Бай болам десең қой өсір - на finance.bugin.kz
Жәнібек Сұлтан - на finance.bugin.kz Жәнібек Сұлтан

"Топқұдықта" төрт түлік төлдеп жатыр

Еліміздегі барлық шаруа қожалықтарда төл алу науқаны басталғалы біраз болып қалды. Қазір қойшының қойы қоздап , қорасында шуы басылмай жатқан шағы. Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданына қарасты Луговой ауылының төменгі жағындағы құм жиегінде орналасқан «Топқұдық» деген жерді бетке ұстап келеміз. Шынымды айтсам бұрын «Топқұдықта» болып көрмеппін. Шөбі шүйгін, өрісі малға, қонысы қойшыға жайлы жер екен.

Жол бойы тегіс сақпан, жаңа туған қошақандарын ерткен «Еділбай» тұқымды қазақы қойларды көріп, тоқтай қалдық. Шопанмен сөйлесе келе, өрістегі 500-ден аса жайылып жүрген қойдың «Нартай» шаруа қожалығына тиесілі екенін білдік. Сөйтіп шопаннан қойшы қосыны орналасқан жерді сұрап, әрмен қарай жүре бердік. Көп ұзамай діттеген жерге жетіп, «Нартай» шаруа қожалығының басшысы Берік Қарақойшиевты сөзге тартып,әңгіме барысында сақпан жайын сөз етіп, ұзақ сөйлестік.

– Биылғы науқанның нәтижесі жаман болған жоқ. Қазақта «Ақпан келді дегенше, сақпан келді десеңші» деген үйреншікті сөз бар. Осы сөзді қаперімізде берік ұстанып, жыл сайын қой төлдету маусымына ерте дайындаламыз. Биылғы сақпан ақпанның 20-сынан басталды. Жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп, барлық саулықты дін аман төлдете алдық. Қазір қорада он-он бес қана саулық тұр. Көп ұзамай олар да төлдейтін болады. Осылайша биылғы көрсеткіш 100 пайызға орындалмақ, – деп атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп берді.

Берік Момыналыұлы Абай ауылында туған. Кезінде селолық советтің төрағасы,Абай атындағы колхоздың бастығы болып қызмет атқарған азамат. Үш жыл бұрын Рәшхан апамыз екеуі «Нартай» шаруа қожалығының іргесін қалап, мал шарушылығымен бірге егін шаруашылығын да қатар жүргізе бастапты.«Нартай – кенже ұлымның есімі. Үйдегі апаң екеуміз ақылдаса келе қожалықтың атауын ұлымыздың есімімен атауды жөн деп таптық. Бүгінде ол қожалықтың жұмыстарына көмектесіп, қолғабыс етіп жүр. Әсіресе, егін шарушылығына өте бейім. Қазіргі таңда қожалыққа тиесілі 6000 гектар жер бар. 30-40 гектар алқапқа жоңышқа сеуіп, қыстық мал азығын да дайындаймыз. Осының бәрімен тұрақты түрде 10-ға жуық жұмысшы айналысады. Жыл сайын оларға да қожалық жеріне егін егуге рұқсат етіледі»- деп егін шараушылығының жайкүйін мәлімдеп берді.«Төл алудың нәтижесі биыл көз қуантады. Енді алынған төлді дін аман өсіру міндеті шопандарды қатты қыспаққа алмағандығын да айта кетейін. Одан бөлек сақпан кезінде ептілік танытқан сақпаншы жігіттерге де алғысымды айтамын. Әсіресе сақпаншы Нұрлан Қохаевтың еңбегіне дән ризамын»- дейді шаруа қожалығының жетекшісі. Біз «Топқұдықтан» қайтқан бетте Абай ауылдық округнің әкімі Мұрат Арыстанбековпен жүздестік. Ол кісі Берік ағамыз жайында ұзақ әңгімелеп, ауылдағы аз қамтылған отбасыларға қайырылымдылық көрсетіп жүрген жомарт жандардың бірі екенін де тілге тиек етті.

Сонымен, шопанның «қызыл қырманы» да аяқталып келеді. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп сақа малшылар текке айтпайды. Қазір базардағы марқа қозының құны 30-32, ал, семіз қойдың бағасы елу мың теңгеден асып тұр. Бұл кейбір қойға қырын қарайтын ағайындарға ой тастайды деген ойдаймын.

СУРЕТТЕ: «Нартай» шаруа қожалығының басшысы Берік Қарақойшиев және аға шопан Тұрар Шыңбаев.

1 Пікір Кіру
  • ❄_Nurshat YERSAIYN_❄ 17 Сәуір, 2019

    Бабадан жалғасып келе жатқан берекелі кәсіп қой, алайды қиындығын алға тартып көбі мойын бұра бермейді бұл іске. Ебін тапса нағыз табыс көзі ғой.