Қазақстандықтардың «көрінбейтін» салықтары қандай? - на finance.bugin.kz
Alisher - на finance.bugin.kz Alisher

Біздегі азаматтар шын мәнінде өзінің қанша салық төлеп жатқанын, ол салықтар қайда кетіп жатқанын білмейді. Егер білсе, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын медиадан өз құқығын қорғайтын бейтарап хабар талап етер еді

Қазақстан – салық төлеу деңгейі төмен елдердің қатарында. Мәселен, Швеция азаматтар табысының шамамен 62%-ын салыққа жұмсаса, қазақстандықтар небәрі 10%-ын жұмсайды. Дегенмен бұл шын ақпарат па? Анық-қанығын экономист-сарапшы Айберген Елеусізов айтып берді.

"Біздің табысымыздың 10%-ы ғана емес, шамамен 30-40%-ы салыққа кетеді. Азаматтардың бұл салықтарды төлеп жатқаны мүлде сезілмейді. Себебі оларды азаматтар атынан жұмыс беруші мен өндіруші төлеп тастаған.

Мысалы, А. есімді жұмысшының 100 000 теңге айлық алуы үшін, жұмыс беруші 120 000 теңге: 10 000 теңге табыс салығын, зейнетақы қорына 10 000 теңге міндетті аударым төлеуі керек.

Тұтыну тауарлары мен қызметтерге салынатын 12% қосымша құн салығы бар. Бұл салық та бізге байқалмайды. Себебі ол тауардың бағасына қосылып кеткен. Дүкеннен 100 теңгелік тауар алған кезде, тауарға – 88 теңге, салыққа – 12 теңге төлеп жатырмын деп есептей беріңіз. 

Егер А. табысының барлығын тұтыну тауарлары мен қызметтерге жұмсайтын болса, 12 000 теңгеақшасын қосымша құн салығына аударған болады. Бастапқы 120 000-нан 88 000 қалды. Бұл 10% емес: шамамен 30%", – деп түсіндірді Айберген Елеусізов.

Қосымша құн салығына қосымша бензин, дизель, алкоголь, табак және тағы басқа тауарларға салынатын акциздер бар. Акциздер көтерілген сайын, бұл тауарлардың бағасы да көтеріледі. Ал бензин бағасының көтерілуі транспорт пен тауар тасымалының бағасына әсер етеді. Бұл тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы арқылы көрініс табады. 

"Жер салығы, баж салығы, автомобиль салығы, оған қосымша медициналық сақтандыруды қосыңыз. Бұлардың бәрін есептесек, мемлекетке өзіміз ойлағаннан әлдеқайда көп беріп жатқанымызды білетін едік", – деп топшылайды сарапшы.

Түйін мынадай: біздегі азаматтар шын мәнінде өзінің қанша салық төлеп жатқанын, ол салықтар қайда кетіп жатқанын білмейді. Егер білсе, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын медиадан өз құқығын қорғайтын бейтарап хабар талап етер еді. Ал мемлекет болса, салық төлеуші азаматтардан қаржыландырылып жатыр.

Швециялықтар өте көп салық төлейді деп едік  қой. Есесіне олар салықтың қайда кетіп жатқанын біледі. Әрбір швед салығының 27%-ы – денсаулық пен білім беру жүйесіне, 5%-ы – қорғаныс пен қауіпсіздікке, ал 42%-ы – әлеуметтік қамсыздандыруға кетіп жатқанын айта алады.

0 Пікір Кіру