Келешектің мамандықтары  - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Жүргізушісіз көліктің пайда болатыны секілді роботтың да өндіріске еніп, қоғамға қызмет етіп жатқанына жұмыр басты пенденің көзі үйренуде. Бұл бас-аяғы 10-20 жыл ішінде жаһанданудың лебімен келіп жатыр. Әрине, қазір ІТ саласына бас қатырып жүргендердің дені "келешекте қандай мамандықтар болады?", дәстүрлі мамандықтар түбірімен жойылып кете ме?" деген сауалдарға шама-шарқынша зерттеу жүргізіп, болашақты ба-рынша болжап жүр. Ал, том-том кітап арқалап жүрген ғалымдар "жаңа технологияның ғаламаты арқылы мамандықтар әлемінің жаңа дәуірі бас-талады" деген байламға келіп отыр. Алысқа қарайлап, зерттеуге зер салсаңыз, өзіңіз де мамандықтардың уақыт ағымына сай ескіріп, адамзат ойлап көрмеген жаңа мамандықтардың қоғамға еніп жатқанына бой үйрететін уақыттың жақындап қалғанын сезесіз. Ендеше, келешектің мамандықтары қандай?

Әлбетте, таяу уақытта мамандық өзгереді деген сөз құр айтылғандай кө­рінуі мүмкін. Дегенмен шет елдің сарапшылары "2030 жылға дейін қазіргі еңбек етіп жүрген маман­дық­тардың жойылып, ор­нын жаңа мамандықтар ба­сады" дегенге сендіріп отыр. Біз де бұл тақырып аясында зерттеу жүргіздік. Байқағанымыз, Қазақ­-с­тан­да жаңа мамандықтар жа­йында жан-жақты ақ­параттар жоқ, бар болғаны білім саласындағы білікті мамандарының сұхбатта­рында ішінара айтылып жүр. Дегенмен бұл келе­шекке алаңдайтын, жа­һан­­данудың игілігін көре­тін өскелең ұрпақ үшін әлі де жауабы жоқ сұрақтар қалып отыр. Осы себепті де біз 2500 аналитик ма­ман­дардың келешекке де­ген көзқарасынан туған жаңа мамандықтар жа­йын­да жазған зерттеу қо­рытындысын қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсыну­ды жөн көрдік.

БУХГАЛТЕР МЕН ЗАҢГЕРГЕ СҰРАНЫС БОЛМАЙДЫ

Өз саласында талай тақырыпқа зерттеу жүргізген Ресейдің 2500 ғалымдары 2030 жылға дейін 60-қа жуық мамандық қоғамнан шет қалады деп отыр. Тізімнің басында кезінде престиж мамандық саналып келген заңгер мен бухгалтерлер бар. Анығын айт­қанда, бүгінгі партада отыр­ған бастауыш сынып оқушылары кітапханашы, нотариус, несие менеджері, маклер, журналист, референт, аудармашы, логист, диспетчер мамандықтарына таңдау жүргіз­беуі керек. Бұл келешекте қоғам қажетінен шығып қалатын салалар. Мәселен, несие менед­ж­ерін алайық. Қазіргі күні онлайн кредит берудің қарқыны күшейіп жатқанда адам көме­гінсіз компьютер арқылы несие рәсімдеуге болады. Демек, банк жағалап, менеджер­дің қызметін күтіп отыратын уақыттан алыстайтын кез келеді. Ал, ғалымдар ке­лешекте кітапханашының кө­мегіне зәру болмайтынын айтады. Себебі 2030 жылға дейін дүниежүзінде барлық кітаптың базалары жасақталып болады. Яғни кез келген адам елді мекенге қарамай онлайн тізім арқылы қажетті кітаптарын электронды алып, пайдалана алады. Нотариустың да қыз­меттен ажырайтын уа­қы­ты жақындап қалыпты. Бар­лық мәліметтер базасы цифрлы технологияға көшіп жат­қан­да нотариус қызметіне жү­гі­нудің қажеті шамалы. Ал, әрі­сі 5 жылда маклер маманының керегі болмай қалады. Үй­ден шықпай-ақ, түрлі сайт­тар арқылы үй жалдап, уақыт үнемдеп жүргендер қазірден де табылады. Демек, бұл ма­ман­дық­қа адамзат зәру емес. Журналистің де қоғамға қаншалықты қа­жеттілігі туралы сарапшылар шетелдің Blom­berg агенттігінде тәжірибе жү­зінде дәлелдеп көрген екен. Айтуларынша, бүгіннің өзін­де дамыған мемлекеттерде өзі мәтін жазып, өзі аударып, өзі репортаж жүргізетін роботтардың шығып жатқанын алға тартады. Демек, жасанды интеллект арқылы 20 жылда журналистің қызметін жасанды интеллект басуы мүмкін. Әрине, бұл әзірге теория мен нарыққа негізделген болжам.

Мұнымен қоса мамандар жұмысшы мамандықтарының ішінен де сұранысқа ие болмай қалатын жұмысшылардың да бар екенін жасырмайды. Олардың қатарында пош­ташы, курьер, күзетші, шахтер, прораб, тігінші, тазалаушы, даяршылар бар.

Аңдап қарасаңыз, мамандар тізбелеген мамандықтардың 10-15 жылдан кейін қа­жет­тілігі төмендейтініне көзің­із жетеді. Дегенмен, бұл мамандар қайда қалады деген сұрақ оқырманның ойын арбайды.

Адам еңбегін сонда кімдер ба­сады? Әлбетте, бірінші кезекте роботтар. Өндіріс орындарындағы технологиялық қыз­­меттің 90 пайызын роботтар атқара алады. Ал, технологияның тілін тауып, ебін біл­гендердің 10 пайызы атқарыл­ған жұмысты бақылап, роботтардың қызметін реттеп отырады.

Екіншісі - жасанды интеллект. Ғылымның ғаламаты арқылы ойын еңбегінде адамдар мен медицинадағы операциялар, дұрыс диагноз қою сынды маңызды қадамдар жасанды интеллект арқылы шешілмек.

3D принтерлер де өндірісте еңбек ететін жұмысшыларды нәпақадан айырады. 3D принтер арқылы киім-кешек, тұр­мыс­тық заттар, жиһаз, автомобиль бөлшектерін жасап шығара алады. Демек, жиһаз құрастырып, киім-кешек тігетін адам­­дардың жұмыссыз қалуы бек мүмкін.

Жаһанданудың технологияларына көзі жеткен ғалымдар үшін бір айқын дүние бар. Технологиялар шығармашылық адамдардың орнын баса алмайды. Ой әлемін қуалап, тұла бойынан дарыған өнерді компью­тер атқара алмайды. Осындайда жан дүниенің өнері бәрінен де биік екеніне көз жетеді. 


0 Пікір Кіру