Қабілетті қазақ жастары Америка асып, нәпақа іздеп жүр - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Қабілетті жастар неге басқа елге кетуге құмар?

"Салам, Нью-Йорк" деген киноны көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз уақыт бөліп, қарай салыңыз. Алып шаһар Нью-Йоркке арман қуып, білім жетілдіруге келген жас жігіт көше кезбелеріне кезігіп, қаржысы қолды болып, бір сәтте ақшасыз қалып, сан соғып қалады. Бейтаныс ортада еңсесін түсірмей, ебін тауып жұмыс іздейді. Жалданып жұмыс істеп, тіл сындырады. Ағылшын тілін де толық сөйлей алмайтын жас жігіттің басынан кешкен оқиғалары көп жасқа, бүгінгі тілмен айтқанда, "мотивация" болары анық. Әңгіме, кино не мотивация хақында деп ойлап қалмаңыз. Айтпағымыз басқа. 

Қазір университет оқып жат­қан студенттердің жартысынан көбі сабақтан тыс жұмыс істеп, ақша тапқанды қолай көреді. Оқу ақысы, киер киім, ішер асқа қа­жетті қаржыны өздері өтеуге көш­кен жастардың нарық талабына бағынуы қалыпты жағдайға ұласып барады. Ақша тапқанның айыбы бар ма? Алайда, оқырмандар арасында жастайынан қызмет істеп, ақша тауып жүргендерді дұрыс бағыт деп қарамайтындары бар. Себебі оқу мен жұмысты қатар алып жүру толыққанды білім алуға кедергі келтіреді деген пікірлер де аз емес.

Қомақты ақша табуды көздеген жастар соңғы 15-20 жыл ішінде шет ел асып, әлем елдерінде түрлі қызметтер атқарып, оқуына қажетті қар­жыны жинап, қайта елге оралуда. Әсіресе, жұмыс күшін қажет ететін Америка Құрама Штаттарына аттанып жатқан қазақ жастары көп. Ол үшін студенттер "Work and Travel" бағдарламасы арқылы белгілі мөл­шерде қаржы төлеп, Америка асып, нәпақа іздеудің жолына кіріседі.

"Work and Travel" - тіл үй­ре­ніп, ақша тауып, саяхат жасауға мүмкіндік сыйлайтын бағ­дарлама. Қырықтан астам елдерде кеңінен таралған бағдарлама тек күндізгі бөлімде оқитын студенттерге бағыт­тал­ған. "Work and Travel" тек АҚШ-қа ғана тиесілі жұмыс бағ­дарламасы. Жаз мезгілі уақытында студенттер табыс табу үшін Америкаға ағылады. Ол үшін студенттер Құра­ма Штат жанынан құралған оқу агенттіктерінің көмегіне жүгініп, тиісті төлем жүргіз­ген­нен кейін ғана жұмыс істей алады. Бірақ, ел арасында "Work and Travel" бағдарламасы жайында екіұдай пікірлер толып жүр.

"Work and Travel" жастар үшін қай жағынан тиімді? Санамалап айтар болсақ, ең бас­тысы - қомақты ақша. Себебі Америка әлемнің барлық ұлт­тарын бір арнаға жинайтын алып ел. Әрі бизнестің де қайнап тұрған мекені. Жастар үшін жұмыс көзін ұсынатын бірден бір мемлекет. Бағдарламамен келген әрбір жас тек сатушы, даяршы, фаст-фуд өнімдерін саудалаушы, қонақ үй қызметкері, бизнес орталықтың маманы қызметтерін атқара алады. Білім агенттіктерінде жарияланған мәлі­мет­терде, сырттан келген студенттерге сағатына 10 АҚШ доллары төленеді, кейбір деректерде 15-20 доллар деп көрсетіледі. Бірақ, белгіленген уақыттан артық қызмет істеген жастар over time, яғни айлықтан 1,5 есе ақы алады екен. Енді бағамдай беріңіз, күніне 8 сағат жұмыс істейтін студент кем дегенде 80 доллар, яғни теңгеге шаққанда 30 мың теңгедей қаржы таба алады. Дегенмен, оған қол жет­кі­зудің өз жолдары бар. Оған сәл кейінірек қайтып келеміз.

