Қазақстан әлі де қағазбастылықтан құтыла алмай келеді - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Бізде балабақша, мектеп, университеттің базалары бір-бірімен байланыспайды

-  Нұрлан Серікұлы, Украинада әрбір бесінші адам ІТ саласымен айналысады екен. Тіпті 40 жастан асқан азаматтарының өзі болашағын ІТ бағытпен байланыстырады. Соның әсерінен болар, Украина жалпы ішкі өнім көлемінің 30 пайызын осы сектор арқылы көріп отыр. Біздің ІТ саласындағы аяқ алысымыз қай деңгейде? Материалдық ресурсымыз, адами капиталымыз дайын ба?

- Мен қарапайым мысал арқылы түсіндірейін. Қазір балаға да, басқаға да жаппай ағылшын тілін оқытып жатырмыз ғой. Жаһандық талап деген дұрыс шығар, бірақ білсін-білмесін тықпалап әуре болудамыз. Өткенде бір әріптесім көрші Өзбекстанға барып қайтты. "Олар ел азаматтарына ағылшын тілін міндеттемейді. Жаңа президент билік басына келгелі бері сауда айналымын ашық етіп, нарыққа жол салды. Шетелдіктердің емін-еркін кіріп, сауда жасауының әсерінен кәсіпкерлер де бизнесі үшін ағылшын тілін саналы түрде өздері меңгеріп жатыр" деп таңғалып келді. Мәселен, дүкенге ағылшын азаматы келе қалса, саудагер одан қаржы түсіріп қалу үшін тілді үйренуге мәжбүр болады. Демек, адам нарықтың талабын толық түсінген сәтте ғана қозғала бастайды. Дәл осы ағылшын тілінің жағдайы секілді ІТ саласында да нарық жоқ. Маман даярлауда аса бір проблема бар демеймін. Бірақ, Үкімет сұранысқа керек емес мамандықтарға қайта қаржы бөліп, керек салалардың грантын шектеп отырғанға ұқсайды. "Enbek.kz" сайтындағы мәліметке қарап осылай пікір білдіруге болады.


- Сонда қай салаларға қажеттілік жоқ деп ойлайсыз?

- Министрлік талдамалы ақпаратында 10 мамандықтың нарық талабын ескермейтіні анықталған. Олардың қатарында заңгер, экономист, биология пәнінің мұғалімі, ғылыми қызметкерлер бар. Қарап шықсаңыз, біраз мамандықтарға аналитикалық талдаулар жүргізген.

Біздің аймақта да проблемалар бар. Мәселен, "желі администраторы" маманын даярладық делік. Қызылордада қарамағында 30 адамы бар мекемеге бұл маманның керегі жоқ. Ал, қызметкері 100-ден асқан кәсіпорын не мекемеге желі администраторы маманы қажет. Өзіңіз білесіз, біздің аймақта қызметкері аса көп компаниялар санаулы. Олардың барлығында желі администраторы мамандары бар. Олардың жасы 30-35-ті шамалайды. Демек, кемі 10-15 жылсыз жас мамандарға жұмысты босатпайды. Содан барып, желілік әкімшілік мамандығын бітіріп шыққан бала жұмыс таппайды, әр мекеменің тапсырысын орындап, бір орында тұрақтап қалмайды. Болмағасын өзге аймаққа немесе шетелге кетіп қалады. Мен ІТ саласында тәрбиеленіп шыққан жастардың талабына қызығамын. Бір іске маманданып, тәжірибе көрген кезде жұмыс таппай қиналады. Өз бағасын білетін дәрежеге жеткенде жастардың бірқатары әкімшіліктің 70 мың айлығына жұмыс істегісі келмейді. Себебі үлкен нарықта одан 3 есе жоғары жалақысы бар жұмыс шақырып алады. Сананы тұрмыс билейтін уақытта қайда жоғары жалақы ұсынады, жастар соған қарай әрекет етеді. Қысқасы, ІТ саласына керек мамандар нарықтың толық орнамауынан, өздерін керексіз сезінгеннен кейін жайлы орын іздеп кете береді.

- Сіз талабын байқаған шәкірттеріңіз сайт жасап, көзге көрініп жүр емес пе?

