Элиталы мектептердегі бір жылдық оқу құны қанша? - на finance.bugin.kz
Шапағат Сердәліқызы  - на finance.bugin.kz Шапағат Сердәліқызы

Кімнің қолы жетеді?

Әйгілі шетел киноларын тамашалап отырып, олардың балалары оқитын мектеп жүйесіне қызыға таңдай қағып жүрген шығарсыз? «Балам осындай мектепте оқыса», – деп армандаған да боларсыз?

Енді, шетелдік мектептердің оқу базасына қызығудың қажеті шамалы. Тек, қалтаңыз ұятқа қалдырмай, балаңыз қабілетті болса болғаны. Себебі, элиталы, сапалы білім беретін, қалталылардың балалары қолжеткізе алатын мектеп біздің елде де бар.

Олардың беретін білімі ешбір шетелдік мектептерден кем емес. Соған сәйкес, бағалары да айтарлықтай жоғары. Тіпті, қарапайым студенттің бір жылдық оқуына төлейтін ақшасынан да асып түседі. Сонымен қаржысы да, білімі де жоғары еліміздің бас қаласында орын тепкен білім ордаларының ерекшеліктерімен, бағдарламалары және бағаларымен таныса отырыңыздар.

Алғашқы мектеп Nurorda мектеп-лицейі. «Nurorda» мектебінің басты мақсаты – бәсеге қабілетті, жан-жақты дамыған, еркін ойлай алатын тұлға қалыптастыру. Оқушыларға өздерін қызықтырған 19 үйірменің қалағанына қатысуға мүмкіндік жасалған. 7 сынып оқушыларына емтихан нәтижелері бойынша 100 % жеңілдік ұсынады. Бұл мектептің жылдық оқу ақысы – 2200 000 теңге.

«Мирас» халықаралық мектебінде гранттар бөлінбейді. Мектепте 12 елден келген ұстаздар жұмыс істейді. «Мирас» мектебі оқушыларға орта білімді халықаралық стандарттарға сай білім алуға жағдай жасайды. Онда француз тілінде оқығысы келген шетелдік шәкірттерге арнайы бағытта сабақ беріледі.

Бұл мектепке қабылданудың бастапқы құны – 1-сыныпта 3,4 млн.

Еліміздің бас қаласында орналасқан тағы бір аты дардай мектеп «Республикалық физика-математика мектебі». Мектеп ішінде медиа нарықта үлкен сұранысқа ие болған ТEDx бағдарламасы жүргізіледі. Қабылдау кезінде міндетті түрде ағылшын тілін білу деңгейі тексеріледі. Оқу ақшасы төменгі сыныптарға – 800 000, жоғары сыныптарға – 980 000. Оларда мемлекеттік грант бөлінеді.

Ел арасында «NIS» аталып кеткен физика-математика бағытындағы білім беретін Назарбаев Зияткерлік мектебі ата-аналардың балаларын оқытқысы келетін мектептердің қатарында. Артықшылықтары – 120 орынға арналған интернат, ағылшын тілін өте жақсы игеру, белсенділік, шет елдерге шығу мүмкіндігі, жаңа технологиялар арқылы оқытылатын қызықты, әрі сапалы білім, IELTS-ті тегін тапсыруға жағдай жасалған. Екі кезеңді қамтитын конкурс бойынша балаларды қабылдайды. Бір жылғы оқу ақысы «Өркен» Тұңғыш Президент білім беру гранты бойынша бөлінеді. Ол үшін 7-11 сынып оқушылары талапқа сай білім тексеру емтихандарынан өтуі керек.

Қаржыға тәуелді заманда, оқушылардың экономикалық тұрғыда сауатты түлек болғаны артықтық етпейді. Үкімет оны да ойластырып қойған. Оның көрсеткіші – Экономикалық лицей.

«Экономикалық лицейде» оқу бағдарламасы бірнеше бөлімдерді қамтиды. Кеңейтілген оқу бағдарламасы бойынша ағылшын, орыс тілдерін, визуалды геометрия, экономика, шахмат, информатика, математика пәндерін оқиды. Қосымша сабақтар да бар. Біліктілікті арттыру курстарының 10-11 сыныптары ағылшын тілін аптасына 6 сағат оқиды.