"Work and Travel" бағдарламасымен АҚШ-қа баратындардың дені жұмыс істей жү­ріп, тіл меңгереді. "Таза ағылшын мәдениетінің тоғысқан ортасында жүріп, 3 айда еркін тіл меңгеріп кетуге болады" дейді олар. Себебі сату саласында көпшілікпен жұмыс іс­теу арқылы ағылшын тілін мең­геру әлдеқайда жеңілірек. Мұның өз алдына қиындығы да жоқ емес. Алғаш рет Америкаға келген қазақ жастары жұмыс берушінің талабынан бөлек, тіл үйренуде қиындықпен бетпе-бет келеді. Оның үс­тіне америкалықтар өте эмоционалды келетіндіктен, басшы мен жұмысшы арасындағы түсініспеушілік қазақ жастарында да аз емес екен. Бірақ, жұмыс істей жүріп тіл меңгеру ақылы курстан әлдеқайда нә­тижелі.

Соңғы пайдасы - саяхат жасау. Жұмыс уақытынан кейін қа­зақ жастары Американың жұрт көп баратын көрікті жерлерін көруге мүмкіндік алады. 3 ай ішінде елдің ішкі тәртібі мен табыс түсірер салаларын біліп қайтады. Бұл бюджеттік туристер секілді санаулы күнде Американы аралау емес, сол елдің өмір тіршілігіне бой үй­ретуден басталады.

Міне, "Work and Travel" бағдарламасының осындай тиімді тетіктері бар. Дегенмен, еске ұстайтын бір жайт. Бағдарламамен барып келген студенттер арнайы агенттіктің қызметін толық зерттеп алу керек дегенді құлаққағыс етеді. Себебі жұмыс көзі бар деп шақыруға алданып, сырт елде сан соғып қалатындар да аз емес екен.

Мағжан Жораұлы "Work and Travel" бағдарламасымен жұ­мыс істеген жастың бірі. Оқу бітіргеннен кейін қайта Америкада қалып, сонда қызмет істеп келеді. Ол arhar.kz сайты­на берген сұхбатында бағдарлама арқылы барған жағдайда алданып қалмауға кеңес берді.

- Кейбір орталықтардың "виза алсаң болды, қалған жұ­мыстар барғаннан кейін бола береді" деген сөзіне алданбау керек. Келер кезде бәрін анықтап, қай қалаға, қандай жұмыс­қа бара жатқаныңды мұқият білген абзал. Қаржы жағына ке­лер болсақ, студент аптасына минимум 40 сағат жұмыс іс­тей алады. Яғни, аптасына 350 дол­лар алады. Ал, мұнда студент аз уақытта көп ақша табу үшін 2 жұмыс істейді.Демек, 1 аптада 700 доллар табады. 1 ай­да 4 апта бар десек, орта есеппен 1 айда 2400 доллар табыс та­бады.  Оның 400 доллары тұ­рақтаған үйге, 250 доллары тамаққа, 30 доллар телефонға және 150 доллары транспортқа жұмсалады. Жалпы, осы аталған шығындардан бөлек, 6000-7000 доллар ақша жинап қайтуға болады. 

"Work and Travel" бағдарламасымен бару үшін ең алдымен ағылшын тілін жетік білу керек. Емін-еркін сұхбат жүргі­зіп, бизнес тілін меңгерген жас­тар үшін тіптен басымдық беріледі. Тіл білгеннен басқа, АҚШ елшілігімен жұмыс ат­қаратын арнайы білім агенттіктерінің көмегіне жүгініп, кем дегенде 2500-3000 доллар қар­жы төлеп, Америкаға аттана аласыз. Мұнан кейін елшілікпен және жұмыс ұсынатын кә­сіпкермен жеке әңгімелесуден өту керек. "Агенттік жұмыс тауып бергеннен кейін әрі қарай қызметті иіріп алып кету не ор­та жолдан тоқтату студент­тің өзіне байланысты. Мұнда же­ңіл ойлап, жалқаулыққа салынуға болмайды" дейді. Оны Мағ­жан Жораұлының мына бір айтқан сөзінен аңғаруға болады.

- Жұмыс істеу оңай дей алмаймын. Өйткені таңғы алтыда тұрып, мұнда көлікке аса мүм­кіндік болмағандықтан, велосипедпен жұмыс орнына 1-2 сағатта барасың. 16 сағат тоқтаусыз жұмыс істейсің. Кей­бір студенттер аз уақытта көп ашқа табу үшін денсаулықтары мен шамасына қарамай екі жерде жұмыс істеп, жылап жүретін жайттар да бар. Сонымен қатар, Америкада еңбекақыны бермей қою, студенттің ақысын жеу деген түсінік жоқ екенін баса айт­қым келеді. Заң қатал. Келеңсіз жағдай болған күннің өзінде жазалайды,- дейді Мағжан.

