Сауда – кәсіптің бір көзі  - на finance.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на finance.bugin.kz Марғұлан Ақан

Біздегі сауда-саттық қандай?

«Кәсіп түбі – нәсіп» дейді дана халқымыз. Ұлы Жібек жолының бойында талай сауда-саттық жүргізген бабаларымыз мұны тегіннен тегін айтпаса керек-ті. Кәсіп сөзін қарапайым тілмен түсіндірсек, оның түбі саудаға барып тіреледі. Жалпы адам өмірі саудаға тәуелді десек қателеспейміз. Себебі, біздің өмірімізге тікелей табыс әкелетін нәрсе сауда. Басқалай кіріс жолы жоқ. Сол арқылы ғана пайдаға кенелеміз. Қыз алысу, құда болу да сауда. Мұны сауда деп айтпасақ та, ол да өз деңгейіндегі саудаға жатады. Былайша айтқанда алыс-беріс. Мәселен, кішкентай баланың жылап, қалаған ойыншығын алдыруының өзі сауда.

Бүгінде халықтың таным-түсінігіндегі сауда ұғымы қандай? Әуелі осы сауалға кеңінен жауап іздеп көрейік. Әрине, сауда туралы әркімнің ой-пікірі әртүрлі. Біреулер оны табыс көзі деп есептесе, біреулер сауда жасауға бейімі жоқ екенін айтып жатады. Тіпті оны артық жұмыс көретіндер де жоқ емес. Алайда саудаласа білу өнер екенін баса айтқымыз келеді. Олай дейтініміз – біздің өміріміз сауда жасаудан тұрады. Кәсіпкер болсаң, тауарыңды сатасың, жалдамалы қызметкер болсаң, қабілетіңді сатасың. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Он берекенің тоғызы саудада» деген хадисі бар. Осыдан-ақ сауданың біздің өмірімізде қаншалықты маңызды екенін білуге болады.  Кейде халық арасында «Ақша қолдың кірі», «Ақша адамды бұзады» деегн секілді ақшаға байланысты біржақты түсініктер бар. Алайда оның бәрі адамның өзіне байланысты болса керек. Осы тұста оны қалай жұмсау керек деген заңды сауал туындайды. Кім қандай мақсатта жұмсайды, соған байланысты ақша туралы түсінік қалыптасады. Мәселен, сен ақшаны қиын, ол оңайлықпен келмейді, күні-түні аянбай еткен еңбек арқылы қиын жолмен келеді десең, әрине, ол сондай сәнге ие болады. Ал егер оны оңай әрі тез келеді, ақша деген мүмкіндік, инвестиция деп қарасаң, оны табу жолы да жеңілдей түседі. Бұл қарапайым аксиома. Демек, барлық нәрсе қабылдауға байланысты. Мүмкіндік десең – мүмкіндік, зиян десең – зиян. Алайда өкінішке орай көп адамның пікірі алғашқы мысалдағыдай екенін жоққа шығара алмаймыз.

Осы тұста «ақшаны кім қалай жұмсайды?» және «саудаласу білесіз бе?» деген сұрақтарға жауап іздедік. Қоғамның әртүрлі мүшелері былай деп жауап берді.

Данияр НЫСАНҒАЛИЕВ, студент:

1. Кім болса да саудаласа білгені дұрыс. Себебі өмірдің өзі сауда. Біз жақындарымызбен, айналадағы адамдармен, бәрімен саудаласамыз. Сауда арқылы ғана пайда табамыз.

Грантта оқыған студенттің бағы бар немесе ақылы оқитыннан аз болса да қалтасында артық қаражат болады. Бұған жатақханада жататындарды қосыңыз. Жатақханада жатпайтын студенттер тірлікке етене араласады. Пәтер ақысын төлеу, жол ақысы бар, бәріне ақша керек. 1-курс жеңіл болады. Себебі ауылдан ата-анамыз ақша  салып тұрады. Ал 2-курстан бастап сәл есейді ғой деп үйдегілер ақша салуға,  ал өздері қиналса да сұрауға қысылады. Әр күні жоспармен жүретін һәм ертеңін ойлайтын студент тапқан ақшасын тиімді жұмсаудың жолын іздейді. Арзан екен деп өзіне қажетсіз зат алмайды,  сол ақшаны күнделікті қажетіне жаратады. Қазіргі студенттердің шәкіртақысы 21000 теңге ғана. Оның 20000 мыңын пәтерге төлесе,  қалған қажеттілігін үйіндегілер салған қаражатпен өтейді. Сол ақшаны үнемдеп, келесі айға дейін жеткізуге тырысады.

Ақшадан таршылық көретіндер мен таршылық көрмейтіндер де болады. Бірақ нағыз адам болып, қалай саудаласу керек, қалай үнемдеу керек, оны ақшадан таршылық көргендер ғана біледі деп ойлаймын. Жалпы, әрбір студент ақшаны тиімді жаратуды білуі тиіс. Қазірден бастап ақшаны дұрыс жұмсауды үйренсе, ол ертең үлкен өмірде пайдасын береді.

Айгерім МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ, экономист:

1. Меніңше, қазір халықтың сауда туралы түсінігі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарып қалды. Қазір көпшілігі сауда-саттық арқылы табыс табады. Алып-сатумен айналысатындар және шағын кәсіп түрін дөңгелетіп отырғандардың қатары жыл сайын артып келеді. Алдағы уақытта бұдан да жоғарылайды деп ойлаймын.