Студенттерді лицейге қабылдау сұхбат пен тестілеуге негізделген. Қабылдау оқуға бос орын болған жағдайда іске асады. Экономикалық лицейдің бір жылдық оқу ақысы – 700 000 теңге. Грант бөлу мәселесі қарастырылмаған, яғни, бөлінбейді.

3-17 жас аралығындағы жеткіншектерді тәрбиелейтін «QSI халықаралық мектебі» оқушыларға ағылшын тілінде білім береді. Бала академиялық білім алу барысында білімді алып қана қоймай, оны қайда және қалай қолдану керектігін біледі. Оқу жоспарына сай математика, жаратылыстану ғылымдарын, бейнелеу өнерін, информатика, шет тілдері, музыка, мәдениет, дене тәрбиесін тереңдетіп оқытады.

Халықаралық мектепте, 30 оқу кабинеті, кітапхана, 3 компьютерлік сынып, бейнелеу өнеріне арналған аудитория, ғылыми зертхана бар. Мектеп кітапханасынан балалар заманауи компьютерлік бағдарламалар арқылы 13 мыңнан астам кітап қорын пайдалануға мүмкіндік алады. Онда қабылдану үшін сауалнама толтыру, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, оның алдында оқыған мектебінің есеп беру парағы, егу паспортының көшірмесі, бір рет төленетін тіркеу жарнасын төлеу қажет. Бір жылдық оқу ақысы теңгеге шаққанда –8 440 500 теңге. Грант бөлінбейді.

Келесі «Haileybury Astana» мектебі. Ол Англия мен Уэльстің ағылшын тілінің білім беру жүйесінің стандарттары мен ұлттық оқу жоспарлары бойынша оқытатын Халықаралық ІВ мектебі. 2-18 жастағы балаларға білім береді. Кешенді спорт орындары UEFA стандарттарына сай. Оқу блоктары, жаттығу залы мен футбол алаңы, жабық ойын алаңдарымен қоршалған амфитеатры бар. Мектепке қабылдану үшін үміткерлер жазбаша тест тапсырып, жоғары сынып қызметкерімен әңгімелеседі.Бір жылдық оқу ақысы – 7735 000 теңге.

Жоғарыдағы бағаларды біліп, санаңызда «ол мектептерде кімдердің балалары оқиды?» деген заңды сауал туындары анық. Сауалға жауап мақала кіріспесінде баяндалды. Әрине, оларда ауылдағы қарапайым тракторист пен еден жуушының баласы білім алмайды. Нарыққа сәйкес қоғамдағы тұрмыс-тіршілігіне сай бөліну білімге де ауыз салған заманда қарапайым жұмысшы баласының оқуына артына бірнеше нөлдерді ілестірген соммадағы қаржыны қайдан тауып бере қойсын?! Амал жоқ, баршаға ортақ мемлекет міндеттеген орта білім беруге арналған мектепке береді. Осыдан барып, білім саласында бөлініс, жасөспірімдер санасында «ақшасыз жоғары оқуға түсе алмаймын» деген түсінік қалыптасады. Бұған «жақсы маман болу үшін, абыройлы оқу ордасының дипломы керек» деген жазылмаған қағиданы қосыңыз. Бірнеше түсінік қосыла келе, таптық бөліністің білім саласына да ауыз салғанынан хабар береді. Бұл жерде білімді бизнес көзіне айналдырған пысықайлардың әрекеті айтпаса да түсінікті. Мұндайда мемлекет бөлген грант туралы айтудың өзі артық. Бөлінген күнде оның орны құмға сіңген тамшыдай ғана.

P.S. Осыдан біраз уақыт бұрын танымал «Forbes» журналы білім беруде бағасы қымбат тұратын элиталы мектептер тізімін жариялаған болатын. Ондағы ресми дерек көздерінің мәліметінше, әлемдегі ең бағалы білім ошағы «Патшалар мектебі» деп аталып кеткен«Institute Le Rosey» мектебі алдыңғы орында. Ал, қазақстандық ақылы мектептердің қайсысы бәсеке басында? Бағасына қарап, бағамдай беріңіз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


0 Пікір Кіру