Тақырыпты зерттей келе мына мәселеге көзіміз жетті. "Work and Travel" бағдарламасымен студент жастар ғана бара алады. Демек, студенттер - жоғары оқу орнында білім жал­ғас­тыратын келешек маман ие­лері. Алайда, бағдарламамен шет асып жатқан қазақ сту­дент­тері туралы мәліметпен ҚР Білім және ғылым министрлігі айналыспайтын болып шықты. Министрліктің баспасөз бөлімімен байланыс­қанда "бұл мемлекеттік бағдарлама емес, сондықтан "Work and Travel" бағдарламасына жауап бермейміз, Халықаралық қар­жы орталығына хабарласыңыз" деп жауап берді. Ізін ала орталыққа хабарласқанымызда, тура осындай жауап алдық. Сон­да "жаз мезгілі уақытында Америкаға барып жұмыс іс­тейтін студенттердің жағда­й­ын кім біліп жатыр?" деген ой келеді. Бірақ, интернетті ақтара келе, АҚШ елшілігімен бір­лесе қызмет атқаратын "Kazakhstan Council for Educational Travel" білім агент­тігіне хабарластық. Бұл сол агенттікке ғана өтініш қалдыр­ған студенттер жайында мәлі­мет беретін орталық екен. Ресми хат жолдаған едік. "Директордың жұмыста болмауына байланысты, ақпарат бере алмаймыз. Басшы келгеннен ке­йін өзі айналысады" деген жауапқа қанық болдық. Осылайша, студенттердің нақты қаншасы "Work and Travel" арқылы шет елге барғаны туралы мәлімет кезіктіре алмадық. Бірақ, бейресми дереккөздерде "қазақстандық 2000-ға жуық студент Америкаға аттанған" де­ген ақпаратқа көз түсті.

Хош! "Work and Travel" бағдарламасының жан-жақты тиімділігі барын білдік. Тіл үйреніп, саяхат құрып, қомақты ақша тауып қайтуға мүм­кіндік табылады. Дегенмен, жеке агенттіктер Америкада қалып қоятын жастардың бар екенін жасырмайды. Себебі Америка жастарға мүмкіндік беретін әрі қолайлы ел деген нұсқалар да кезігіп жатыр. Бірақ, сан соғып, ақшаға алданып қалған қазақ студенттерінің бар екені туралы ресми ақпарат болмағанымен, ел ішінде ішінара айтылып жүр.

Осы айтып өткендей, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болуың керек-ақ. Қазақ баласының, қазақстандықтардың жалпы ел ішінде өзінше кәсіп ашып, ел экономикасын алға бастауы құптарлық әрі маңызды мәселе болып қала беретін-ді. АҚШ асыпай да, елдің іргесінде жүріп жұмыс жасауға және нәпқаңды жалғыз таппай, көп болып бірге бөлісе отырып жұмылуға болады. Мәселен, шағын не орта кәсіп аша отырып, айналаңдағы жұмыссыз жүрген жастрады жұмысқа тартуға және оларға барынша жағдай жасауға болады. Кәсіп жасағанның бәрі үй не көлік алу үшін емес, сол кәсіп арқылы үлкен мүдде жолында жұмыс жасайды. Шындығында, жастардың білімді толыққанды алмауы және тәуекелге бара алмауынан кәсіп ашуға деген, оның бастауға деген ниеті де болмайды, тіпті болды деген күннің өзінде шамасы жетпей жол ортадан тоқтатады. Сол үшін де елімізде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірнеше бағдарлама, жобалар бар. Әсіресе, енді кәсіп саласына келіп жатқан жастарға арналған оқу орталықтарының арнайы тегін семинарлары және экономикалық жақтан қаржы сауаттылығын игеруге болатын бірнеше атқарылып жатқан жұмыстар бар. Мұның бәрін жоққа шығаруға да болмайды, сондықтан, қазір екі қолға бір күрек табуға болатнын түсіну керек және барынша жұмысқа ат салысу өте маңызды. 

P.S."Өз елінде білім алып, сырт елде жұмыс істеуді жөн көретін жастар келешегін Қазақстанмен неліктен байланыстырғысы келмейді?" деген сауал тұрады көкейде. Өзге жұрттың экономикасына қызмет етуді ойлап тұратын жастарды өз жерімізде ұстап тұруға не кедергі? Жұмыссыздық па әлде білімге деген көңілдің толмаушылығы ма? Жемқорлықтың да ұшы осы мәселеге тіреліп тұрған жоқ па?

Қалай дегенмен де қабілетті жас Құрама Штатқа емес, ең әуелі Қазақстанға керек емес пе?!


Абай ТАҒЫБЕРГЕН

0 Пікір Кіру