Қаламгер қалтасын нарық қампайтады - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Бұл сауалдың тарқатар түйіні көп

Қазір бәрін нарыққа тірейтін заман орнады. Себебі экономика соған құрылады. Материалдық құндылық алға шыққан уақытта рухани қажеттілік екінші орынға ысырылып қала берді. Ақыл айтты демеңіздер, қазір көркем шығарманы іздеп оқитын, баспа жағалап, жаңа кітапты қолға қысып бара жатқан жандарды сирек көресің. Уақыттың тапшылығы шығар. Әйтесе де рухани байлықтан қол үзіп бара жатқанымызды байқаймай барамыз. Бұл сауалдың тарқатар түйіні көп. Неге десеңіздер, айтайық. Бүгінде қазақ жазушыларының «наны» жүрмей тұр. Сиясы кеппей, сөрелерде сан мың данамен сайрап тұрған жаңа кітаптардың өтімділігі аз. 

Амал нешік, жазушылардың қарымын нарық бағалауда. Бұрындары, Жазушылар одағы қаламгерлер кітаптарының шығуына септесіп, тіпті таралымына көмектесетін. Қазір мұндай көмек келмеске кетті деуге болатындай. Тек мемлекеттік тапсырыс негізінде шығатын бірлі-жарым кітаптың нарыққа шығуына мүмкіндігі бар. Шығармашылық саудаға салынған уақытта қаламгерлерге заманауи маркетингтік тәсілдерді меңгеру талабы көлденең тұр. Авторды титықтатып бітетіні осы. Қаламы төселген, айтар ойы ашық азаматтардың бір кітапты шығару жолында жанкешті еңбек ететіні, талай есіктің табанын тоздырып, мекеме жағалап жүргендерін жиі көз шалады. Мұның себебін елімізде әдеби агенттердің жоқтығымен байланыстыруға болады. Қазақ қаламгерлері өз өнімін әлемдік экспортқа шығаруы тиіс. Бірақ әдеби байланыстың жоқтығынан, қаламгерлер қазынадан қағылып жатыр. Әдебиеттегі өзекті мәселеге бізде үңіліп көргенді жөн көрдік. Елдегі кітап бизнесі, маркетинг-менеджмендтік әдіс-тәсілдерді жүргізіп отырған ұйымдардың әлеуетін білмекке ұмтылдық.

«Үкіметке әдеби-рухани мұра қажет емес...»

Әдеби агент – жазушы мен оқырман арасындағы дәнекер. Әрі табыс көзі. Мұны шетелдіктер әлдеқайда жолға қойып кеткен. Ал, Қазақстанда әдеби агентпен жұмыс жасайтын әзірге бір ғана жазушы бар. Ол – Рахымжан Отарбаев. Белгілі қаламгер бірнеше жылдан бері өнімін шет елге саудалап жүр. Бастапқыда айналымға шыққан кітаптарының табысы төмен болғанымен, қазіргі күйі жаман емес. Жазушының әңгімелері бүгіндері құрлық асып, әлемнің алпауыт тілдерінде аударылып басылып жатқаны Отарбаевтың әдеби агенттермен жұмыс жасаудың кілтін тапқандығын білдіреді. Жазушы бұған дейін берген бір сұхбатында биліктің рухани мұраға қалай қарайтынын айтып қынжылыс білдірген еді.

– Шетелге шыққан бірінші кітабыңыздан көк тиын пайда түспейді. Неге десеңіз, ол кітаптың жарнамасына, басып шығаруына, шет тіліне аударылуына олар өздері қаржы шығарады. Екінші кітабыңыз шығарда, арнайы келісім-шартқа отырады. Келісім-шарт бойынша, пайданың он пайызы сізге беріледі. Осылайша, кітап өкен сайын, оның пайызы да ұлғайып отырады. Негізгі пайда әдеби агентіңіз бен шетелдік баспаға түседі. Мен жалғыз адаммын. Менің артымда не Жазушылар одағы, не Үкіметім жоқ. Жазушылар одағының жағдайы онсыз да белгілі. Ал Үкіметтің әдебиетке бет бұрар түрі жоқ. Шетелдіктердің арасында жалғыз атты жолаушы секілді жүремін. Белгілі жапон жазушысы Мураками жөнінде бір сұхбатымда айтқан едім. Муракамидің артында бір қауым ел тұр, тіпті мемлекеті бар. Ортаңқол жазушы ғана. Бұл – менің өз ойым. Муракамиді қай тілге аудару керек, оған қанша шығын кетеді, одан қанша пайда түседі? Осының бәрі де жапон үкіметінің назарында. Оны он орап алатын қазақ жазушы ағаларым бар. Бірақ артында Үкіметі жоқ. Үкіметке әдеби-рухани мұра қажет емес. Соншама бай мемлекетпіз деп мақтанамыз, бірақ қалтаңда ештеңе жоқ, Сені тіреп тұрған ешкім жоқ. Осы жағы жанды қинайды, – дегені бар жазушының.

