Журналистика жастар жылында жаңа деңгейге шыға ала ма? - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Таптаурын кездесулер, мәнсіз басқосулар уақыт өткізудің амалына айналмауы қажет

«Жастар жылы» деп жар салған екенбіз, биліктің де көп жастың үміт етіп отырған мәселесіне ден қоятын уақыты келді. Бір жылда көп мәселе шешіле қоймас. Дегенмен, Президент пәрменімен іске асатын жыл жастарды бір алаңға жинап, ақыл айтып, арқадан қағып, мақтау-марапатқа кенелтетіндей болмауы керек. Таптаурын кездесулер, мәнсіз басқосулар уақыт өткізудің амалына айналмауы қажет. Нақты мәселелерді санамалап, бюджеттің де салмағын саралап, жастардың ойындағысын іске асырудың механизмін тапқан дұрыс. Осы орайда біздің де жас буын ретінде ойға салмақ салып, ұсыныс-тілек білдіруді дұрыс деп таптық. Себебі журналистика саласында да жаңалықтың болғанын қалаймыз. Қалам ұстаған қауым қоғамның мәселесіне келгенде қарап қалмайды, әйткенмен біздің де іште қайнап жатқан ділгір мәселелер аз емес. Соның бірі бірнеше жылдан бері БАҚ-тың бас тақырыбына айналған баспана мәселесі. Талай азулы қаламгерлер де сөзден өткізіп, биліктің құлағына жеткізсе де, ресми билік журналистердің статусы айқындалмағанын алға тартып, баспана бақытына батыра алмай келеді. Бірден-бір бағынысты ведомоство да құр қалмаймыз деп журналистерді жылда дәмелендіріп қояды. Дегенмен жүйе журналистердің қоныс тойын тойлауға әлі ерте екенін сезіндіріп келеді. Осы тектес оймен үндес мәселені кезінде басылым арқылы да көтергенбіз.  Журналистерге жатақхана салынса деген игі ойды тағы да салмақтай түссек дейміз.

Аймақта тіркелген тоқсаннан аса БАҚ құралы бар. Оның тең жартысынан көбінде жастар қызмет етеді. Сол тілшілік тіршілігінде жүргендерді баспана қинайды. Әсіресе, отбасылы жас журналистер екі есе қиналады. Мемлекеттік жеңілдікпен үй ала алмайды, оның тетігі қаралмаған. Себебі статусымыз нақтыланбаған. Әрине, баспанамен қамту жеке адамның шаруасы деп мәселені ысырып қоюға болады, дегенмен тек журналистер емес, барша шығармашылық жастарға арналған отбасылық жатақхана салынса деген ұсыныс бар. Себебі театрда, мәдениет үйлерінде қызмет етіп, өнерге үлес қосып жүрген жастардың ішінде қайнап жатқаны да осы проблема. Бұл бір.

Баспана бақыты бұйырмай тұрған БАҚ-тың бұл бір ғана мәселесі емес. Кәсіби жетілу, ізденіс пен бәсекеге қабілеттілік қағидатында да билік назар қоятын жағдайлар бар. Себебі ақпараттық саясатқа салмақ салып жүрген журналистерге кәсіби қолдау қашан да керек. Билік тарапы ынталы жастарды ағылшын тілінде тегін оқыту ісін бастаса және бұл тек ақылы курстағыдай келдім-кеттім емес, нақты ақпарат таратудың жолын үйрететін оқыту алаңы болуы керек. Мұны неге айтып отырмыз? Білсеңіз, жер-жаһанда тарап жатқан 90 пайыз ақпарат – ағылшын тілінде. Бізге оның ауылы алыс деу қисынға келмейді. Ақпаратты аймақ көлемімен шектеу дұрыс емес. Бір ғана мысал, өңірде жылына екі рет «Байқоңыр» инвестициялық форумы өтеді. Сырт елден келетін спикерлермен сұхбаттасу түгілі, инвесторлардың түпкі ойын білуге қиналамыз. Себебі аймақта тіл білетін журналист жоқтың қасы. Содан барып ресми мәтіндегі баспасөз баянынан әрі аса алмай келеміз. Бұл жеке журналистің шаруасы деу қасаң пікір. Сондықтан, биліктің аз ғана бюджетін ағылшын тілінде ақпарат тарата алатын журналистер пулын жасақтауға жұмсау керек. Ағылшын тіліне қауқарлы журналистер тек Қызылордада емес, республика көлемінде де әлі күнге дейін проблема. ЭКСПО көрмесі кезінде де, Сирия процесі уақытында да ағылшын тілді мамандармен сұхбат жүргізуде журналистердің аудармашы көмегіне жүгінуі бүгінгі БАҚ-тың ағылшын тілінде сөйлей алмауының проблема екенін тағы бір дәлелдеді. Дегенмен, бұл тіл білетіндер мүлдем жоқ деген сөз емес. Ірі республикалық телеарналар журналистерді ағылшын тілінде оқыту ісіне ден қоя бастады. «Болашақ» бағдарламасымен де мұхит асып, тілдік базасын жетілдіріп келген журналистердің де жолы қалыптасуда. Әйтсе де, аймақтарда, өңір аудандарында журналистердің тіл үйренуге деген қолжетімділігіне жете мән берілсе деген ой қылаң береді. Бұл екі.

Негізінде шетел елде журналистердің білімін ұдайы жетілдіріп отыруға баса мән береді. Себебі ақпараттың өтімділігіне жауапты журналистің кәсіби білім алуына билік қарап қалмайды. Тіпті тың тақырыпты соңына дейін жеткізген журналистке арнайы сыйақы да қаралады. Ал, жаһан жұрты білетін АҚШ-тағы «Эмми» сыйлығы, Ресейдегі «ТЭФИ» сыйлығы тілшілердің табан ақы еңбектеріне мотивация беріп келеді. Қазақстан журналистикасында ұлттық сыйлық болуы керек деген ой таразы басына түскелі бері біраз жылға таяп қалған. Бірақ, айтылар ой жерде қалмады. ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі телевизиялық «Тұмар» сыйлығы мен мерзімді баспасөзге арналған «Үркер» сыйлығын табыстауды бастады. Бұл журналистиканың жаңалығына баланды. Енді, келер жылы жас журналистерге де екпін берілсе деген ұсыныс та жоқ емес. Себебі бүгінгі журналистикада жанрлар жоғалып барады. Соның ішінде журналистік зерттеу бағыты әлі де жандана қоймады. Қаржы олигархтары, банктердің пайыздық саясаты, жемқорлардың жымқырған қаржылары журналистік ізденісті қажет етеді. Сондықтан жастар арасында жылына бір рет «Үздік журналистік зерттеу» байқауы өткізілгенін жөн көремін. Тақырыпқа терең барған журналистке қаржылай қолдау көрсетілсе, аймақтағы өткір мәселелер тасада қалып қоймай, жанр жанданады. Бұл төртінші биліктің тағы бір тынысын аша түсер еді.

Бүгінгі БАҚ-тың үштағаны осы үш мәселеге ғана тіреліп тұрған жоқ. Дегенмен жастар жылында журналистика жаңа бір деңгейге көтерілуі керек. Тілшіліктің тіршілігінде жүргендердің де түпкі ойы осы ойлармен үндеспек.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН


0 Пікір Кіру