2 пайыздық несие кімдерге беріледі? - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Әлеуметтік көмек әлеуметтің әлеуетін арт­тыруына ықпал ететін күн алыс емес

Үкімет соңғы жағдайларға байланысты көпбалалы отбасыларға қараса бастады. Себебі 5 баланың ажал құшқаны әлеуметтік мәселенің өткір екенін дәлелдеді. Осы ретте билік жаңа бағдарлама әзірлеп, жеңілдетілген несиенің жолын ұсынуға тырысты.

Көпбалалы отбасыларға 2 пайызбен берілетін бағдарлама мамыр айында жүзеге асады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баспаналар тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы іске асатынын қаперге салды.

Жеңілдетілген несиелерді кімдер алады? Көптің көкейінде тұр­ған сұрақ осы. Министр көпбалалы отбасылар мен қатар мүгедек балалары бар немесе мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар 20 жылға дейін баспана ала алатынын құлаққағыс етті.  Несиенің алғашқы жарнасы 10 пайыз, жыл­дық ставкасы 2 пайыз. Баса айта кетерлігі, мамандар ал­ғаш­қы жарна ретінде тұрғын үй сертификатын пайдалануға мүм­кіндік бар дейді.

Министр жеңілдетілген несиені толықтай орындау үшін жыл сайын 50 млрд. теңгеден 150 млрд теңге қажет екенін естен шығармады. Айтуынша, бас-аяғы 2 жыл ішінде 22 мың отбасы жеңілдікке ілініп, қуанышқа кенелмек.

– Жыл сайын 6 мың несие беру жоспарлан­ған. Сонымен қатар, әкімдіктер тарапынан 2 мың пәтер сатып алу қамтамасыз етіледі. 3 реттік айналым есебінен 25 жылда 56 мың көпбалалы отбасыға займ беріледі, - деді Роман Скляр.

Баспана талай қазақтың бүгінгі бар проблемасы. Министр жас мамандардың үйлі болуына Үкіметтің де мүделлі екенін жасырмады. Айтуынша, мамандарды баспанамен қамту үшін бюджеттен 21 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Үй берудің жолдары барлық жасқа мүмкіндік бермейді. Ведомоство басшысының сөзіне сенсек, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 мың жалдамалы пәтер құрылысына 7,2 млрд теңге қаралған. Демек, жас мамандар үшін 3 жылда 3 мың пәтердің құрылысына 21,6 млрд теңге қаржы шешіліп қойған.

Билік тарапынан берілетін әлеуметтік кө­мектің негізгілері осы. Министр тағына отырған Роман Скляр мамыр айынан бастап бағдарлама барысы нақты іске асатынын нықтады. Демек, әлеуметтік көмек әлеуметтің әлеуетін арт­тыруына ықпал ететін күн алыс емес.

0 Пікір Кіру