Украинадан келетін импортты тоқтатқан Ресей енді Қазақстанның экспортын жауып тастады   - на finance.bugin.kz
Bugin.kz - на finance.bugin.kz Bugin.kz

Осының салдарынан, қазіргі кезде Ресей аумағында қазақстандық жүздеген вагон жүк қаңтарылып тұрып қалды

Өткен жылы Украинадан келетін импортты тоқтатқан Ресей енді Қазақстанның ол жаққа экспортын жауып тастады.

«Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Ресей аумағы арқылы Украинаға жеткізілетін отандық шикізаттың экспорты кілт доғарылғанын айтып, дабыл қағуда. 

Айта кету керек, РФ Үкіметінің №460-25 қаулысымен, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап, Ресейден Украина аумағына шығаруға толығымен тыйым салынатын тауарлардың «қара тізімі» күшіне енді. Ол тауарлар қатарында мұнай, мұнай коксы, битум қоспасы, этан, бутан, бензол, толуол, этилен, пропилен, құбырлар және басқалары бар.

Бұған қоса, тек РФ экономикалық даму министрлігінің рұқсатымен ғана экспорттауға мүмкіндік берілетін тауарлардың (көмір, кокс, бензин, дизельді отын, пропан, сұйытылған газ) жеке тізімі де бекітілді. 

Әрине, Қазақстан қазір Ресейдің құрамына кірмейді, сондықтан бұл тыйымдар елімізге таралмауға тиіс еді. Содан осы қаулы биылғы 18 сәуірде қабылданғанда, біздің Үкімет солтүстік көршінің уәкілетті органдарымен келіссөздер жүргізіп, уағдаластыққа келді. Нәтижесінде, РФ экономикалық даму министрлігінің рұқсаты негізінде қазақстандық тауарларды Украинаға жеткізу көлемдерін келісудің тәртібі әзірленді. Алайда көрші сөзден тайып, бұл құжат қазақстандық бизнесті Ресей санкциясынан құтқара алмады.

«Қазіргі кезде «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» акционерлік қоғамының ақпараты бойынша Ресей мен Украина шекарасында, Валуйки стансасында 426 біздің вагон арғы бетке өте алмай тұр. Көмір тиелген бұл вагондар Қарағандыдан жөнелтілген болатын. Олардың тоқтап тұруына Ресейдің Украинаға шығуға рұқсат берілмей қойылуы болып отыр», – дейді «Атамекен» палатасы басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерт.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының «РФ-ның біржақты шараларын кедендік транзит рәсіміне сәйкес қозғалатын тауарларға қатысты қолданбау туралы» ресми ұсынымына қарамастан, отандық бизнестің Ресей аумағы арқылы жүк тасымалдау кезінде үнемі туындайтын проблемалар кесірінен орасан зор шығын шегуі жалғасуда.

«Егер 2014 жылдың соңынан бері қазақстандық кәсіпкерлер еуропалық елдерден және Украинадан елімізге тауарларды импорттауға қатысты ресейлік шектеулерге және тыйым салуларға ұдайы маңдай соғып келе жатса, енді биылғы 1 маусымнан бастап, отандық экспорттаушылар да салмақты қиындықтарға душар болуда. Алдын ала деректер бойынша вагондарды Ресейдің өз шекарасынан ары қарай жібермеуі және қаңтарып қоюы салдарынан біздің кәсіпкерлерге келіп жатқан шығындар бір тәулікте 5 млн-нан астам теңгені құрайды. Бұған келісімшарттар бойынша салынатын айыппұлдар қосылса, ол сома бұдан да көп болмақ», – дейді «Атамекен» өкілі.

Ұлттық палата Ресейдің транзитті шектеуінің отандық экспортқа үлкен қауіп-қатері барлығын болжап, бизнес кезігетін проблемаларға ел Үкіметінің және Еуразиялық одақ құрылымдарының назарын әлденеше рет аударған болатын. Екі ел арасында мәмілелі шешім де қабылданды. Алайда Қазақстан мен Ресейдің уәкілетті органдары арасындағы өзара әрекеттестік тәртібі Қазақстаннан шыққан жүктердің алпауыт көршінің жері арқылы Украинаға және басқа елдерге кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз ете алмай отыр.

Тарихтың тәлкегі ме, кім білсін, дүниежүзіндегі ең ұзын құрлықтық шекара – Қазақстан мен Ресей арасында орнаған. Ресей бізді шығыста, солтүстікте және батыста қоршап жатыр. Сондықтан отандық бизнес өз өнімінің басым көпшілігін жаһандық нарыққа Ресей арқылы жеткізуге мәжбүр. Бұл еліміз арқылы өтетін халықаралық транзит үшін де бірінші кезекті мәнге ие бағдар саналады. 

Еуразиялық одақ аясындағы интеграцияның тереңдегеніне және одақтас елдер кедендік қызметтерінің өзара ықпалдастығының тығыз бола түскеніне қарамастан, РФ Үкіметі әр нәрсені сылтауратып, қазақ елін тізерлетуге, тәуелді етуге тырысады. Осы тәріздес шешім қабылдағанда, Ресей ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен еш санаспайды.

«Атап өтер жайт, РФ қабылдаған нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ Ресей федералдық кеден қызметінің жазбаша түсініктемесіне сәйкес, бұл тыйым тек Украинаға жеткізілетін транзитке ғана емес, сонымен қатар Украина аумағы арқылы өтетін үшінші елдерге тасымалға да таралады. «Атамекен» ҰКП барлық кәсіпкерлерден Қазақстаннан Украина аумағына тасымалдауға қатысты күшіне енген өзгерістерді ескере отырып, теріс салдарды төмендетуге бағытталған қажетті шараларды қабылдауды сұрайды. Өз кезегінде, палата өзара іс-қимылдың барлық қолжетімді деңгейлерінде жағдайды тезірек шешуге бағытталған шаралар қабылдауда», – деп мәлімдеді «Атамекен».

Атап айтқанда, кәсіпкерлер палатасы ел Үкіметіне үндеу жолдады. Бұған қоса, ЕАЭО басты органы – ЕЭК-ке және РФ уәкілетті органдарына ресми сұраулар әзірленген. Өз кезегінде, кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП экономикалық интеграция департаментіне жүгініп, Украинаға және үшінші елдерге тауар экспорттау тәртібі бойынша түсініктеме ала алады.

Өзге мемлекеттер қақтығысы кесірінен Қазақстан ірі нарықтан айырылуда. Мәселен, украиндық Одесса порты әкімшілігінің басшысы Игорь Ткачук бұған дейін Қазақстаннан үлкен көлемде мұнай жеткізіліп келгенін айтады. Енді ол тоқтағалы өзге жеткізушілер ізделуде.


«АҚШ-тан мұнай жеткізілуде. Өткен сенбіде, 6 шілдеде, біздің портқа гонконгтік компанияның Bakken сұрыпты мұнай партиясы тиелген 237 метрлік танкері келді. Бұдан бөлек, АҚШ-тан 75 мың тонна мұнай әкелген танкер де біздің айлаққа тоқтап, жүгін түсірді. Америкадан мұнайдың келесі жеткізілімі алдағы тамыз айына жоспарланған. Қазір Әзербайжаннан да ұдайы шикізаты бар танкерлер кіруде. АҚШ-тан басталған жаңа жүк айналымына сапалы сервис ұсынып отырмыз. Портымыздың мұнайға арналған ауданы жылына 25 миллион тонна жүкті өткізу қабілетіне ие», – дейді Игорь Ткачук.

atameken business


0 Пікір Кіру