Келешек еңбек нарығы қалай құбылады? - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Статистикаға сенсек, диплом алып шыққан жастардың тең жартысы өз мамандығы бойынша жұмыс жасамайды. Себебі нарыққа қажет емес қайталама мамандықтарды оқыту түптің түбінде көп жасты жұмыссыз қалдырып отыр. Бұл жоғары оқу орындары үшін сын. Себебі білім берудің моделі жыл сайын жаңарған уақытта білімнің "ескіріп қалуы" тез. Яғни 4 жылдық бакалавр дәрежесі бүгінде толыққанды білімі бар азамат атануға жеткіліксіз. Сондықтан қазіргі уақытта мамандықты нарық сұранысына қарап оқыту мәселесі алға қойылды. Жоғары білім беретін университеттер академиялық еркіндік жүйесіне ұмтылып, бағытты практикаға амалсыз бұруға мәжбүр. Мұның бәрі адами капитал сапасының дамуымен өлшенеді. Әлем мойындаған спикерлердің сөзімен қайырсақ, жаңа қоғамға бейімделудің жолы - жаңа мамандықты игеру, яғни еңбек нарығына қажетсіз мамандықтарды анықтау сол арқылы мектеп бітіретін түлектерге қажет ақпараттар беру білім саласында енді қолға алына бастады. Яғни жаһандық білім кеңістігі азаматтың дипломына емес, қабілетіне қарап қызметке алатын уақыт туды. Бұл өткір мәселе жыл сайын сарапшылар бас қосатын интернет форумда төтесінен айтылады. Өткен аптада Қызылорда облысының әкімдігінде төртінші рет халықаралық масштабта интернет-форум ұйымдастырылды. Білім саласының дамуы мен еңбек нарығындағы сын қатерлер талқыға түскен форумда "жаңа мамандықтар атласын құру туралы" идея сөз болды

"Жаңа мамандықтар атласы деген не?", "Оның бі­лім мен ІТ саласына тигізер әсері қандай? "Неліктен сарапшылар бұл идеяны қазірден қолға алу керек?" дейді. Сырттан кел­ген сарапшылардың айтар ойын тізбектеп көрдік.

Алдымен, интернет-форум туралы аз-кем тоқталсақ. Осы кезге дейін 3 рет Қызыл­орда төрінде өткен форум адами капитал сапасына арналып келеді. Алғашқы жылы басқосу электронды коммерцияны арттыруға бағытталса, екінші рет өткен форум Байқоңыр қаласында кәсіпкерлікті дамытуды көздеді. Өткен жылы мамандар салаларды цифрландыру ісіндегі жаңа ойларды айту үшін бас қосты. Со­ның нәтижесінде аймақта "Барс-Групп" татар компаниясымен бірлесіп, "Электрондық балабақша" жобасы жүзеге асыр­ған-ды. Сондай-ақ, "Транстелеком" компаниясымен бірігіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық шығындарын оңтайландыруды көз­дейтін "е-Шаңырақ" зияткерлік ақпараттық жүйесінің пилоттық жобасы қолға алынған. Биылғы форум білім саласындағы жаңа идеялар, жұмыспен қамтудың келешегі тақырыптарын қамтыды. Шараға онлайн және офлайн режимінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, "МИСиС" ҰТЗУ даму жөніндегі директоры Нұрлан Қиясов, BTS Digital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек, Сингапур ұлттық университетінің халықаралық бағдарламасының жүйелік ғылымдар инс­титутының басшысы Ашок Кумар Ситхараман, "Иннополис" уни­версите­тінің ректоры Александр Тормасов қатысты.

Сонымен, жаңа мамандықтар атласы деген не?

