Қазақстан мен Литва сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда - на finance.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на finance.bugin.kz Марғұлан Ақан

Дамуға бағыт алған қадам

Қазақстандық делегацияны, Комиссияның тең төрағасы ҚР Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов басқарса, литвалықтардан – ЛР Экономика және инновация министрі Виргиниюс Синкявичюс төрағалық етті.

Екі күндік отырыс шеңберінде екі елдің негізгі министрліктерінің өкілдері көлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, салық мәселелері, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру, білім беру, кәсіпкерлік қызметті реттеу, құқықтық-шарттық базаны кеңейту салаларының перспективалары мен жаңа бағыттарын, өзекті мәселелерін талқылады.

Атқарылған жұмыстың нәтижесі бойынша, 12-ші қазақстандық-литвалық ҮАК-тің хаттамасына қол қойылды. Хаттама алдағы жылдары Астана мен Вильнюстің өзара ісқимылының «жол картасы» болып, оның кейбір пункттері қазақстандық-литвалық экономикалық серіктестіктің жаңа бағыттарын белгіледі.

Атап айтқанда, қазақстандық және литвалық сарапшылар көлік саласында еліміздің дамыған каспийдегі айлақтарының әлеуетін қолдана отырып, біріктірілген жүк тасымалдауды дамыту мүмкіндігін қарастыруға қол жеткізді.

Балтық елдеріндегі ең алып Клайпеда айлағы Еуропа бағытындағы қазақстандық жүктерді, оның ішінде бидай, ұн және көмір тасымалын өзіне тартуға айтарлықтай қызығушылық танытты.

Бұдан басқа, литвалық тарап өзінің бай тәжірибесі бар айлақтық инфрақұрылымдарын қолдануды және «теңіздік» кадрларды дайындауды ұсынады. Осы аталған барлық жобаларды Ақтау мен Клайпеда арасындағы бауырластық байланыстар жөніндегі меморандумға енгізу қажеттігі алға тартылды.

Мазмұны бойынша жаңа ұстаным ретінде келесі ұсынысты атап өтуге болады. Литваның логистикалық қауымдастығы жүк көліктерінің қазақстандық жүргізушілерінің біліктілігін арттыру, одан кейінгіде Қазақстанда жүргізушілерді дайындау орталығын құру мүмкіндігі туралы ұсыныс енгізді.

Сонымен қатар екі елдің сарапшылары қазақстандық-литвалық диалогтағы гуманитарлық ынтымақтастықтың артқанына оңды баға берді. Комиссия күн тәртібінің ең басты пункттерінің бірі денсаулық саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту мәселесі болды.

Литвалық тарап, Қазақстанның алғашқы медико-санитарлық көмек жөніндегі универсалды құжатты (Астана декларациясы) дәріптеу жолымен жаһандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

Бұдан басқа, Комиссия отырысы барысында тараптар медицина саласында бірлескен ғылыми және талдамалы зерттеулер дайындау бойынша жұмыстарды жандандыруға келісті. Осыған қосымша ретінде, тәжірибе жүзіндегі денсаулық сақтаумен медициналық білім беруді біріктіру саласында қол жеткізілген уағдаластық перспективалық сипатқа ие. Осылайша, қазақстандық дәрігерлердің Литва білім орындарындағы көпжылдық тәжірибелік біліктілік арттыруы жаңа да терең мазмұнға ие болды.

Білім беру бағдарламалары аясын одан әрі кеңейту бойынша қазақстандық және литвалық сарапшылар өз ниеттерін тағы да құптап өтті. Айта кетері, жыл сайын бес Литва жоғары оқу орны қазақстандық студенттер үшін 200 грант бөледі. Тараптар Эрасмус+ бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктерді барынша қолдана отырып, оның шеңберінде өзара студенттер алмасу бойынша ынтымақтастықты жандандыруға қол жеткізді.

Литвалық тарап ұсынған, туризм жөніндегі жұмыс тобының қызметін қайта жандандыру гуманитарлық байланыстардың дамуына белгілі бір серпін береді деген сенімдеміз.

Екі елдің сарапшылары литва тарапы ұсынған және Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық арнайы көрмесінде тұсауы кесілген ақпараттық-коммуникациялық және «жасыл» технологиялар саласын қамтитын сапалы ұсыныстарды Хаттамаға енгізді.

Литвалық тарап қазақстанның қалаларында барлық көлік түрлерінің жүру кестесін жасау мен үйлестіруге арналған технологиялық шешім енгізуді ұсынды. Тараптар сондай-ақ қазақстандық электрондық үкіметті одан әрі жетілдіру бойынша өзара қызығушылық білдірді.

Жаңғыртылатын энергия көздері, атап айтқанда күн энергиясы технологиясы саласындағы литвалық әзірлемелерді қолдану да ұсынылды. Фотоэлементтер өндіруші литвалық кластердің Еуропалық Одақта жетекші болып келетінін де атап өткен жөн.  

Тараптар ауыл шаруашылық саласында айтулы мүмкіндіктердің бар екендігіне де тоқталып өтті. Литвалық тарап ҚР-дың ауыл шаруашылық саласындағы әлеуеті, мемлекеттік көмек шаралары (инвестициялық преференциялар, жеңілдетілген несие, субсидиялар, салықтық және кедендік жеңілдіктер), сондай-ақ Қазақстанның АӨК саласындағы инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпараттандырылды.

Литва әлем елдері арасындағы Қазақстанның ең алып жиырма сауда серіктесінің бірі. Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымының көлемі Балтық және Солтүстік Еуропа елдерімен арадағы ҚР-дің сауда көрсеткіштерімен салыстырғанда ең жоғары сатыда. 
0 Пікір Кіру