Черная касса мен Котел ойындарына сенуге бола ма?  - на finance.bugin.kz
Бейсенғазыұлы Төлеужан - на finance.bugin.kz Бейсенғазыұлы Төлеужан

Маман жауап береді

Қазақстанда соңғы күндері "Черная касса", "Котел" деп аталатын, бар болғаны 14 300 теңге салып, бірнеше күнде еселеп, 114 400 теңгені қайтаруға мүмкіндік беретін ойын қарқын алып, қатарына көп адамды қосып жатыр. 

Бұл ойынның артында не тұр? Бұған сеніп, адам жинап, ақша салған адамдар бастарын қандай қатерге тігеді?


Ойын шарты бойынша адам 14300 теңге салып, администратор картасына жібереді.

Тағы адам тартып, 8 адам жинау керек. Сол сегіз адам жиналып болған соң, саған 114400 теңге түседі. 

Қазақстандықтарға қаржылық сауаттылық жайында дәріс оқып, білімімен бөлісіп жүрген танымал блогер Дәулет Тұрлыбайұлы тұрғындарды қаржы пирамидасына алданбауға шақырады. Instagram-да таралып кеткен ойын өте сенімсіз дейді ол.

"Черная касса" деп бір адамдарға көмек деп жатады, асар дейді. Мысалға, сіз бес адамның түрін көресіз, біреуіне көмектесесіз, келесі айда оған көмектесесіз, үшінші айда басқалары сол адамға көмектеседі. Ал енді Instagram-да белгілі бір адам төңірегінде бір-біріне көмек жасап жатады. Бір-бірін танымайтын адамдар реквизитке ақша аударады, одан кейін ол өзімен бірге адам әкеліп, оны тіркеу керек, айналып келгенде үлкен пирамида болып шыға келеді", - дейді ол. 

Оның айтуынша, пирамидалық бизнестің барлығы бір күні күйрейді.

"Пирамида қай кезде болмасын күйреген. Бастапқыда адамдар өзгелерді тіркеп, өзінің салған ақшасын алып мәз болып жататын шығар, бірақ ең соңғы адамды ойлау керек. Кім тұрғанын білмедім, бірақ менің постымның астында біреулер комментарий қалдырыпты: "Мен өзімнің салған ақшамды екі есе қылып қайтарып алдым. Бастысы сол ғой", - деп жазыпты. Сонда мұнда адамның эгоизмі басым. Өзім пайда тапсам дейді, өзінен кейін тіркелгендерді ойламайды", - деп ашынады қазақстандықтарға қаржылық сауаттылық төңірегінде білім беріп жүрген азамат. 

Айтуынша, әзірге алданып қалдық деп хабарласқандар жоқ.

- Әрине, кез келген пирамида басында пайдасын әкеледі. Қашанға дейін жалғасатынын білмеймін, бірақ бір апта, он күннен кейін алданып қалған адамдар жайлап шыға береді. Мысалы мына графикада бір қарағаннан білінбеуі мүмкін, бірақ аударып қарағанда пирамида екені көрініп-ақ тұр. Сондықтан алданып қалудан сақ болу керек, - дейді Дәулет Тұрлыбайұлы.

 

ҚР Қылмыстық Кодексінің 217-бабында "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бойынша қаржылық пирамиданы құрған және ұйымдастырған адамға айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады. 

Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету - мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал егер:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
4) ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып жасалған дәл сол іс-әрекеттер - мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.


0 Пікір Кіру