Байқап қарасаңыз, соңғы онжылдық көлемінде қазақ оқырмандары үшін түрлі таралымдағы жаңа жинақтар, толымды кітаптар шығарылуда. Жекеленген автор ретінде кітап басып жүргендері қаншама. Мұқабасы көзінді тартқанымен, оқылымы аз, өтімділігі төмен. Міне, осы мәселелерді тізбелеп, қазақ қаламгерлерінде әдеби агенттің болуы қажеттігін мінбелерде мәселе етіп жүрген «Bestseller KZ» әдеби агенттігінің негізін қалаушы Бақтыгүл Маханбетованың пікірін білу маңыздырақ. Табыс көзінің тасада қалып бара жатқанына жаны ашып жүрген қазақ қызы елдегі жазушылардың әдеби агенттердің қызметін алуға қауқары жетпейтінін өз көзқарасынан көруге болады.

– Өкінішке қарай, қазақ қаламгерлері арасында әлі де әдеби агенттіктің не екенін, оның қандай қызмет атқаратынын толық түсіне алмай жүргендер бар. Шығармаларды жарнамалау, қаламгердің қаламақы жағы көңіл көншітпейді, авторлық құқықты сақтауды назарда ұстайтын мамандардың жоқтығы, кітап жәрмеңкелеріне, түрлі халықаралық әдеби конкурстарға авторлардың аз қатысуы, тіпті мүлдем қатыспауы – әдеби ортадағы түйткілді мәселелерді шешетін, тиісті менеджерлер мен әдеби агенттердің болмауынан туындап отыр, – дейді.

Рас, қазіргі ахуалдың нақты бағасы осындай. Мемлекеттің көмегін күтіп отыра беруге тағы болмас. Жазушылар оқылымды дүниелерді жазып, жеке дара әдеби агенттермен жұмыс жасаудың тетігін тапса мәселенің түйіні тарқатылады.

Кітап маркетингі қай деңгейде?

Кітаптардың оқырманға тұрақты түрде жетуі – тек жазушыға ғана тіреліп тұрған жоқ. Себебі кітаптың өту-өтпеуін нарық шешеді. Маркетингтің қадамдар арқылы кітап бизнесін дөңгелетіп отырған дүкендер баршылық. Оның басым бөлігі Алматы, Астанада шоғырланған. Қомақты кітап қорымен жабдықталған дүкен сөрелеріндегі кітапты ғаламтордың көмегі арқылы арнайы тапсырып беріп алуға болады. Кітапқа деген қол жетімділікті әрі оперативтілікті тексеру үшін біз елдегі интернет дүкенінің бірі flip.kz. сауда алаңынан авторлық кітапты сатып алуға тапсырыс бердік. Өтінімді қабылдаған дүкен кітапты өз уақытында жібергенімен, тасымалдау қызметін атқаратын сервистік қызметтің төмендігінен бір кітап 20 күн ішінде қолымызға тиді. Енді бағамдай беріңіз, кітапқа сұраныс болғанымен, тасылмдау саласында сапалық қызметтің төмендігі әлі де бары аңғарылады.

Ал кітап дүкендеріндегі жағдай бөлек. Оқырман аз. Біз аялдаған Мұстафа Шоқай атындағы кітап дүкенінің қызметкері Жансұлу Оразбекованың айтуынша, қазақ қаламгерлерінен ішінен Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаевтың кітаптарына сұраныс бар. Жекеленген жазушылардың шығармашылық кітаптарын ілуде біреуі сатылады. Сондай-ақ, кітап дүкені қызметкері қызылордалық оқырмандардың орысша кітаптарға қызығатынын жасырмады. Әсіресе, бизнес, психология бағытында жазылған туындылар тез саудаланатын көрінеді. Ал, өңірде кітап құрастырып, оны сатылымға шығарып жүрген азаматтардың туындыларының сатылымы төмен екенін кітап саудасымен айналысып отырған қызметкерлер жасырмады.

Аялдамадағы ақындар

Халық кітап оқудан қалды деп айта алмаймыз. Оның үстіне билік бұқаралық мәдениетті дамыту бағытында қолдан келгеннің бәрін жасауда. Соның бірі – аялдамағы ақындар, жазушылар. Әрбір аялдамадағы ақындардың өлеңдерін халық өз ұялы телефондарының көмегімен оқи алады. Көптің ойынша, бұл да оқырманды қызықтырудың бір тәсілі. Бірақ, жаңашылдыққа елдің қызығушылығы төмендігі сезіледі. Уақыт – бәріне төреші. Мүмкін электронды кітап оқу мәдениеті бұқаралық сипат алатын күн де жақын.

Оқырман таңдауы һәм талғамы

Қалай айтсақ та ұлт үшін не қаржылық мақсаттағы жазылған кітаптардың иесі – оқырман. Оқырманға ой тастау мақсатында жазылған материалды 24.кз телеарнасы жүргізген сауалнаманың қорытындысымен түйіндеуді тура жол деп таптық. Сонымен, 16 жастан жоғарылардың 39,2 %-ы кітапқа қызығады. Оқырмандардың 25 пайызы көркем әдебиет, оқулық, сөздік және анықтама алғанды құп көреді. Ал, ертегі мен балалар әдебиетіне халықтың шамамен 10 %-ы құштар. Зияткерлік және өткен заманның әдеби кітаптарын елдің 5 пайызы оқиды. Сондай-ақ, 16-19 жас аралығындағы жастардың 25 пайызы фантастика, детектив, шытырманға қызығатыны анықталып отыр.

Міне, қазыналы байлық кітапқа қызығушылық деңгейі осындай. Кітап қарай жүріңіз...

0 Пікір Кіру