Корпоративтік университеттер керек пе? - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Сіз қалай ойлайсыз?

Қазір білім саласы трансформация кезеңін бастан кешіріп жатыр. Әсіресе, жоғары оқу орнының сапасын көтеру, бәсекелестікке жауап беру сынды жаһандық талаптар таптаурын ұстанымдарды бұзуда. Ірі экономикалық форумдарда мінбелерден айтылып жүрген тақырыптың бірі осы жоғары оқу орны, яғни маман даярлаудың сапасын көтеру. Бұл ретте қазірдің өзінде қолға алынып жатқан академиялық еркіндік беру, қаржылық дербестік алып беру, ректорларды сайлаудың қоғамдық тетігін енгізу сынды қадамдар нарық талабына дер кезін¬де жауап беруді меңзейді. Себебі осы кезге дейін университеттердің білім сапасына қатысты сын да, ұсыныс та аз айтылмады. Ал, әлем елдері осыдан 20 жыл бұрын бұл проблемамен бетпе-бет келіп, маман даярлаудың кәсіби жолын дамытудың жолын тапқандай. Ол әрине, корпоративтік университеттер құру. 

Жә, "корпоративтік уни­­­верситет деген не?", "Оның біз көріп жүрген университеттен айырма­шы­лығы қандай?", "Қа­зақс­танда мұндай үлгі бар ма?" деген сауалдар оқыр­ман көкейінде қалып     қо­юы мүмкін. Осы себепті де аптадағы "Тілші түйіні" ай­да­рында осы мәселеге екпін түсірдік.

Сонымен, корпора­тив­тік университет деген әлем­дік нарықта өз орнын қалыптастырған алпауыт компанияның жанынан құрылған университет. Қа­рапайым тілмен қайыр­ғанда, маманның кәсіби әлеуетін, білім деңгейін арт­­тыру. Төрт жылдан ке­йін­гі тоқтап қалған білімін өндіріспен ұштастыра оты­рып оқыту. Бейресми де­рек­терге сүйенсек, әлемде кор­поративтік универси­тет­тердің ұзын-саны 2 мың­­­ға жуықтапты. Демек, шетел қаржыгерлері корпо­ративтік университтердің қажет екенін уақыт өткен сайын сезініп келеді.

Корпоративтік универ­сит­тер қаптаған қағазбас­тылық немесе жоғары жақ­­тың бұйрығына жауап беріп отыруды мақсат тұт­пайды. Яғни, есеп беріп отыруды көздемейді. Сапа мен маман біліміне басым­дық береді. Себебі корпо­ра­­тивтік университеттер компанияның даму жолы­на жұмыс жасайды, яғни на­рықтағы бәсекелестікке төтеп беруге әрекет етеді. Со­ған сай, компаниялар ма­­манның біліміне бар жағ­дай жасайды. Бұл маман­дар­дың өз саласын жетік бі­ліп қана қоймай, анали­тик маман болып қалып­тас­уына жол ашады. Сырт елде білім жиып келген саясаттанушы Нұрмұха­мед Байғараев жаһандық нарық саясаты өз жұмы­сын­да уақыт өткізіп кете­тін адамдарды емес, сыни тұрғыдан ойлай алатын мамандардың қажет еке­нін алға тартады. Ал, "оған апаратын жол - корпора­тив­тік университтер құру" дейді фейсбуктегі жеке парақшасында.

- Шетелде әр компа­ния­ның өз оқыту орталы­ғы не универі бар. Мыса­лы, Apple, McDonalds, Danone - бәрі ашып алған. Керек десеңіз, көрші Ре­сей­де Сбербанк, Евросеть, Газпромда бар. Кәсіби тұр­ғыда жетіле білу, мәндес мамандықтарды қоса мең­геру - сұраныстағы маман­ға қойылатын талап болып бара жатыр. Оған ең алды­мен маманның өзі, одан кейін оның басшылығы мүд­­делі болуы керек. Се­бе­бі білім мен ақпарат жыл­­дам жаңарып жатқан­да, трендке ілесу үшін 21 жаста алған дипломым бар еді деп отыра беруге бол­майды,-дейді Нұрмахамед Байғараев.

Әлемдік ықпалдас­тық­­тан ажырай алмайты­ны­мыз анық. Қазақстанда да корпоративтік универ­ситет үлгісін алғаш болып "Самұрық Қазына" ұлттық қоры ашты. 2009 жылы нақ­ты корпоративтік уни­верситет ретінде ашылған ор­талықтың сайтындағы мәліметке көзіміз түсті. Рес­ми ақпарға сүйенсек, соң­ғы кезде "Самұрық Қа­зына" қоры 218 корпора­тивтік семинар, 24 Е-Lear­ning курсы, 22 инфос­се­сия курсын оқытқан. Барлығы 17814 адам кәсі­би білім алып шыққан. Де­генмен "Самұрық Қазы­на­ға" көп­тің қолы жете бер­мейді. Орын саны шектеулі, әрі ең таңдаулыларды таңдай­ды.

