Әлем және Қазақстан: Экономикалық интеграция - на finance.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на finance.bugin.kz Марғұлан Ақан

Мәселе

Әлем құбылмалы келеді. Әр ел өзінің экономикалық тұрақтылығы мен өсу қарқынына қарай бейімделеді. Атап айтқан кезде дамыған елдер бәсекеге қабілетті жолда талас-тартысқа ұмтылып қана қоймай, өзара аламанда бақ сынайды. Нақтырақ болу үшін, АҚШ, Жапония, Қытай секілді экономикалық жақтан қарқынды дамып келе жатқан елдерді келтіруге болады.

Арысын айтпаған күннің өзінде, бүгін әлемде геосаяси ахуал құбылып қана қоймай, өзінің әсерін тигізіп келеді. Мұндай жағдайда экономикасы тұрақты елдердің өздері бір сілкініп алады. Себебі, әлемдік дағдарыс, экономикадағы салқынқандылық кімді болмасын аямайды. Оған дайын болу үшін бірнеше он жылдық жоспар, қор керек. Тек бір кәсіп көзіне ғана байланып қалған елдердің жағдайы мұндай жағдайда күрт төмендейді. Мәселен, біздің елдің негізгі экономикалық күші мұнайдан түсетін қаражат екенін ескерер болсақ, әлем бір-ақ күн ішінде мұнайдан бас тартатын болса, елдің жағдайы қиын жағдайға түседі.

Әлем сахнасындағы экономикалық ахуал

2008 жыл әлем елдері үшін жаппай экономикалық дағдарыс ретінде басталып, есте де қалды. Қай жерден, кім қашан, қалай қателесіп кеткені белгісіз, бірақ әлем бір тізерлеп алуға мәжбүр болды. Мемлекет арасындағы байланыс, өзара ынтымақтастықтың байланысы нығайғанымен өндіріс тоқтады, бар деген күннің өзінде шығын көбейді. Валюталардың да бағасы күнделікті тақталарды мың құбылды. Қайда барып тоқтарын білмеген доллар секілді әлемдік валюталарға бағынышты елдердің жандары шүбірек ұшында түйулі тұрды.

Жалпы өзгеріс толқыны әлемдік рецессиядан кейін келген жаңа экономикалық бағытқа қарай бой түзумен ерекшеленді. Анығы бұл салаға ат үсті қарап келген түсініктер ада қалып, енді шындық көзімен қарау, бәрінің қиын екенін, оңай дүниенің аспаннан салбырап түсе қалмайтынын қай ел болмасын жақсы түсіне бастады. Осы толқынды бастап кешіп жатқан кезде жаһандық өзгерістің өзі-ақ келе салды.

Бұл өзгерісті төртінші өнеркәсіптік төңкеріс ала келді. Экономикалық өзгерістің, төртінші әлемдік төңкерістің артында тек оң жолға бағыт алатын із тұрған жоқ. Оның артында бірнеше мәселенің ұшы да көрінді. Мәселен, осы төңкеріске бейімделу үшін мемлекеттер арасында жасалған реформалардың өзі халықтың есін шығарды. Ілесе алмаса да, ілініп кетуге тырысқан елдердің экономикасы құлдырап, байыппен анық басқандардың асығы алшысынан түсе қалды. Бұл біз көріп отырған мәселенің бірі ғана. Келесі мәселе, көрші мемлекеттер арасындағы экономикалық шиеленіс пен бір-бірінің алдындағы қарыздарының өсуі. Шындығында, бұл әсер көзге ұрып көрінді. Қай елдің болмасын ішкі және сыртқы саясатындағы экономикалық қарыз мөлшерінің асып кетуі келесі бір елге әсерін тигізді. Бұдан бөлек демографиялық ахуалдың да ұшы жылт ете түсті. Ақыры жағаға келіп ұрылған төртінші өнеркәсіптің төңкеріс толқыны түрлі ынтымақтастығы берік елдер арасындағы және қауымдастық арасындағы экономикалық интеграцияның күшеюіне алып келді.

