Жемқорлық балабақшадан басталып тұр - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Қылмыстың қай түрі болмасын, саналы түрде жасалады. Бүгінде мемлекеттік қызметте жүріп маңызды құжаттарға қол қойып, қызмет бабын асыра пайдаланған, заңсыздықтарға көз жұма қараған қызметшілердің әрекеттері аз әшкере болып жатқан жоқ. Бұл әсіресе, сенімді деп тағайындалған кадр саясатына сызат түсіріп жатыр. Ал, сол қылмыстың бастауында жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тұр


Құр сөзден дерек артық уақытта, нақты мәліметтер келтірейік. ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу жөнін­дегі комитетінің деректері бойынша 2017 жылы 2452 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмендеген. Алайда, ең көп сыбайлас жемқорлық фактілерін әкімдіктер, ішкі істер органдары және квазимемлекеттік сектор қыз­мет­керлері бұзатыны анықталған.

Жемқорлық сипатындағы қыл­мыстың көбіне қай салада орын ала­тынын халық жақсы біледі. Себебі жемқорлық халық үшін маңызды са­лаларда, шешімді қажет ететін қыз­меттерде жиі орын алады. Статистика да солай дейді. Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің дені білім беру, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау салаларында. Ал, жүйелі сыбайлас жемқорлық қыл­мыс­тарына Астана және Алматы қалалары, Қызылорда, Атырау және Жамбыл аймақтары бейім болып шықты. Мәселен, өткен жылы республика бойынша 108 жүйелі түрде жасалатын сыбайлас жемқор­лық фактілері әшкереленген.

Мамандар жемқорлықты алдын алудың тиімділігін растап отыр. Айталық, білім беру жүйесінде 201, денсаулық сақтау саласында 101, ауыл шаруашылығы саласында 183, ал құқық қорғау және сот орган­дарында 290 жемқорлық фактіле­рінің жолы кесілген.

Жемқорлық сипатындағы қылмыстың көбіне қай салада орын алатынын халық жақсы біледі. Себебі жемқорлық халық үшін маңызды салаларда, ше­шімді қажет ететін қызметтерде жиі орын алады. Статистика да солай дейді. Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің дені білім беру, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау салаларында. Ал, жүйелі сыбайлас жемқорлық қылмыстарына Астана және Алматы қалалары, Қызылорда, Атырау және Жамбыл аймақтары бейім болып шықты. Мәселен, өткен жылы республика бойынша 108 жүйелі түрде жасалатын сыбайлас жемқорлық фактілері әшкереленген.

Мамандар жемқорлықты алдын алудың тиімділігін растап отыр. Айталық, білім беру жүйесінде 201, денсаулық сақтау саласында 101, ауыл шаруашылығы саласында 183, ал құқық қорғау және сот органдарында 290 жемқорлық фактілерінің жолы кесілген.

Тізімнің басында білім саласының тұруы көпті ойлантпай қоймайды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің ресми сайтындағы Ұлттық баяндамада білім саласына қа­тыс­ты мынадай деректер келтірі­леді. Орта мектептерде, балабақшаларда, колледждерде аттестация өткізу кезінде сыбайлас жем­қорлық әрекеттері үшін Ақ­төбе, Алматы және Шымкент қалаларында Білім саласында бақылау департаменттерінің басшылары қылмыстық жазаға тартыл­ған. Қызылорда қаласындағы департамент басшысының пара алу жағдайы да кезінде ақпарат құралдарын шулатқан.

Мемлекеттік қызметке кір келтіру бағытындағы қылмыстың басым бөлігі қаражат мәселесіне тіреледі. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу және оны бағдарлама аясында бөлу кезінде түрлі заңсыздықтарға жол беріледі. Мамандар көбінесе кон­курс­та жеңімпаз атану үшін немесе жалған актілерге қол қою, қылмыстық келісім арқылы қаражатты ұрлау сияқты сыбайлас жемқорлық қылмыстары көрініс табатынын дәлелдеп отыр.

Білімдегі былықтың басы балабақшадан бастау алады. "Балапан" бағдарламасына бөлінген қаржыны балабақшалардағы балалар санын қолдан көбейту фактілері ел ішінде орын алып жатыр. Ұлттық баяндамадағы зерттеуге сүйенсек, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары бала санын жалған түрде көбейту ісінде Ұлттық қор бюджетінен қаражат ұрлағаны тіркелген.

Бұл берісі ғана, мамандардың зерттеуі білім саласындағы шетін мәселенің ұшын шығарды. Орта білім беру саласында ұрлау және теріс пайдалану қылмыстары, кадрлық мәселелер, "өлі жандар­ға" жалақы есептеу, жалған аттестаттар, сертификаттар және дипломдар беру істері де осы білім саласының маңайына топтасты. Мұның бәрі сыбайлас жем­қорлыққа қарсы заңнамаларды сақтау бойынша бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі нормативтік бекі­тілімінің болмауы, стратегиялық құжаттарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу механизмдерінің қарастырылмауы шаралардың тиімділігін тежеп тұр.