- Біздің өңірде веб-сайттың мектебі жақсы қалыптасқан деп айта аламын. Студент кезден идеясы қалыптасып, ерекше сайт жасап, азын-аулақ қаржы тауып жүрген жастар бар. Өзіңіз білесіз, орай келген уақытта жастар арасында ІТ бағытында конкурстар ұйымдастырып келеміз. Сол байқаудан сайдың тасындай іріктеліп шыққан жастарды бизнес секторға ұсынып, жобаларына көңіл бөлуін сұраймыз. Бірақ, қазіргі медианарық сайттың да қажеттілігін төмендетіп бара жатыр. Бәрі әлеуметтік желі арқылы бизнесті жүргізуге көшті. SMM маркетингтің дәуірі туып тұр. Бұрындары компаниялар жеке брендін қалыптастыру үшін сайт әзірлеуге тапсырма беретін. Сол кезде менің шәкірт­терімнің біразы кәсіби шыңдалып, әрі қаржыға кенеліп қалатын. Қазір нарық бәсекесі жарна­маның уақытын талап етті. Әлеуметтік желімен жұмыс, фрилансерлік қызмет жандана бастады.

- Нарықтың жоқ екенін нақты айтып отырсыз. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Ресей грантымен оқуға жіберген жастарының біразы ІТ саласында оқуда. Қазір сол талапкерлердің алғашқы мамандары лег-легімен елге оралуда.  Кадрларды өңірде ұстап қалуда проблемалар болмай ма?

- Қызылордада ІТ саласында сұраныс төмен. Бизнес енді ғана көтеріле бастады. Ірі бизнес тек мұнай компанияларында, орта бизнестің аясы тар, базардан нәпақа тауып жүргендер кіші кәсіпкерліктің айналасында. Ірі компаниялар ІТ саласын мамандарын әзірге толық қажет етпей тұр. Ал, ребрендинг жасап, өзі ісін ілгерілететін мейрамхана, кәсіпорындардың да тапсырысы шектеулі. Әрине, облыс әкімінің грантымен оқып келгендерге жұмыс табылып қалар. Себебі оларды "жұмыс көзі толығымен шешіледі" деп оқытты. Бірақ, айналып келгенде, бәсеке болмаған жерде даму болмайды. Халықтың санының аздығы нарыққа жол ашпай тұр. Кәсіптің көзі жанданып, ірі компаниялар ашылса, ІТ мамандарына да сұраныс артады. Бірақ жоқ деп тағы да құр қарап отырған болмайды. Өзіңіз білесіз, Қызылордада "Zhas Progect" жобасы аяқталды. Грант алған жастардың дені құрал-жабдықтары болғанымен, әрі қарай қимыл етуге қорқады. Осы кезде екі ортада қалып тұр. Соған орай ІТ салаға жанашырлықпен қарайтын әріп­тестеріммен бірлесе келе бір жоба жасамақпыз. Бизнесті бастамаған балаларға тек мотивация беріп болдық, енді нақты әрекет керек. Жастар­дың арасында Қызылордада кәсібі жолға қойыл­ған компания басшыларымен кездестіріп, орта бизнес аясын кеңейтуді мақсат етіп отырмыз.

- Сіз проблеманы ашық айттыңыз. Бірақ, ІТ саланың басты тетігі - халыққа қолайлы жағдай жасау емес пе? Өңірде бірқатар жобалардың басталғанынан хабардармыз. "Ақылды қала" жобасының да игілігін көретін күн жақын ба?

- Әрине, барды бар деп айтайық. Қазіргі таңда "Ақылды қала" жобасы толығымен дайын деуге келеді. Оның барлық тетіктері шешілген. Бірақ, біздегі жобалардың жайына келгенде екі сұрақ туындайды. Сырт елдің дайын өнімін аламыз ба, әлде өзіміз шығарамыз ба? Әрине, Үкімет үшін шетелдің дайын бағдарламалары керек. Себебі ІТ саласының жаңалығын ерте көргісі келеді. Мәселен, бәрі жинақталған шетелдік құрылғы­лар­дың көмегімен бір бөлмені "Ақылды қала" режиміне айналдырғыңыз келсе, 30 мың теңге қаражат саласыз. Ол деген не? Айталық, сіз шәйнегіңіздің қайнағанын, жарығыңыздың сөніп-сөнбегенін, үйіңізге бөгде адамның кіріп бара жатқанын телефон арқылы басқара аласыз. Ал, егер осы жүйені өзіміз жасайтын болсақ, оған керек қаржы 3 есеге дейін көбейіп кетеді. Мысалы, жарықты реттейтін бір датчиктің өзі 1500 теңгені құрайды. Ал, оны өзіміз құрас­тырсақ, осы датчиктің ішіне керек бөлшектердің әрбірін 1500 теңгеден сатып аламыз. Оның үстіне біздің қолдан жасаған өнімнің қауіпсіздігі де аса жоғары емес. Сайып келгенде, материал Қытайдыкі, оны жинап, оған бағдарлама жазған қазақ ғана болады.