Жыл сайын әлемдік қауымдастықтардың алдында бірнеше мәрте экономика саласы бойынша кездесулер, өзара байланыс орнатуға бағытталған конференциялар, дүниежүзілік форумдар жиі ұйымдастырылды. Адамза алдындағы үлкен қауіп-қатердің алдын алу туралы мәселелер талқыланды. Иә, бұл талқылаудың басы-қасында Қазақстан да болды. Себебі, экономикалық өсу жағынан әлі де болса дамушы ел ретінде тіркелген Қазақстан республикасы да өзінің халқын, оның әлеуметтік мәселесін шешу жолында күрсуге дайын тұрды.

Қазақстанда...

Қазақстан 1991 жылдан бері бірнеше әлемдік форумның мүшесі әрі белді өкілі ретінде қатысты. Осы жолда «2050», «2030» сынды дамуға бағыт алған, бәсекеге қабілетті елдердің отыздығына ену үшін жасалған стратегиялық мақсатты алдыға қадам басты.

Аталған жобаны жүзеге асыру үшін тек импорт пен эксперт саласының жеткіліксіз екені анық еді. Бұл жерде сыртқа шығатын мұнай мен астық өнімдерінің үлесі, бізге сырттан кіретін күнделікті тұрмысқа пайдаланатын өнімдерден аз болғаны белгілі. Себебі, тәуелділік алдымен көлікке керек жанармайға емес, халықтың әлеуметтік мәселесіне бағытталады. Сол себепті де шағын және орта бизнесті дамыту бойынша «Бизнестік жол картасы – 2020» бағдарламасы ұсынылды. Бұл бағыт бойынша елдегі кәсіпкерлік саланы дамыту көзделді. Неге?

Экономикада дамыған елдердің алдыға озуы мен олардың бой көрсетуі біз айтып өткендей, мемлекеттік өндіріске емес, жеке кәсіпкерлердің дөңгелетіп отырған жеке саласын, жалпы мемлекеттік орта бизнесіне тікелей бағытталған. Біздің бұл жердегі үлесіміз 50%-ға жетпегендіктен, әлі де болса ақсап келеміз. Дегенмен өсу мен қарын, ынта бар. Ал дамыған елдердегі бұл көрсеткіш 50-ден ары асып жығып, тіпті 80-ге жеткендері бар.

Жалпы алған кезде әлемдік дағдарыстан кейінгі қайта жаңғыру жолындағы дәуірлеудің ортасында Қазақстанның ішкі нарығы барынша тұрақтылыққа ұмтылды. Халықтың әл-ауқатын жақсарту секілді түрлі мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылды: «Модернизация 3.0», «Индустрия 4.0» және «Цифрлы Қазақстан».

Бұдан өзге АҚШ-тың кейінгі бір жыл ішінде салған санкциялары Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Себебі, біздің ұлттық валютамыздың доллармен күресуге не теңесуге әлі шамасы жетпейді. Сондықтан алып державалар арасындағы текетірес кезінде ұтылып қалып жатқан, екі түйенің ортасында өлген шыбын секілді күйді кешіп жатыр.

Экономикалық интеграция туралы

Экономикалық интеграция – түрлі елдердің ұлттық шаруашылықтары арасындағы ынтымақтастық және олардың толық немесе ішнара бірегейленуі. Одан бөлек осы елдер арасындағы сауда кедергілерінің жоюылуы және біртұтас одақ құра отырып, жеке дара елдердің экономикасын жақындастыру.

Мысал ретінде Еуро Одақ (ЕО) пен Еуразия экономикалық одағын (ЕЭО) қарастыруға болады.

Қазақстанның экономикалық интеграциясы ретінде Еуразия экономикалық одағын көруге болады. Яғни, бірнеше мемлекеттің ортақ одақ құра отырып, өзара саяси-экономикалық жақтан ынтымақтастық танытуы.

Осы бағытта Кедендік одақ пен біртұтас экономикалық одақ құра отырып, алдыға серпін алу мәселесі шешімін табуға талпынып жатыр. Айта кету керек, экономикалық интеграция бірнеше мемлекеттің одақ құруы және өзара байланысы. Бұл жерде бір елдің үстемдік орнатуы болмайды. Ал егер үстемдік орнатылған жағдайда келісім бұзылады және әркім өз елінің мүддесі жолында әрекеттер жасайтын болады.

