Жұмыссыздар санын қолдан көбейтіп отырмыз - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Мұның басты себебін сарапшылар оқу сапасының тым жоғары еместігімен байланыстырады

Заманауи білім сұранысында дипломның қызыл не көк болуы емес, сапасы һәм маманның бәсекеге қабілеттілігі маңызды. Себебі бүгінгі еңбек биржасында жұмыс берушілердің жас маманға көңіл толмаушылығы айқын айтылып келеді. Бұл жыл сайын оқу ақысын үстемелетіп келе жатқан оқу орындарына сын. Жасырып жабатыны жоқ, соңғы уақытта жоғары білім сапасы сын көтермей тұр. 4 жылдық бакалавр дәрежесін алып шыққан маманның қабілет-қарымы жұмысшылардың талабын толық көтере алмауда. Мұның басты себебін сарапшылар оқу сапасының тым жоғары еместігімен байланыстырады.

Білім сұранысы таразы басына түскен уақытта тек санды ойлап, дипломды көшіріп басумен шектелетін жекеленген оқу орындарының мәселесі мінберден аз айтылып жүрген жоқ. Жоғары білімнің бәсі биік болмай тұрғанын талай жылдан Үкіметке батырып айтудан танбайтын сенатор Мұрат Бақтиярұлы университеттердің білім беру толыққанды жоғары сапада емес екендігін айтып, мәселеге салмақ салды.

– Біріншіден, коммерциялық оқу орындарының көпшілігі сапалы білім бере алмай, тек қаржы жинау құралына айналып отырғаны шындық. Былтырдан бастап Ұлттық бірыңғай тесті­леу­ден 50 баллдан төмен алған көптеген талапкерлер жыл бойы үш реттен тест тапсырып, оқуын жалғастыра беретін болды. Бұл талапкерлер негізінен 11 жыл бойы мектепте нашар білім ал­ғандар, олар ертең қандай мұғалім, дәрігер, инженер болмақ? Демек, ЖОО-дың көпшілігі сапалы білімге емес, тек диплом беруге машықтанып алған, – деді сенатор.

Депутаттың айтуына қарағанда, Қазақстанда барлығы 128 жоғары оқу орны бар, олардың 82-сі университет мәртебесіне ие. Білім саласының барысын саралап жүрген Мұрат Бақтиярұлы университеттердің тым көп екенін айтып, статистиканы да тізбектеді. Айталық, өркениетті Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде 320 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келетін бол­са, елде 141 мың адамға бір ЖОО-дан келеді екен. Яғни оқу ор­ны саны жөнінен Қазақстан көш басына шығып келгенімен, сапа мә­селесі ақсап тұрғанын шындыққа балап отыр. Мұндай пікірді халық­аралық бағдарламалар директоры Жанболат Мелдешов те қуаттайды.

– Шынын айту керек, кейбір университеттерге көңілім толмайды. Біз қандай да бір дүниеге көңі­ліміз толды деген сәттен бастап дам­уымызды тоқтатамыз. Ал, елдегі білім беру сапасына көңілім толу үшін, біздің университеттер әлемдік деңгейдегі озық оқу орындарының қатарына енуі тиіс. Әрине, бізде мүл­дем бәрі жаман деп айту қате. КИМЕП, СДУ, АлмаU секілді тағы біраз өте жақсы білім беретін университеттер бар. Алайда, еліміздің демографиялық жағдайын ескерсек, яғ­ни жыл сайын мектеп бітірушілер санының екі-үш, тіпті төрт есеге де­йін ұлғайып келе жатқандығына назар аударар болсақ, әрине бұл атап өткен университеттер мектеп бітіру­ші түлектерді жоғары біліммен қамтамасыз етуге сыйымдылығы да, ре­сур­сы да жетпейтіні анық, – дейді ол.

Сенатор мәселе сапада ғана емес­тігін, сұраныстың да ескерілмей тұр­ға­нын ресми статистикамен сендірді. Айтуынша, бүгіндері жұмыс беру нарығында небәрі 30 пайыз жоғары білімді маман керек болса, қалған 70 пайыз жұмыс орындарына колледж бітіргендер қажет. Алайда,  қажетті­лік­ті оқу орындары сезінбей отыр.

– Көші-қон комитетінің мәліметіне қарағанда, соңғы 7 жылдың ішін­де елімізге көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 6 млн. еңбек мигранты келіп, құ­рылыс, ауыл шаруашылығы, тұр­мыстық қызмет көрсету салаларында жұмыс істеп, осы бос орындарды толтырған. Біз жыл сайын мемлекет және ата-аналардың қаражаты есебі­нен қазіргі нарыққа қажет емес мыңдаған жоғары білімді мамандарды даярлап, жұмыссыздар санын қол­­дан көбейтіп отырмыз. Жылына бі­тіріп жатқан осыншама жоғары бі­лімді дипломы бар мамандар эконо­мика­мызға қажет пе? Бұл мәселені қалай реттейміз? – деді М.Бақтиярұлы.

Сенатордың мәселені қалай да реттеуіміз керек дегені проблеманың екі ұшы барын дәлелдейді. Себебі оқу сапасының төмендігі жұмыссыз кадр­лардың қатарын көбейтіп жатыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ақпарына сәйкес, елде 441893 жұ­мыссыз адам тіркелген. Олардың 30 пайызы - жоғары білімі бар азаматтар. Мұндай мәселені депутат Жәмила Нұрмамбетова да уақытында айтқан еді. Ол "үміткерлердің білімі талап берушілерге сай емес. Жұмыс бар болғанымен, білім келмейді. Бұл мемлекеттік тапсырысты тиімді үйлестіре алмаудың проблемасынан туындап отыр" дейді.

P.S. Дүниежүзілік банктің есебі бо­йынша орта есеппен білім саласына салынған 1 доллар 15 доллар болып ке­рі қайтады. Білімнен қаржының қай­тымы болатынын дәлелденген. Бірақ, ақы төлеп оқыған дипломыңыз сізге қыз­мет ете ме? Сапа мен сан арасындағы алшақтықты жою бүгін шешіле қой­мас. Десе де, нарыққа қажет білім­ді меңгермеудің соры сырттан маман жалдап, өз азаматтарымызды жұмыссыз қалдырып барады.

0 Пікір Кіру