Тағы бір жоба. Өткенде ғана Астанада "Сергек" дейтін жоба таныстырылды.  Камера арқылы адамның бет-әлпетін танитын программа. Мұны неліктен Қызылордаға әкелмейміз десек, кіріс көзі Астананың бюджетіне кетіп бағытталып кетеді дейді. Көрдіңіз бе, әр аймақ өз бюджеті үшін жұмыс істеу принципіне сүйенеді.

- Өткенді бір жиын барысында сервистік қызметтердегі жүйелердің арасында бай­ланыс жоқ деп қалдыңыз. Халық жиі пайда­ланатын "Egov.kz" электронды порталының ара-тұра істен шығып кететіні де сол жүйедегі байланыстың болмауынан ба?

- Иә, ол рас. Қазір медицинада бірыңғай база жасалуда. Бірақ әрбір аймақ науқастардың мәліметін өз жүйесіне салып әзірлейді. Әр өңірдің базасының әртүрлі жасалуынан ортақ жүйеде шатасу жүреді. Бұл ІТ мамандары үшін аса қиын. Біз Кореяның тәжірибесін енгізуіміз керек еді. Ол елде әр жүйені бір платформа шеңберіне салып, таратады. Білім жүйесін ғана алайық. Мен Кореяға жұмыс бабымен барған уақытта іссапар қағазына қол қойдырып, мөр талап еттім. Сонда маған: "Сіздер әлі де қағаз жүйесімен жұмыс істейсіздер ме, мөрдің қажеті қанша?" деп қарсы сұрақ қойды. Енді ойлаңыз, 2012 жылдан бері 7 жыл өтті. Қазақстан әлі де қағаздан құтыла алмай келеді. Кореяда адамның туылған кезінен бастап ЖСН арқылы барлық мәліметтерді бір папкаға жинайтын жүйе жасаған. Балабақшаға барғандағы әрбір мәліметтері жиналып, мектепке жолданады. Мектептегі жетістіктері мен бағалары бір базада толтырылып, университетке жіберіледі. Яғни туылғаннан бастап қызметке кірген уақыт аралығына дейінгі мәліметтер бір жүйеде сақталады. Өте тиімді әдіс. Ал, бізде балабақша, мектеп, университеттің базалары бір-бірімен байланыспайды. Жүйелі жұмыстың болмай­тыны содан.

- Түптеп келгенде, "бәрі де жүйеге келіп тіреледі" дегенді алға тарттыңыз. Қазір мектептерде робототехника сыныптары ашылып жатыр. Оның ІТ нарыққа ықпалы бола ала ма?

- Міндетті түрде. Бұрындары біз армандап келген ІТ құралдары қазір мектептегі бала­лардың қолында. ІТ лицейдің ашылуы, маман­данған сыныптардың қалыптасуынан бала да ІТ-ге әуес бола бастайды. Көзбен көріп, қолымен ұстап өскен балалардың қорқынышы аз болады. Бірақ, мектептегі кейбір жүйелерде программалауды тым ауырлатып жібергенге ұқсайды. Бағдарламашы адам бір бағытты толық меңгеріп шығуы керек. Ал, ІТ-ге қажетті барлық бағдарламалардың мектепке аз уақытта енгізу әр істің басын шалу деп түсінемін. Содан барып университетті айыптау процесі жүреді. Біздегі орта білім мен жоғары білім арасында "кінәлілерді іздеу" жүйесі жүре береді.

- Өткен жылы ІТ бағытында Татарстан­мен өзара келісімге келдік. Облыс әкімінің өзі бастап барғанын білеміз. Қос тараптың келісімінің нәтижесін көретін күн жақын ба?

- Коммуналдық жүйелердің бірыңғай төлем жүйесіне ауысуы, балабақшалардың  баланы онлайн қабылдауы, денсаулық сақтау саласында да түрлі жобалардың цифрлануы осы келісімнің нәтижесі деп ұғынсақ қателеспейміз. Смарт үйлерді салу бағытында да мамандар тәжірибе алмасып қайтты. Нәтижені талап етуге асықпау керек.

- Біздің ақпаратты тұтыну деңгейіміз, қауіпсіздік мәселесі сізді қаншалықты алаңдатады?

- Өте орынды сұрақ. Ақпараттық қауіпсіздіктің жайын жете түсінбейтініміз ойлантады. Мекемелердегі деректер базасындағы қауіпсіздік аса сақтала бермейді. Негізінде әлемдік геосаяси мәселенің бірі осы ақпараттық қауіпсіздік екені үнемі айтылып келеді. Сол жаһандағы ақпараттық соғыстардың салқыны бізге де әсер етеді. Сондықтан жастарға ІТ саласында сауатты әрі заманауи қажеттіліктерді уақытында біліп отырған артықтық етпейді.

0 Пікір Кіру