2030 жылы пайда болатын жаңа мамандықтар  - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Олар қандай мамандықтар?

Қазір көпшілік жаңа мамандықтар десе елең ете қалады. Онысы түсінікті. Бауыр еті баласының келешекте қандай маман болатынына алаңдамайтын ата-ана жоқ. Ресей зерттеушілері де 2030 жылға қарай жаңадан 183 мамандық келіп қосылатынын зерттеуіне арқау етті. Әрине, біз тізбелейтін бұл мамандықтар дәл бүгін не 2030 жылы адамзат өміріне ене қалады деген сөз емес. Қазақстан да озық елдердің дамуымен иық теңестіруді көздейтінін ескерсек, 2050 жылға дейін жаңа мамандықтар өндіріске еніп қалар деген болжам да жоқ емес. Сонымен  жаңа мамандықтарды сала-саласы бойынша  жіпке тізелік. Алдымен жаратылыстану бағытындағы мамандықтарға орын берсек.

Медицина саласы. Медицина тоқтаусыз жүретін сала. Үне­мі дамуды әрі жаңашылдықты талап етеді. Сырқаты күрделі аурулардың диагнозын тура та­бу, ота жасау, дәрі-дәрмек шы­ғару сынды медицинадағы жауапты міндетті орындауда жо­ғары білімді мамандар қажет. Ендеше, келешекке адам жанына қызмет ететін медицинадағы мамандықтар мыналар:

ІТ медик. 2020 жылы пайда болады. Бұл маман иелері диагностикалық аппараттар арқы­лы адамның физиологиялық мәліметтерін жасап шығарады. Жеке адамның денсаулық парағынан бастап барлық аурудың пайда болу себептерін мәліметтер базасына келтіреді.

Генетикалық кеңесші. Маман иесі бір реттік немесе жоспарлы генетикалық анализ жасайды. Науқастың еміне қа­рай емдеу ісінің сызбасын жүр­­гізеді. Мамандық вирусты-бакте­рия­лық аурулардың емін табуға жәрдем береді.

Киберпротез және имплантат жасаушы. Сал ауруына шалдыққан адамдарға жасанды ағза жасап, оны компьютерлік диагностикадан өткізе­тін маман иелері. Жасанды протездер барлық күрделі фун­к­цияларды атқаруға мүм­кіндік береді.

Ауыл шаруашылығы саласы. 2050 жылға қарай жер әлемде 2 миллиард адам азық-түлікке тәуелді болуы ықтимал. Сол себепті де ғалымдар келешекте ауыл шаруашылы­ғы саласы престиж мамандықтардың көшіне көтеріледі дегенді алға тартып отыр. Ал, жа­ңа технологиялар ауқымы кең атырапта жұмыс күшін аз пайдаланып, мол өнім алуды көздейді. Сондықтан да зерттеушілер таяу жылдары бірнеше жаңа мамандықтың ауыл шаруашылығы саласынан айналып өте алмайтынын жарыса айтуда. Соның бірнешеуіне тоқталайық.

Агроном-экономист. Жоғары білікті маман шығарылған өнімнің бәсекеге қабілет­ті­лігін және компанияның тәуе­кел қадамдары мен дағдарыс кезінде тығырықтан шығар жол табуына септесетін мамандық.

Сити-фермер. Ірі қалалардың әрі ғимараттарда өсім­діктер мен асыл тұқымды жан­уарлардың өсуіне мүмкіндік беретін мамандық. Агроөнер­кәсіптік кешеннің дамуына жағ­дай жасайтын мұндай орталық қызметі алғаш рет Сингапурда іске қосылған. Тәжі­ри­бені Оңтүстік Корея, Қытай, БАӘ, АҚШ, Франция елдері енгізбек.

ГМО-агроном. Ауыл ша­­руа­­­шылығында генетикалық түрлендірілген өнімдерді қолданатын маман иесі. Биотехнологияның жетістіктерін игеруде генетикалық модификацияланған организмдерді анықтайтын кәсіп түрі.

Агроинформатик. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындардың жұмысын автоматтандыру арқылы мә­ліметтер базасын жасайтын мамандық. 2020 жылдан бастап мамандықтар тізіміне қо­сылады.

Туризм және қонақ үйі саласы. Саяхат құрып, жиһан ке­зетіндер үшін туризмнің алар орны бөлек. Сонымен бірге іскерлік алаңды бизнес көзіне айналдырғандарға да қонақ үй ісінің бәсекеге сай болуы маңызды. Себебі сервистік қызметтер табыс табудың ең жылдам жолы. Келешекте мына мамандықтар да осы екі салаға бағытталған.

Робототехника консерьжі. Қонақ үй қызметіндегі роботтарды басқаратын маман. Бұл мамандықтар бүгінде Америка, Қытай, Жапония елдеріне жолға қойылған. Консерьж адамдармен байланыс орнатудың тиімді жолын білетін әрі жан-жақты қабілеті бар болуы керек.