Білім саласының тамырын жемқорлыққа байлауы білімдегі сапаға да өз дәрежесінде салқынын тигізеді. Мемлекеттік бағдарламалардың қаржысын қол­ды ету, кадр тағайындаудағы ауызжаласу білімді азаматтардың санасын өзге арнаға бұратыны рас. Елден кетіп, өзге елден бақыт тауып жатқан қабілетті қа­зақтардың да жемқорлық сипатындағы қылмыстардың белең алғандығы уайымдатады. Білікті деген қазақ жігіттері мен қыздардың сырт елге көшуінің басты факторы да жең ұшынан жалғас­қан жемқорлықтың тамырлап алуының көрінісін сипаттайды.

Жемқорлық жайлаған саланың бірі - жер саласы. Парақорлық, алаяқтық және жер учаскілерін берудегі лауазымдық өкі­леттілікті кері пайдалану қыл­мыс­тары бүгінде былықтың басын ашып беруде. Агенттіктің талдау қорытындысына иек артсақ, ҚР Жер кодексінің 44-1 бабының бұзылуы, ашық бос жер участкілері бойынша ақпараттың жоқтығы, кезекте тұрған азаматтар тізімімен манипуляция жасау сынды әрекеттер жиі орын алған.

Қалай десек те, араны ашыл­ған азаматтардың заңнан айналып өтіп, жемқорлыққа жол беруі елдің барлық саласының дамуына тежеу қояды. Мұны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әлеуметтік зерттеу жүргізген талдау қорытындысына қарап айтуға болады. Зерттеу­ге қатысқан халықтың пікірін­ше, ел ішіндегі жемқорлықтың салқыны ең әуелі бизнеске әсер ететінін жасырмаған. Сандармен сипаттасақ, сыбайлас жемқорлықпен соқтығысқан азаматтардың үлесі Қазақстанның мемлекеттік органдарында 19,9% құраса, 29,9% жеке кәсіпкерлер құқық бұзушылық көріністерімен бетпе-бет келген. Ал, аймақтарға талдасақ, сыбайластық сипатындағы қылмыстар көбіне көп Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, және Атырау облыстарының азаматтары ұшы­рас­­қан. Бұл ретте басым бөлі­гінде азаматтар салық қызметі, денсаулық сақтау, құқық қор­ғау, білім беру, еңбек инспек­ция­сы мен жер қатынастары саласындағы мемлекеттік органдарға тап келген.

Бұл өткен жылдың еншісіне тиген деректер. Ал, осы жылдың басынан бері мемлекеттік қызметкерлер мен сала басшыларының қызметтік мансабымен қош айтысқаны туралы фактілер айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен, нақты фактілер ҚР Мем­лекеттік қызмет істері агенттігінің қорытынды ақпаратында әлі де түсе қойған жоқ. Бірақ, жауаптылардың сөзіне қарап жемқорлық жайлаған салалардың өзгере қоймағанын аңғару қиын емес.

Қызмет қолдың кірі дейміз. Пара беру мен пара алу да жауапкершіліктен босатпайды. Соңғы жылдардағы қарқынды қимыл жемқорлыққа жаны үй­ренген азаматтардың жауапкер­шілігін тәртіптік істе қарап, тиісті жауапқа тартылатынын дәлелдеп отыр. Бұл қызметке енді ғана аяқ басқан жас шенеуніктердің аяғын тартып басуына, заң шеңберінен тыс жұмыс жүргізудің соңы жауапкершілікке апаратынын дәлелдейді. Бірақ, пенделік тіршілік пен уақытша қызметтің көз байлайтыны жемқорлыққа алып барады.

Жемқорлыққа қарсы қалқан болатын тек заң ғана емес, жеке адамның адамгершілігі, өмірлік көзқарасы. Бұл белгілі сарапшылардың осы тақырыпқа айтар ойы. Ал, жемқорлықпен күресуді қолға алған орган қызметкерлері әлеуметтік кеселді тек қоғам болып күресе алатынын айтудан жалықпайды. Таразы басында түрлі көзқарастың қылаң беретіні ақиқат. Дегенмен мемлекеттік қызметкер заңға бағынып, этикадан аттамаса, қызметтік мансабын асыра пайдаланбаса, пара алу мен берудің жолы кесілер еді. Алайда майда шабақтардың кейде қармаққа ілініп, ірі шортандардың көзге көрінбей кететіні де жемқорлықтың тамырының тереңдеп бара жатқанын көрсетпей ме?


0 Пікір Кіру