2. Ақшаға ұқыпты қарайтын адамдардың қатарынанмын. Жалғыз жалақымен өмір сүрмеймін.  Айлықтан бөлек қосымша кішігірім табыстарым бар. Ал жалақымды қалай тиімді жұмсаймын дегенге келер болсақ,  өзімнің шығындарымды алдын ала жоспарлаймын. Жалақыны бірден бөліп қоямын (депозит, коммуналдық төлем, қайырымдылық, киім-кешек, жеке қажеттіліктер және т.б.). Дүкендерден жеңілдіктер науқанын жиі қарап бақылап жүремін. Бәлкім бұған таңғаларсыз, бірақ мен қыста жаздық, ал жазда қыстық киімдерді сатып аламын. Былайша айтқанда, барынша үнемді жұмсауға тырысамын. Мамандығым экономист қой енді (күліп). Айналадағы адамдардың пікіріне тәуелді болмай, бәріне салыстырмалы түрде қараймын. Жалғыз кәсіппен айналыспаймын. Үнемі ізденіс үстіндемін. Яғни, жалғыз бухгалтерия емес, кадрлар бөлімі жұмыстарын да жасай беремін. Өзім жасаған нәрсені достарыма да жиі кеңес ретінде айтып жүремін.

Айдар МЫРЗАБЕК, маркетолог:

1. Халықтың сауда-саттық туралы түсінігі әртүрлі. Өз салама қтаысты бір-екі жағдайды айтып өтейін. Мәселен, саудагерлерді алайық. Арнайы дүкендерге бара қалсаңыз, көп жағдайда сатушылар дұрыс қызмет көрсетпейді. Бұл өтке үлкен қателік деп білемін. Жалпы алғанда саудагерлер халықтың мұқтаждығын өтеушілер. Ал біздегі кей сатушылар халыққа көмектесудің орнына сатып отырған затын міндетсініп жатады. Негізінде не сатсаңыз да өтеді, тек оны дұрыс жерде сатып, дұрыс қызмет көрсету қажет. Бұл Қазақстандағы жағдай. Мысалы, Түркиядағы аяқ киім дүкендеріне кірсеңіз, сатушылар аяқ киімнің бауына дейін өздері байлап беріп, іші-бауырыңызға кіріп кетеді. Бұл қызмет көрсетудің шыңы. Адамдар ондай сатушыларды көргенді өзін жайлы сезінеді. Біздің бір қателігіміз – сатушылар «мен құл емеспін, сатушымын, ешкім ешкімге міндетті емес» деп ойлайды. Тұтынушының назарын аударып қана қоймай, оған тауар туралы ақпарат беріп, оның мұқтаждығын өтеуді ойлау керек. Яғни, тұтынушымен дос болып, оның іздеген дүниесін тауып беруге көмектесу керек. Сол кезде ғана сатушы мен сатып алушы арасында берік байланыс орнайды. Дұрыс әрі сапалы қызмет көрсету арқылы ғана тұтынушының сеніміне кіресіз.

2.  Қазір көп адамның ақшаға деген көзқарасы дұрыс емес. Ақшаны қолдың кірі, ақша адамның көзін байлайды деген секілді кереғар пікірлер өте көп. Сондықтан біздегі экономикалық ахуал төмен деңгейде болып отыр. Қазіргі капитализм үстемдік еткен дәуірде бәрі ақшамен есептеледі. Ақша бақытқа жеткізетін жалғыз құрал. Ақшасы жоқ адам біреуге тәуелді боп бақытсыз адамның күнін кешеді. Меніңше, бұл пікір халықтың санасында социализм заманынан қалып кеткен. Сол кезде «ақша қолдың кірі» деген идеология жүргізу керек болды.  Ол уақытта билік басында отырғандар бүкіл адамды бір деңгейде қарастыру арқылы өздерінің жымысқы саясатын жүргізді. Кейін тәуелсіздік алып, жаңа қоғам құрылғаннан кейін жаңа түсінік қалыптаса бастады. Бірақ біздің арамызда әлі күнге сол ескі түсінікпен өмір сүретіндер жетерлік.

Сөз басында айтқанымыздай саудаласа білу үлкен өнер. Бүгінгі капитализм дәуірінде өмір сүріп жатқан адам үшін саудаласа білу өте маңызды. Оның бәрі әрине, адамның қаржылық сауаттылығын арттыруға келіп тіреледі. Қазір мүмкіндіктер заманы десек артық айтпаған болар едік. Ақпараттың өзендей тасыған дәуірінде қаржылық сауаттылықты игеріп, жақсы өмір сүруге ұмтылған жөн. Психолог мамандар да баланы кішкентай кезінен ақша туралы жақсы ойлауға бағыттап, жалпы ақшаның не екенін, ол арқылы не істеуге болатынын терең түсіндіре беру керек дейді. Сонда ғана баланың санасында ақша туралы дұрыс көзқарас қалыптасады. Сондықтан бүгінгідей мүмкіндіктер заманында табысты еселеуге, жақсы әрі өзің армандағандай әдемі өмірге ұмтылған адамның ұтылмасы анық.

0 Пікір Кіру