Бренд-менеджер. Ерекше аумақтардағы мәдени шараларды виртуалды кеңістік толтыруға жауап беретін маман. Бұл мамандық иесі кез келген туристік қызметтегі шаралардың жарық, дыбыс, ақпараттық насихатталуына жауап береді. Қысқасы, көңіл көтеруге жағдай жасайтын универсал маман.

Менеджмент саласы. Менеджмент экономиканың бар­­лық салаларында кездеседі. Сонысымен де бір бағыттан екінші бағытқа қызмет ауыстырып кете береді. Болашақта менеджмент саласын өзгерістер күтіп тұр.

Тайм-боркер. Қызметкерлердің бос уақытын сататын маман иелері. Яғни саладағы мамандардың бос уақытын басқаратын маман. Қарапа­йым тілде айтсақ, офистегі ма­манның бос уақытын кеңседе өткізбеуіне жағдай жасау­шы және сол арқылы ақша табатын маман. Сонымен бірге тайм-брокер өзге елдердің клиенттерімен жұмыс жасайды.

Трендвотчер-форсайтер. Экономиканың әртүрлі секторындағы жаңа тенденцияларды бақылайтын маман. Саясат пен мәдениеттегі тұл­ғалардың, жалпы қоғамның жаңа дүниелерге көзқарасын есепке түсіретін мамандық.

Корпоративтік антрополог.  Бұл маман иесі ірі компаниялардағы инновациялық өнім­дерді антропологиялық тәсіл­дер арқылы анықтайтын адам. Бұл қызметті ІТ саласындағы компаниялар, әсіресе Intel мен Nokia компаниялары сәтті қолданып жүр.

Қаржы секторы. Қаржы айналымын реттейтін экономикадағы бұл салада еңбек ететіндердің де жалақысы жоғары. Бірақ, бұл қаржы қызметінен бастау алатындықтан ке­лешекте мамандықтар әлемінен бірте-бірте ығысып, жо­йы­лып кетеді. Себебі бүгінде қаржы нарығында краудфандинг пен краудинвестинг бағыттары өте қарқынды дамуда. Дегенмен бұл салада да бір­­неше жаңа мамандықтар бар.

Мультивалюталы аудармашы. Дәстүрлі, несиелік, баламалы валюталарға айырбастау жүйелерін ұйымдастыратын маман. Виртуалды валюталарды реттейді. 2014 жылғы мәліметке сүйенсек, әлемдегі биткоиндер айналымы шамамен 11 миллиард долларға же­тіп отыр.

Зейнетақы жоспарын әзір­леуші. Зейнетақы қорларына және басқа да қаржы құралдарына кіріс деңгейіне, кәсіптік қызметтің түріне, өмір салты мен кәрілік көзқарасына байланысты жеке инвестициялардың үлгісін әзірлейтін маман. Яғни зейнетке дейін қаржы жинауға жәрдем беретін мамандықтар.

Жеңіл өнеркәсіп саласы. 90-жылдары жеңіл өнеркәсіп эко­номиканың басты драйве­рі­не айналғаны рас. Дегенмен жаңа технологиялардың әсерімен бұл басты салалардың біріне ғана айналып кетті.

Техно-стилист. Киім-кешектегі жаңа гаджеттерді декоративті мақсатта жасайтын кәсіп иесі. Мысалы, арнайы киіммен жабдықталған егіз футболкаларды датчиктер арқылы смартфонға таратады, ал екіншісі - футболкалар виртуалды сенсорларды сезінеді. Бұл сауда әлі де алып нарыққа шыға қойған жоқ. Әйтсе де, қолға алса табысты еселейтін мамандық.

Электрондық рецептер программисі. ІТ мамандары дизайнерлік киім дизайндарын роботқа немесе 3Д принтерге арналған нұсқаулардың піші­міне аударады. Болашақта тұ­тынушы оларды пайдалана алады және  автоматтан­дырыл­ған студияда олар үшін өзде­рінің киімдерін "басып" шығарады немесе тігеді.

Түйін. Ричард Сасскинд пен Даниельдің "Мамандықтар болашағы" атты кітабында жаңа тех­нологиялар дәстүрлі қол ең­бегін жеңілдетеді деген тұжырым жазылған. Мәселен, дәрі­гер емделушімен Skype арқылы байланысады, сәулетші дизайн жасау үшін компьютерлік бағдарламаларды қолданады. Аны­ғында, біз тізбелеген жаңа мамандықтар келешектің дамуына жаңа із салады, экономикаға соны серпін бермек. Бірақ, бір нәрсе ақиқат. Жаңа мамандықтарды Еуропа елдері соңғы уақыттан бері практикалық түрде сынап, орыс жұрты болашаққа әріден көз тастап отыр. Ал, Қазақстан жаңа маман ие­леріне дайындауға қаншалықты дайын?

0 Пікір Кіру