Қазақстан және ЕЭО арасындағы экономикалық интеграция

Қазақстан экономикалық жақтан өсу жолында бірнеше мемлекеттің одақтас ретінде интеграция құру жолында келе жатқан ел. Бұл жағынан келген кезде БАҚ беттерінен Еуразия экономикалық одағы туралы ақпарат көп оқимыз. Біріміз пайдасын айтсақ, біріміз керісінше керегі жоқ екенін алға тартамыз.

Сонымен, ұтамыз ба әлде ұтыламыз ба?

Таяқтың екі ұшы барын ұмытпайтын болсақ, кез келген жағдайда ұтуға да, ұтылуға да болады. Бұл сол мемлекеттің жасап отырған стратегиясына тікелей байланысты. Еуразия экономикалық одақтың негізгі алға тартып отырған алғышарты – 200 миллионға жуық халық мүддесіне жұмыс жасау. Яғни, бұл жердегі одақтас мемлекеттердің халық саны есепке алынып отыр. Бұл жағынан келген кезде Қазақстан үшін экспорттық өсу байқалуы керек. Одан бөлек көрші Ресеймен жақын аймақтағы елдердің дамуы қарқынды өсуі тиіс. Бір сөзбен айтқан кезде, шағын және орта бизнеске есік айқара ашылады.

Елбасының бұл одаққа мүше бола отырып, ұтуға апаратын бір жолды көрсеткісі келгені анық. Бұл жол – инвестиция. Шетелден келетін инвестиция арқылы ел ішінде кәсіп саласын дамыту, өндіріс орындарын ашу, ауыл-шаруашылық кәсібін қолға алу секілді тиімді жақтарды қарастыру көзделіп отыр. Ал ЕЭО-да Қазақстанның салықтық салымы пайызға шаға қалған кезде Ресей секілді елдерден әлдеқайда төмен. Сондықтан бұл одақ құра отырып, шетелдік инвестицияға қол жеткізу деген сөз.

Экономикалық интеграция арқылы Қазақстан Кедендік одақ бойынша, одақ құрылғанға дейінгі табыс көрсеткішінен асып түскен. Бұл нәтиже бар деген сөз.

Алайда, нәтиженің бәрі жақсы болғанымен, Қазақстанның шама-парқы келмейтін тұстары да бар. Бәрін атап көрсетпеген күннің өзінде, біздегі кәсіп саласының, кәсіпкерлердің Ресей мен Беларусқа қарағанда бәсекеге қабілетті болмай шыққаны көрініп-ақ тұр. Біздің сыртқа бәсекеге қабілеттен бұрын, отандық өнімдерді өндіру, ішкі нарықты қалыптастыруда кәсіпкерлердің бәсекесі өте төмен. Сондықтан бәріне бірізді және ат үсті қарауға жол жоқ.

Экономикалық интеграцияны дамыту үшін және оны тұрақты түрде жүзеге асыру үшін одақтас елдердің бірі артта, бірі алда озып кетуге жол бермеу керек. Әр ел өзіне тиісті мүдделі пайыздық көрсеткішті алуы керек және сол жолда аянбай еңбек ету керек. Жоғарыда атап көрсеткендей, егер артқа тартып тұрған мәселенің бірі кәсіптің бәсекеге қабілетті болмауы болса, барынша кәсіп саласына мән беру керек. Мейлі ол шағын не орта бизнес болсын, пайда табуға, отбасын асыруға, отбасы арқылы мемлекетті де көрейтуге ұмтылуы тиіс. Бұл жерде айта кететін нәрсе, экономиканы дамытуы дамытып, бірақ оның идеологиялық стратегиясын да сырт қалдыруға болмайды. Себебі, ақша да белгілі бір миссия жолында, мүдде жолында табыс әкелуі керек және сол жолда жұмсаулы тиіс. 

0 Пікір Кіру