Кәсіпкердің кінәсі не? - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Кәсіпкер отбасының проблемасы кеңесте ұзақ талқыланып, тиісті органдарға жолданып, мәселесі шешілетін болды

Ерлі-зайыпты Нұржан мен Айнұр сауда-саттықпен айналысады. Кәсіптерін кеңейту мақсатында өткен жылы жеке адамнан жер сатып алып, құрылыс жұмыстарын жүргізбек болады. Алайда осы жылдың 14 наурызында аталмыш жер теліміне қоршау жұмыстарын жүргізе бастағаннан кәсіпкер жанұяның проблемасы басталады. Оны кәсіпкердің жұбайы былай деп түсіндірді:

«Түнгі сағат 11-лер шамасында өзін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысымын деп таныстырған азамат жер телімінің басына келуді сұрады. Түннің ішінде жердің басына бардым. Маған әкімдіктің адамдары бұл жерден құрылыс сала алмайтындығымды жеткізді. Сосын қоршауды бүгін алып тастауды тапсырды. Алмаған жағдайда 1 млн.теңгеден астам айыппұл салынатынын айтты. Бірақ мен қоршауды алған жоқпын. Алайда таңертең барғанымда қоршауды бұзып тастапты. Мен бұл жерді алып, оған құрылыс  салу үшін несие алдым. Рұқсат құжаттарын алғаннан кейін құрылыс жұмыстарын жүргізуде кедергі болады деп ойламадым. Сондықтан да құрылыс компаниясымен келісім-шартқа қол қойып қойғанмын. Қазір екі ай болып қалды жұмыстың тоқтап қалғанына. Осы проблеманы ойлаймын деп ауырып та қалдым» ,– дейді Айнұр Қожагелдиева.

Мәселесін айтып, шағым білдірген кәсіпкердің жағдайын жақында Қызылордада Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің отырысында қаралды.  

Кеңес мүшелері кәсіпкерден қалалық әкімдік тарапынан берілген ресми хаттың бар-жоғын сұратып еді. Осы уақытқа дейін ешқандай құжат берілмеген болып шықты. Кәсіпкерге қалалық әкімдік тарапынан ауызша ескертулермен бірге өзге жерлерден жер телімдері ұсынылған.

Отырысқа қатысқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Жандарбеков қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержановтан кәсіпкерге не үшін түн мезгілінде хабарласқанын, қоршауды алып тастау үшін кәсіпкерге алдын ала қандай құжат берілгенін және аталмыш жер теліміне не үшін құрылыс жүргізуге рұқсат берілмей отырғандығын сұрады.

Кәсіпкер отбасының проблемасы кеңесте ұзақ талқыланып, тиісті органдарға жолданып, мәселесі шешілетін болды.

 

0 Пікір Кіру