Жаңа мамандықтар атласы - алдағы 10 жыл ішінде еңбек сұранысына керек жаңа мамандықтарды зерттеу арқылы дайындалатын жоспарлы құрал. Яғни бүгінгі өмірге ненің керектігі сарапталып, проблемалары алдын ала ескерілетін бағдарлама. Ресей осыдан 5 жыл бұрын қолға алған бұл құрал көрші елдің еңбек биржасына оң әсер еткен. Ресей жұртының тәжірибесінен өткен бағдарлама Қазақстанның білім беру жүйесіне де керек екені сезілгендіктен сарапшылар бұл мәселені идея деңгейіне көтеріп отыр.

Өз саласында талай тақы­рып­қа зерттеу жүргізген Ресей ғалымдары 2030 жылға дейін 60-қа жуық мамандық қоғамнан шет қалады деп отыр. Тізімнің басында заңгерлер мен бухгалтерлер бар. Нотариустың да қызметтен ажырайтын уақыты жақындап қалыпты. Ал, әрісі 5 жылда маклер маманының керегі болмай қалады. Мұнымен қоса мамандар жұмысшы мамандықтарының ішінен де сұранысқа ие болмай қалатын жұ­мыс­шылардың бар екенін жасыр­­майды. Олардың қата­­-рын­­­­­­­­д­­а­ курьер, күзетші, шахтер, тігінші, прораб, тазалаушы, даяшы­лар бар.

Айтып айтпай не керек, алдағы 10 жыл ішінде жаһандық еңбек нарығына 183 жаңа мамандық қосылады. Бұл айқын тұжырым. Демек, қазір мектеп табалдырығында отырған оқу­шылар осы кезден жаңа мамандыққа қатысты ақпарат іздеуі керек. Білім саласының сарапшылары осыны алға тартты.

Интернет-форумда BTSDigital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек бізге де жаңа мамандықтардың атласын жасау керек деген ұсынысын жеткізді. 9 тілді еркін білетін халықаралық деңгейдегі маман бағдарламаны мобильді форматта енгізу жұмыстарын жасағанын тілге тиек етті.

- Біз көптеген адамдарға, жаппай халыққа қандай мамандықтар, кәсіптер сұранысқа ие болатынын, қайсысын таңдау керек екені жайлы қарапайым қолданбалы құрал - ақпарат бере алмай отырмыз. Қазір көптеген адамдар мамандығы бойынша жұмыс істемейді, бастапқыда аз уақыт мамандық бойынша жұмыс істесе де, кейін қызмет саласын түбегейлі өзгертеді. Осыған орай жоспарымыз - жаңа кәсіптер атласын жасау. Ол 9 саланы қамтитын болады. 100-ге жуық мамандыққа негізделеді. Біз барлық мамандықтарды 3 топ­қа жіктейміз: ескірген мамандықтар, өзгермелі мамандықтар, жаңа мамандықтар. Оны отбасылық үстел ойындары түрінде немесе мобильді қосымша көмегімен, яғни ойын форматында жасағымыз келеді,- дейді Саясат Нұрбек.

Almaty Management университетінің ректоры Гүлмира Қорғанбаева жастардың дипломы бола тұра өз саласында жұмыс істемеудің проблемасы тым ас­қынып кеткенін жастардың өзінен ғана емес университеттерден де іздеу керек екенін айтты. Яғни, "бүгінгі өзгермелі қо­ғамда жоғары оқу орындарына деген көзқарасты өзгерту керек" дейді ол.

- Заманауи ЖОО-ның рөлін қайта қарау керек. Қазір университет - мемлекет, индустрия, білім беру жүйесі мен қоғам арасындағы өзіндік платформа. Бұл жерде университеттің өзі мемлекетке не бере алатынын нақты түсіну керек. Университет қандай бағдарламалар, қандай стратегиялар жасай алады? Бизнес үшін университет жаңа технологияларды, жаңа стандарттарды, консалтингті ұсынады. Өйткені қоғамға жаңа мамандар мен өмір сүру сапасын арттыру аса маңызды. Бүгінгі күні университеттің міндеті - бақытты адамды тәрбие­леу,- деп ой қосты спикер.

