Санақ-2020: Бюджеттен бөлінген 8,2 млрд теңге ақтала ма? - на finance.bugin.kz
Bugin.kz - на finance.bugin.kz Bugin.kz

Биыл Қазақстанда халық санағы жүргізіле ме?

Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов жаһандық деңгейде өршіген пандемия кезінде Қазақстанда 2020 жылға жоспарланған халық санағы жүргізіле ма екенін айтты.

Жоспар бойынша, халық санағының алғашқы кезеңі 1-30 маусым аралығында өтуі тиіс еді. Алайда, Статистика комитетінің жауабында халық санағының алғашқы кезеңі кейінге шегерілгені айтылған.

«1-30 маусымға жоспарланған халық санағының алғашқы кезеңі, 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелерін шешу үшін арнайы құрылған комиссиясы отырысының шешімімен COVID-19 жағдайын есепке ала отырып кейінге шегерілетін болады», - делінген жауапта.

1-30 маусым аралығында интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығуы тиіс еді. Бұл кезеңде аудандастыруға дайындық жүргізілмек болған.

Статистика комитеті биылға жоспарланған халық санағының негізгі, яғни екінші кезеңіне де қатысты жауап берді.

«Негізгі халық санағын өткізу 2020 жылдың 1-30 қазан аралығына жоспарланған. Өз кезегінде бұл мәселе де COVID-19 жағдайын есепке ала отырып Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелерін шешу үшін арнайы құрылған комиссиясы отырысында қарастырылатын және Комитетпен жоспарланған бюджет шегінде өткізіледі», - делінген.

Еске сала кетейік, 2020 жылғы халық санағына дайындық және өткізу үшін 8,2 млрд теңге (8 млрд 211 млн теңге) қаржы бөлінген. Бұл 2009 жылғы халық санағының бюджетімен салыстырғанда 1,7 млрд теңгеге көп. Осыдан 10 жыл бұрынғы санақ бюджеті 6,5 млрд теңгені құраған. Ол кезде бір адамға шаққандағы шығындар көлемі - 2,9 доллар болса, биыл бір адамға - 1,2  доллар жұмсалады.

Азаттық рухы

0 Пікір Кіру