Қазақстанда мүлде кредит алмағандар саны белгілі болды - на finance.bugin.kz
Bugin.kz - на finance.bugin.kz Bugin.kz

7 млн 500 мың қазақстандық кредит төлеп отыр

Президенттің пәрменімен былтыр жалпы қарызы 3 млн теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешіріліп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге шектеу қойылса да, қазақстандықтар қарыз қақпанынан құтыла алмай отыр. 

Бірінші несие бюросының дерегінше, еліміздегі экономикалық белсенді 9 млн 230 мың адамның 7 млн 500 мыңының несиесі бар. Борышкерлер екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарына 26 трлн теңге қарыз. Айтпақшы елімізде мүлде қарыз алмаған 1,7 млн адам бар екен. Олар осы күнге дейін несие рәсімдемегенмен, екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарының болашақ клиенті саналады. 

Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның мәлімдеуінше, 26 трлн теңгені құрайтын несие портфелінің 7,4 трлн теңгесі немесе 25%-ы бөлшек несиеге тиесілі. 

«Борышкерлердің 80%-ы орта есеппен алғанда 316 мың теңге көлемінде кепілзатсыз несие рәсімдеді. Қарыз алушылардың азғантай тобының ғана кепілзатсыз несиесінің көлемі 5-10 млн теңгеден асып отыр. Бөлшек несиені, автонесиелендіруді, ипотекалық қарызды тұтас алып, халық санына бөлетін болсақ, әр қазақстандыққа 1 млн теңге қарыз жүктемесі артылады. Бұл санды орташа жалақыға бөлсек, ел азаматтары қарызға белшеден батып отыр деу қате болады. Себебі ресми мәлімет бойынша, қазақстандықтардың орташа жалақысы 204 теңге. Ал кепілзатсыз несие бойынша қарыз көлемі 316 мың теңге. Соңғы уақытта ел азаматтары қарыз жүктемесін ауырлатпауға, яғни тым көп қарыз алмауға тырысып жатыр. Мысалы былтыр алынған қарыздардың орташа көрсеткіші 170 мың теңгеден асқан жоқ. Атап көрсетерлігі несиенің 56%-ы кепілзатсыз берілді», – деді Әсем Нұрғалиева. 

Оның айтуынша, өткен жылы несие портфелі 22%-ға ұлғайған. 580 мың адам алғаш рет несие алған. 

«Өткен жылы 55,6 млн несие шарты жасалды. 5,4 трлн теңгенің тұтыну несиесі рәсімделді. 89 млрд теңге ипотеканы несиелеуге жұмсалды. 400 млрд теңге автонесиеге бөлінді. 600 млрд теңге кепілді несие ретінде берілді», – деді атқарушы директор. 

Әсем Нұрғалиеваның пікірімен қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов келіспейді. Сарапшының сөзінше, еліміздегі орташа жалақы туралы статистикалық дерек халықтың шынайы кірісін көрсетпейді. Салдарынан халық қарыз қамытын киіп отыр. 

«Адамдардың басым бөлігі «шықпа жаным, шықпа» деп күн көріп жүр. Олар статистикалық деректе көрсетілетін орташа жалақыны қолдарына алатын болса, қазіргіден әлдеқайда жақсы өмір сүрер еді. Ресми мәліметтерде орташа айлық 204 мың теңге деп көрсетіледі. Шын мәнінде адамдар 100-110 мың теңге шамасында жалақы алады. Қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын ақшасының көлемі күн санап көбейіп жатыр. Айлық жалақының 50%-ы азық-түлікке жұмсалып жатқанын ескерсек, жағдайдың қандай екенін түсіну қиынға соқпайды. Ел азаматтарының арасында күнделікті тамақты келесі айдағы айлығының есебінен қарызға сатып алып жүрген жандар бар. 7 млн 500 мың қазақстандықтың кредит төлеп отырғанының өзі халықтың қарызға бастан-аяқ батқанының нақты әрі айқын көрінісі», – деді сарапшы.

inbusiness.kz

0 Пікір Кіру