4 жылдық білім беретін университеттердің бәсекелестікке шынайы түсетін уақыты туды. Себебі онлайн білім беру жүйесі енуге жақын. Бұл тұрғыда Қазақстанның білім жүйесі жаңашылдыққа дайын болуы шарт. "МИСиС" ҰТЗУ даму жөніндегі директоры Нұрлан Қиясов интернет-форумда осы ойға жан бітірді.

- Мен өзім Кембриджде оқыдым, жалпы қайда оқы­ған­ның маңызды емес екенін түсіндім. Ең басты және сұра­ныс­қа ие дағды - оқу қабілеті. Бүгінде әлемнің үздік профессорларынан үйден шықпай-ақ білім алуға мүмкіндігі бар. Coursera және edX платформалары, ашық университет жұмыс істейді. Қазіргі таңда студенттер университетке бармау керек, керісінше университет студенттерге келуі керек. Университеттер мамандарды жылдам дайындау үшін мамандандырудың қысқа курстарын дамытып, күнтізбелік әдістен құзыретті тәсілге қарай көшу өте маңызды. Университет қабырғасында 4 жыл жүру сапалы білім кепілі деп кім айтты? Неге университеттер жабылады? Неге олар университеттен тыс қолжетімді онлайн-курстар мен бағдарламаларды біріктіріп кредиттер ретінде есепке ала алмайды?- деді Нұрлан Қиясов.

Биылғы форумның адами капитал сапасын арттыру ісіне арналуы бекер емес. Білімі мойындалған, тәжірибесі мол азаматтарды даярлау мемлекет үшін байлық көзі саналады. Мұны сингапурлық билік ерте түсініп, іске бел шеше кіріскен. Сондықтан болар Сингапур білім саласында қара үзіп, түрлі технологияларды бірінші болып бастаудан қорықпайды. Мұны интернет-форумға келген Сингапур ұлттық университетінің халықаралық бағдарламасының жүйе­лік ғылымдар институтының басшысы Ашок Кумар да мойындайды.

- Бізде бір маңызды активтен басқа табиғи ресурстар жоқ, бұл - адам капиталы. Сингапур экономикасын цифрлық экономикаға айналдыру біз үшін өте өзекті болды. Сингапурдың экономикасы үшін сын-қатерлердің бірі қарапайым кәсіп­терді жойып жіберу салдарынан жұмыспен қамту еді. Факторлардың бірі еңбек нарығындағы өзгермелі технологиялар. Технологиялар адамдар жұмыс істей алатын позицияларды алмастырды. Біз "Болашақ дағдылары: сенің машығың, сенің активтерің, сенің болашағың" деп аталатын арнайы негіздемелік концепцияны әзірледік. Мектептен бастап болашақ еңбек жолына назар аудара бастаймыз және өмір бойы, бүкіл еңбек жолында оқыту тұжырымдамасын қолданамыз. Қазіргі заманда өмір бойы оқып, жаңа дағдыларды үнемі игеріп отыру керек,-деді Ашок Кумар.

Интернет-форум білім саласындағы сын-қатерлерді, келешекте іске асатын жаңа идея­лар­ға Қазақстанның дайындығы, өңірлердің білім берудегі тәжі­ри­белері жеткілікті ме деген проб­лемаларды алдын алу және спикерлердің озық ойларын білу мақсатын көздеді. Адами капиталдың сапасын арттыру арқылы, яғни қарапайым тілде қайырсақ, бақытты адамға қа­жет дағдыларды меңгерту білім саласындағы жаңа қадамдарды қажет етеді. Енді алдағы күндері Қазақстанда жаңа мамандықтардың атласы жасалмақ. На­рық толық зерттеледі. Бұл кәсі­би кадрларды даярлау үшін құрылған университтерге де өзгерістерге нық дайын болу талабын көздейді.

0 Пікір Кіру