Қазақстанда кез келген кәсіпті ашуға мүмкіндік бар  - на finance.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на finance.bugin.kz Марғұлан Ақан

Жастар үшін

“Жастар жылы” жастарға өздерін көрсетуге және кез келген салада жетістікке жетуге бастайтын бірегей бастама. Жастар жылында әсіресе, өскелең ұрпақ кәсіпке қарай ойысса деген ниет бар. Неге?

Кәсіппен айналысу үлкен жауапкершілікті ғана талап ететін немесе комерциялық бағытта ғана ақша табуға бағытталған түсінік емес. Мұнда шығармашылық, жауапкершілік, ниет, жақсы табыс пен жұмыссыздық мәселесін шешу секілді бірнеше аргументтер бар. Сондықтан жастардың іске келгенде, кәсіпке келген кезде алғыр әрі білімді болғандыр өте маңызды.

Қазақстан кәсіп саласы бойынша бірнеше бағдарламалар ұсынып, Атамекен секілді ұлттық палата мүшелерімен бірге елдегі бизнесті дамытуға үлес қосып келеді. Басқа емес, дәл осы кәсіптің дамуына баса назар аударуы, елдің экономикасын көтеруге, халықтың әлеуметтік мәселесін шешуге бағытталған. Егер әрбір отбасында өзіне керек шағын кәсібі болса, оны дөңгелетіп отырса онда олардың ел экономикасына тигізер пайдасы молынан.

Жастардың дені кәсіпке келуге қорқады. Оған себеп те жоқ емес. Мәселен, жоспарлай алмау, шығынды өтеуге кететін ақшаны есептей отырып, кәсіпті бастауға да ниет білдірмеу, банкрот болудан қорқу, елімізде кәсіп дамымаған, ешкім алмауы мүмкін дейтін түрлі сылтаулар мен факторлар бар. Шындығында, еліміздің дәл осы нарығы бос жатыр. Бәсекеге түсетін кәсіпкерлер жоқтың қасы. 

Қытайды алып қараңыз, кез келген өнімнің көшірмесін жасау арқылы ішкі және сыртқы нарықтағы елдің экономикасын көтеру үшін ат салысып жатыр. Бұл жерде ең бірінші халықтың мүддесі және мемлекеттің абыройы жатыр. Біздің жастарға ұлттық идеологияны сіңірген және отанын сүюге негіз болатын бағыттағы кәсіпті дамыту, отандық өнімдерді көп шығару секілді міндеттер тұр. Себебі, жастардың бойындағы жігер мен білім алғашқы кезде түрлі қиындықтарды еңсеруге алып келсе, уақыт өте бұл жаппай халыққа арналған еңбек жолы болады. 

Қазірдің өсінде барды жоқ деп айтуға болмайды. Елімізде күн санап шағын бизнес арқылы қатарға қосылып келе жатқан жастардың және кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Әсіресе, ұлттық бұйымдарды өндіру және өңдеу, зергерлік кәсіп, тері бұйымдарын жасау, ұлттық аспап түрлерін кәсіп ету, шаруашылықтағы төрт түлік арқылы да сүтін кәсіп қылып, қымыз бен шұбаттан шағын кафелер ашып отырғандар бар. Бұл жағынан келген кезде Алматы, Астана, Шымкент секілді негізгі ірі мегаполистерде даму бағыты бар. Ал шағын аудандар мен аймақтардағы, кейбір облыстардағы бизнес саласы ақсап тұрғаны анық. Себебі, жастар қала өміріне сіңіп, оқуын бітірген соң елдегі бас қалаларда кәсіппен айналысуға кетеді. Анығы сонда қалып қояды. Ал аудан және аймақтағы кәсіп маман болмаған соң қалып қояды.

Жас мамандармен қоса қаржылық сауаттылықты меңгерген және кәсіпке икемі бар жастарды да аймақтарға жіберу арқылы сол жердегі көрінбей жатқан кәсіп көздерін дамыту керек. Жер бетінде тоғызыншы орын алатын Қазақ даласының әр түкпірі толық зерттеліп болған жоқ. Жер қойнауындағы байлықтарды да игеру арқылы бұл саланы меңгеруге және дамытуға болады. 

Қандай кәсіп болмасын, жолын ашуға, бағыт беруге мемлекеттің ұсынған түрлі бағдарламалары бар. Оқыту орталықтары, арнайы кәсіпке бастайтын орталықтары да бар. Сондықтан, елдің экономикасын дамыту үшін жастардың барынша интеллектуалды, білімді болуы маңызды. Бастысы табыс табу ғана емес, нәтижесі ел үмітін ақтайтын болса, бек жақсы. 

0 Пікір Кіру