Асқар Маминнің жоспары: Үкімет биыл не істейді? - на finance.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на finance.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

Премьер-министр қазақшаға қалай?

Бүгін күндіз үкімет үйінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. «Өткенді саралап, алдағыны жоспарлау» жиынында президент Тоқаев «экономикалық өсім 4,5%-ға жетті» деп мәлімдеді.  

Сөз алған үкімет басшысы Асқар Мамин еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және биылғы жоспар жөнінде баяндап бақты. Ол «өңдеу өнеркәсібі 4,4%-ға, тау-кен өнеркәсібі 3,7%-ға, металл кенін өндіру көлемі 16%-ға, негізгі капиталға инвестиция 8,5%-ға, жеке инвестиция 9,5%-ға, халықтың нақты табысы 5,5%-ға, 2,7 млн адамның жалақысы өсті» деп ағынан жарылды.

Асқар Маминнің айтуынша, әзірге қағаздағы сан-есеп бойынша биыл Қазақстанда 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 150 мың отбасы жаңа баспанаға ие болатын көрінеді. Сондай-ақ 430 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны хабарланды.

– Мұнда жаңа жұмыс орындары негізінен туризм, сауда мен құрылыс салаларында, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі мен АӨК саласында да жаңа жұмыс орындары ашылады. 2020 жылы Үкімет 7 стратегиялық бағыт бойынша жұмысты жалғастырады, атап айтсақ: инвестицияларды тарту, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды, экспортқа бағдарланған индустрияландыруды, отын-энергетикалық және агроөнеркәсіптік кешендерін дамыту, экономиканы цифрландыруды арттыру – деді пермьер-министр.

Асқар Маминнің айтуынша:

  • Алдағы 7 жылда 3,5 мың ауылдағы инфрақұрылымды дамытуға 900 млрд теңге жұмсалмақ;
  • «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 800 жоба жүзеге асырылады;
  • 2026 жылға қарай 1,2 трлн теңгелік жеке инвестиция тарту арқылы заманға сай ірі 19 жаңа медициналық орталық ашылады;
  • 2020 жылы 200 жаңа мектеп ашылады. Оның 100 – жеке мектеп;
  • Биыл 44 студенттік жатақхана пайдалануға беріледі;
  • Биыл 90 млн тонна мұнай мен 56,3 млрд куб газ өндірілмек;
  • Үкімет экономика өсімін 4,7-5 % деңгейге жеткізбек;
  • 430 мың жаңа жұмыс орнын құрылмақ;
  • Шикізаттық емес экспортты $18,6 млрд дейін жеткізу;
  • Халықтың нақты табысын 6%-ға арттыру,
  • Микро-орта бизнестің экономикадағы үлесін 30%-ға дейін ұлғайту;
  • 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу;
  • Ауыл шарушалығы өнімдерін сырттан әкелуді 6%-ға азайтпақ;
  • Агроөнеркәсіп саласында 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Аналардың наразылығы үкімет отырысында айтылмады. Әлеуметтік желі қолданушылары  «тілі қазақшаға жүйрік бұрынғы үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың кезінде бүкіл жиын, әсіресе, айтулы кеңейтілген отырыстар тікелей эфирде берілуші еді» деп президенттің қатысуымен өткен жылдық қортынды жиынның жабық өтуін сынап жатыр. 

Бір қызығы, Асқар Маминнің президенттің қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінің 82,4%-ы  орысша, 17,6%-ы  қазақша. Үкімет басшысының сайтында жарияланған баяндама 2323 сөзден тұрады, оның тек 410 сөзі ғана мемлекеттік тілде. Қазақстан Республикасының үкімет жетекшісінің қазақ тіліне қатысты көзқарасы кез келген тіл жанашырын ойлантатыны анық.

Бұл мәселе тек премьер-министрдің ғана басында емес. Көптеген шенеуніктерден бастап президентте де бар «ерекшелік». Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев «300 ақордалық» кадрдың тұсаукесерінде ел жастарына үндеу жасағаны есімізде. Онда Ақорда жариялаған 2564 сөзден тұратын президент үндеуінің 1736-сы – орысша, 828-і ғана қазақ тілінде болған еді. Яғни мемлекет басшысының спичрайтері мәтіннің 67,7%-ын орыс тілінде дайындаған. Бұл бірінші рет емес. Желтоқсанда Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысындағы баяндаманың (3851 сөз) да тек 1288 сөзі (33,4%) ғана қазақ тілінде оқылды. Бұған дейін қыркүйектің 2-сі Тоқаев «Қазақстан халқына жолдауының» тек 25%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылған еді. Ондағы 5960 сөздің 1497-сі қазақ тілінде, ал 4463 сөзі орыс тілінде. 75%-ы орыс тілінде жасалған жолдау Қазақстан халқына арналды. Сондай-ақ 16 тамыздағы дәстүрлі Тамыз кеңесінде айтылған «тосын баяндаманың» 29,4%-ы ғана мемлекеттік тілде болды. Тоқаевтың Тәуелсіздік сарайында оқыған көлемді мәлімдемесіндегі 2414 сөздің 711-і ғана қазақ тілінде. 3/1-іне де жетпейтін бөлігі ғана мемлекеттік тілде жарияланды.

0 Пікір Кіру