр жазда Америка киноакадемиясының құрамына енді) РФ Мәдениет министрлігіне жеті миллионнан астам рубль айыппұл төлеуі тиіс. 

Режиссер Meduza басылымына берген сұхбатында бұл ахуалды былай түсіндіреді:

- Біз "Айканы" 2012 жылы түсіре бастадық. Құжаттарда стандартты тапсыру мерзімі - екі жыл деп тұрды. Түсірілім көктемде жоспарланды, бірақ біз қар кезінде бірнеше эпизодты түсірген кезде, бұл оқиғаны тек осындай жағдайда түсіру керектігін түсіндік, басқаша болмайды екен. Түсіруді бастадық, өте күшті эпизодтар таспаланды. Сосын екі қыс қатарынан Мәскеуде мүлдем қар болған жоқ.

... Менің түсіру тәсілімді білмейтін адамдар - жасанды қармен түсір немесе синтепон қолдан деп айтады. Бірақ біз салмақты киномен айналысамыз, бұны үлкен экраннан көреді. Сапа туралы ойлансаң, ешқандай жасанды қар, мақта, синтепон қолдануға болмайтыны түсінікті, өйткені бұның бәрі көрініп тұрады... Ақырында алты жыл бойы түсірдік.

Басылымның "Кешіктіргені үшін айыппұл сомасын білдіңіз бе?" деген сұрағына Дворцевой былай дейді:

- Әрине мен түсінген жоқпын. Фильмнің алты жыл түсірілетінін де білмедік. Келісімшартта әрбір кешіктірілген күн үшін осындай сома деп жазылған... Борыш сомасын Канн фестивалінен кейін білдім... Маған 7,5 миллион түгіл, 20 мың табудың өзі мұң.

...Мен әр тиынды үнемдеп, тіпті өз қаражатымды фильмге жұмсадым. Картинадан кейін мен қарызға баттым. Бәрі айтады: "Картина өте табысты, сенің жағдайың жақсы", - деп. Мен: "Кешіріңіз, менде кейде тамақ алуға ақша жетпей қалады", - деймін.

Біздің бюджеттегі 28 миллион рубль - мемлекеттен, қалғаны қорлар мен жеке инвесторлардың ақшасы, барлығы 100 миллион шамасында... Менің адамдарым фильмнен 20-30 мың ғана алып, жылдар бойы таза энтузиазммен жұмыс істеді. Менің қалай өмір сүріп жатқанымды көрсеңіз - менде 25 жыл болған тот басқан ескі машина. Бәрі маған күліп, неге жаңасын алмайсың дейді. Өйткені бар тапқанымды киноға жұмсаймын. Мен кино фанатымын. Кино - менің құмарым, бұл тіпті де бизнес емес.

Режиссер өзінің жеке қаржылық жағдайы да мәз емес екенін айтады:

- Мен кейде сценарийге көмектесем, маған сол үшін аздаған ақша береді. Кейде фестивалдерде ақшалай сыйлықтар аламын, Батыста бір реттік шеберлік сабақтарын өткіземін. Бұл қаржының көлемі көп емес, дегенмен қарапайым күнкөріске жетеді. "Айкадан" алған бүкіл гонорарымды өндіріске жұмсадым, түсіруге, адамдарға ақы төлеуге кетті. Мен сценарий авторы, режиссер, продюсер болдым, шамамен үш миллион рублдей таптым. Ол ақшаның 80 процентін фильмге салдым.

0 Пікір Кіру