10 мың мұғалім баспанаға мұқтаж - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Қазақстанда баспана сатып алу - көптің арманы. Жай арманы емес, қалауы. Бірақ нарық екі өкпеден қысқан уақытта баспана бағасы бой бермей барады. Оның үстіне, баспанасы жоқ азаматтардың қаржы жинап, үй алуға деген талпынысы енді бұрыла бастады. Себебі айлығы шайлығына әрең жететін орта табысты, ортадан төмен табысты отбасылар 10-15 жылдың ішінде қоныс тойын тойлайды

Дегенмен, тәуекел етіп, ипотекаға үй алатындардың қарасы қалыңдады. Әрине, ипотекаға иек арта алмайтын отбасылар мемлекеттен төмен бағыттағы несиелер күтеді. Себебі баспана алудағы бастапқы жарнаға қажет қаржыны қазір суырып беруді көптің қалтасы көтермейді. Міне, сол кең сарайдай боз үйін армандап жүрген дәрігерлер мен мұғалім қауым ендігіде жарна жинап қиналмайды. Бұдан былай "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде 1500-ға жуық дәрігер, 1500-ге тарта педагогтар баспаналы болмақ. Қазақстан ипотекалық компаниясы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі өзара келісімге қол қойған. Бұл келісімнің артықшылығы неде? Мұғалімдер мен дәрігерлер жарнасыз үйді қалай ала алады?

Қос министрліктің мұндай қадамға, яғни ешбір жарнасыз үй беру әдісі мұғалім мен дәрігерлердің тұрғын үйге қажеттілігінен туындаса керек. Себебі Қазақстанда баспанаға зәру 10 мың мұғалім, 15 мың дәрігер бар. Бірақ, ми­нистр­лер үйді алу бәріне бірдей беріле бермейтінін еске салады. Айталық, соңғы 5 жыл ішінде өз атында үйі жоқ, төлем қабілеті бар азаматтар ала алады. Ол үшін кезекке алынып, өтініш толтырып, Қазақстан ипотекалық компаниясымен жалға алу шартын жасасады. 20 жыл­ға, 1 пайызбен үй ала алады. Бұл үшін 40 млрд. қаржы қаралып отыр.

Сала мамандарының төлем мә­селесін алғы шепке қоятыны бекер емес. Себебі нарықтағы баспананың бағасы жоғары. Ал, айлығы төлемді төлеуге жеткіліксіз ұстаздар мен дәрігерлер қосымша төлем төлеуге қабілетті адамның сенімгерлігін қоса алуы тиіс.

"Кімдер алады?" деген сұрақтың жауабын тарқатқан артық болмас. Білім саласындағылар мектеп мұғалімдері, мектеп бухгалтерлері, кі­тапханашылар да бұл тізімде бар. ҚР Білім және ғылым министр­лі­гі­нің ресми өкілі 10 мыңға жуық бі­лім саласы қызметкерлерінің үй кезегін күтіп жүргенін жасырмады. Тіпті баспасөз хатшы нарықтағы мы­салды да сөзге ілді.

- Шаршы метрін 260 мың теңге деп есептесек, 50 шаршы метрлік үй шамамен 13 миллион теңге тұрады. Егер жалға беру мерзімі 20 жыл болса, ай сайынғы төлем шамамен 60-70 мың теңге болмақ. Егер біз келі­сім-шартты 15 жылға жасар болсақ, айына 80-90 мың теңгеге айналады. Алдағы екі жылда осы бағдарлама бойынша мұғалімдерге 1500 үй бөлінеді,- деді Арын Орсариев.

Өзгенің емес, өз үйінде қуаныш­қа кенелуді ойлайтын дәрігерлердің де баспанаға қолы жетпей жүргендері аз емес. Бас дәрігер Елжан Біртанов елде 400 мыңға тарта медициналық қызметкердің еңбек ете­тінін тілге тиек етті. Оның 170 мыңы мейірбике, 60 мыңы дәрігер.

- Әлбетте, баспана тапшылығы мәселесі бар. Қазіргі таңда біздің мәлімет бойынша, 15 мыңнан астам дәрігерге баспана қажет. Республика бойынша 1500 медициналық қызметкер жалға берілетін баспананы алатын болады. Бұл жұмысты ары қарай жергілікті атқарушы органдармен жалғастырамыз. Менің ойымша, осы шаралар арқылы дәрігер мен мейірбикелердің әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Бұл тікелей медициналық қызметтің сапасын көтеруге септігін тигізеді, - деді министр Елжан Біртанов.

Тұрғын үйді алуға ниетті азаматтардың тізімін министрліктердің өздері түзеді. Ал, Қазақстан ипотекалық компаниясы төлем төлеуге қабілеті жеткілікті екенін тексеріп, құжаттық талапты орындаған сала маманына үй алуға жәрдем береді.

Қазақстан ипотекалық компа­ния­сының басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов алдағы 2-3 ай ішінде баспаналар беріле бастайтынын мә­лімдеді. Дәрігер мен мұғалімдердің табысы төлем қабілеттері толық тексерілетінін ашып айтты. Себебі күнкөріске қажет айлық ескерілетінін айтты.

- Мұғалімдер мен дәрігерлердің қандай пәтер алғысы келетініне байланысты төлем қабілеттілігі пысықталады. Орташа есеппен Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласы туралы айтар болсақ, айлық төлем шамамен 55 мың теңге болады. Тиісінше, бұл төлемді ай сайын жүргізіп тұру үшін отбасының кірісіне қараймыз. Яғни, күнкөріс минимумы мен отбасының несиесі бар ма, жоқ па - тексеріледі. Осының бәрі зерделенгеннен кейін жағдайы барын білсек, біз келісім-шарт жасасамыз. Оның үстіне кепілгерлерді тарту мүмкін­дік­терін де қарастырып отырғанымызды айттық. Демек, отбасының кірісі жетпей жатса, кепілгерлерді тартып, баспана ала алады,- деді Әділ Мұхамеджанов.

Үш айда үш мыңға жуық отбасы баспаналы болуы бек мүмкін. Талапты толық орындап, өз үйін алуға асыққан дәрігерлер мен мұғалімдердің қоныс тойын тойлайтыны көкейге қуаныш ұялатады.

0 Пікір Кіру