Самұрықтан бөлек, 2012 жылы Қазақстанда екінші корпоративтік университетті BI Group компаниясы ашты. 100-ден аса маман шетелдік топ менеджерлердің тәжірибесін сіңіріп, АҚШ, Германия, Корея мен Жапония сынды мемлекеттерге өн­ді­рістік тәжірибеден өткен екен. Қа­рап отырсаңыз, шетелдік нарыққа ті­келей шыға алатын ірі компания­лар ғана корпоративтік университет ашуға қауқарлы. Сарапшылар біздің елде корпоративтік білім беру әлі де жолға қойылмағандығын мойын­дай­ды. Ал, экономика ғылымда­ры­ның кандидаты Нұрлан Құлмырзаев "Қазақстанда корпоративтік уни­вер­сит­тердің көбейгені жақсы, әсіресе аймақтарда көптеп ашу керек" дейді. Дегенмен, білімдегі жүйе, әрі қол­да­ныстағы заң корпоративтік уни­верситтер құруға мүмкіндік бермей­ді дейді ол бізбен әңгімесінде.

- Корпоративтік университет құру - шетелдік тәжірибе. Бұл дұрыс қадам. Алайда, бізде диплом беретін тек мемлекеттік жоғары оқу орын­да­ры немесе орта арнаулы оқу орын­дары. Ал, корпоративтік универси­тет­тер тек сертификат беруі мүмкін, бірақ ол біліктілікке саналмайды. Мұ­ның басты проблемасы да осын­да. Біз көп жаңашылдықтарды енгіз­гіміз келеді, алайда бізде оған жүйе дайын емес.

- Бүгінде кәсіптік салада дуал­дық оқыту жүйесі еніп жатыр. Бұл да корпоративтік университет құру­дың бастамасы іспетті. Меніңше, бізге арнайы оқу кампусын ашпай-ақ бюджеттік шешімдерді қабылдау арқылы дуалдық негізде универси­тет­терді дамытуға болады. Алайда, тағы бір мәселе туындайды. Қазақ­с­тан­да дуалды оқытуда өндіріс пен оқу ор­нының арасында келісім болғаны­мен, нақты кәсіпорынға нендей пай­да келтіретіні, мемлекеттен нақты бір міндеттемелер жоқ. Сондықтан бұл мә­селеге біржақты қарауға болмай­ды,-дейді Нұрлан Құлмырзаев.

Шындығында, мамандардың сө­зі­нің жаны бар. Бүгінде Қазақс­танда өз саласында батыл ой айта алатын, саланы сараптай алатын мамандар шоғыры әлі қалыптаса қойған жоқ. Экономист Нұрлан Құлмырзаев ана­ли­тиктерді даярлайтын арнайы орта­лық­тардың тек санаулы мамандық­тар емес, барлық салаға қажет еке­нін ашып айтты.

- Қазіргі таңда қазақ ресурсында өз ойын ашық әрі еркін жеткізе ала­тын сарапшылар аз. Оның барлығы уақыт ағымымен келеді. Әрине, көп­теген жастар аналитик болуға өздері ұмтылып жүр. Дегенмен, олардың са­ны көп болуы қажет. Сарапшы болу­дың өзі кез келген кризистік шешім­дер мен креативтік ойлау деңгейі арт­тыруды қажет етеді. Себебі саланы білетін аналитиктер барлық мәлімет­тер­ді жинап, талдай отырып, мәселе­нің шешілу жолын ұсынатын адам­дар. Сондықтан да бізге мұндай ма­мандар институты қалыптасуы керек,-деді Н.Құлмырзаев.

Ресейдің қоғам қайраткері, Эко­но­­мика жоғары мектебінің ректоры Ярослав Кузьминов өткен жылы Гарвард форумында алдағы 5 жылда университеттердің бірнеше үлгісіне талдау жасаған еді. Айтуынша, ке­лешекте жаһандық жобалық зерттеу университеттері, шығармашылық жобалар үшін инфрақұрылымды қам­тамасыз ететін университеттер, онлайн білім беру алаңдары, кәсіби қауымдастық орталықтары мен корпоративтік университеттердің дәурені жүретінін болжап отыр. Көрші Ресей бұл жағдайға ертерек дайын болуға шақырып тұр. Демек, бұл уа­қыт өте келе біздің елде де өзекті болмақ.

Түйін. Корпоративтік универ­ситет ашу әзірге тек ұлттық компаниялар мен нарықта өз орнын қалыптас­тырып үлгерген компанияларда ғана жүзеге асып жатыр. Оның өзінде де жас­тардың бәрі бірдей бұл универ­ситетке оқуға мүмкіндік ала алмай­ды. Себебі орын саны шектеулі, бә­секелестік жоғары. Бұған қоса кор­поративтік университет арнайы білім дәрежесін алып бермейді, яғни тек сол бір саланың маманы болып қа­лып­тасуға мүмкіндік береді. Деген­мен, жаңашыл жүйеге оң көзқарас­пен қарайтын сарапшылар елімізде бұл мәселені жолға қоюға болатынын айтады. Тек бұл есеп беру үшін құры­ла салмауы керек. Егер де бас-аяғы 5-10 жылда болашақты болжай біле­тін, жаһандық білімдегі трендтерді ен­гізуде озық идеялары бар аналитик­тер даярланса, Қазақстан кадр сая­са­тында кездесетін проблемалармен күресудің нақты механизмін таба алады. Біз көтерген тақырыптың түйіні осыған саяды.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

0 Пікір Кіру