Онлайн несие – ортайған несібе  - на finance.bugin.kz
Абай Тағыберген - на finance.bugin.kz Абай Тағыберген

Қазақстанда әрбір үшінші адам банкке берешек. Саналы түрде қарызға кіріп, керегіне қажет қаржыны алған ел азаматтарының бір емес, бірнеше банктерден несие алуы таңқаларлық жағдай еместей көрінеді. Бұл аз болғандай, екінші деңгейлі банктерді былай қойып, онлайн несиелердің қара тізіміне кіріп кеткендер де баршылық. Бұл әрине пайыз арқылы пайдасын асырып, халық арқылы табысын еселеп отырған шағын қаржылық ұйымдар үшін жаңа бір бизнестің көзі. Жаңа бір бизнес деуге келе қоймас, себебі екі жыл ішінде онлайн несие беретін ұйымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Тіпті несиенің қақпанына түсуге ниетті тұрғындар шарттарына қарамастан оңай рәсімделетін онлайн несие алуға тәуекел ететін болды. Он минутта ақшаны алақаныңызға ұстата салатын онлайн несиелердің көлеңкесінде кімдер тұр? Көпті зар илеткен несиелердің үстемесінің жоғары болуы заңды ма? Аз ақша алып, еселеп қайтарып жүргендер көп пе? Әлеуметтің қызуын көтерген тақырыпқа тереңірек барып көрдік

3 АЙДА 3 ЕСЕГЕ КӨБЕЙГЕН 

"Айлыққа дейін ақша керек болып, онлайн несиеден 30 мың теңге алдым. Оп-оңай 5 минутта 30 мың­ды алып, керегіме жараттым. Бірақ, қаржыдан қысылып, айлығымның кешігуіне байланысты 3 ай онлайн несиені жабуға мүмкіндік болмады. Проценттер өсетінін іш­тей білдім, бірақ 30 мың теңгені 200 мың етіп қайтарам деп ойламадым".

Тұрақты табысы бар Біржан есімді азамат осылай деп бізге жан сырын ақтарды. Айтуынша, 10 минут ішінде онлайн несие беретін ұйым 30 мыңды жеке карточкасына аударған. Дегенмен, уақытты ұт­тырып алған ол 30 мыңның 200 мың­ға дейін жететініне сенбеген. Арыз айтып, шағым түсірейін десе, қаржылық ұйым туралы толыққанды мә­ліметі не байланыс тетіктерін таба алмайды. Салы суға кеткен ол ақыры 200 мың теңге беріп, несиесінен құтылған.

Тағы бір мысал. Ақшадан қысылып, 110 мың теңге алған 4 балалы ана онлайнның құрығына түсіп кеткен. Бірнеше айдан бері төлей алмайтынын айтып, хат жазғанымен, өсім күн сайын өсіп, алған 110 мыңы 380 мыңға бір-ақ жеткен. Әрине, айыпты онлайнды алған адамның өзі­нен іздеуді бәріміз білеміз. Десе де, онлайн несиелер халықты сүлік­тей сорып жатқанын айту керек. 

Біз айтқан екі жағдайдың өзі онлайн несиеден опық жеген біраз адамдардың барын байқатады. Бірақ, сорақысы сол өзінің атынан онлайн несие рәсімделіп, оны кейін білген азаматтар да баршылық. Қызылордалық Бекболат Омаровтың атынан біреулер жалған несие ал­ғаны жөнінде БАҚ біраз шуласты. Бірақ Бекболат 6 айдан бері өзінің несие алмағанын айтып, құқық қорғау органдарына дәлелдеп әуре. Се­­бебі оның жеке куәлігі арқылы рә­сімделген несие көлемі 3 есеге өсіп кеткен. Арызын арқалап, онлайн неси­елерді жағалап жүргендердің әңгімесі осы.

5000-нан 250 000-ға дейін

Елімізде 40-тан астам онлайн несие беретін қаржылық ұйым бар. Атаулары да қызық. "Koke.kz", "Займер.кз", "Богатый папа", "Тез кредит", "100 теңге", "3 мин.кз", "Ақша қарызға", "Биллион-Д", "Үлес", "Кредит24", "Zing.kz" тізім осылай кете береді. Интернет арқылы рәсімделетін несиелер 5000 теңгеден басталып 250000 теңгеге дейін ұласады. 5 күннен 30 күн аралығында несие уақытын созуға мүмкіндік болады. 18-75 жас аралығындағы кез келген аза­мат­қа беріледі екен. Керек десеңіз, біз тізбектеген онлайн несие ұйым­да­ры­ның жеке сайттары бар.

Заңгерлер онлайн кредит беретін ұйымдардың қызметі заңға қайшы емес дейді, себебі Қазақстанның кез келген азаматы қарыз беруге құқылы. Десе де, онлайн несие рәсімдейтін ұйым барлық шарттары көрсетілген келісімді беруі тиіс. Ал, өсім пайыздарын тым көбейіп кеткеніне қатысты арыздармен арбитраж соттар айналысады. Бірақ, фейсбук желісіндегі "Заң заңғары" парақшасында онлайн кредитті 2018 жылдың 16 шілдесіне дейін алған адамдар сот арқылы заем шартын жарамсыз деп тануына болатынын жазған. Бұл алған ақшаңызды қайтаруға болады деген сөз. Яғни олар не­гізгі ақшадан өзге өсімпұл, сыйақы сұ­рауға құқығы болмайды. Ал, 2018 жылдың 16 шілдесіне дейін несие рәсімдеген азаматтар ал­ған сомасының 100 пайыздық үлесінен артық төлеуге міндетті емес. Демек, заем берген ұйым алған 60 мың теңгеңізді тек 120 мың теңгеден артық өсіре алмайды.

"Заң заңғары" заңгерлік ұйымы басшысының ақпаратына сүйенсек, онлайн несиелердің заңдылығы Азаматтық кодекстің 718, 725-1 баптарымен реттелетінін тілге тиек еткен. Яғни онлайн несие алған ұйымыңыздың беталды хабарласып, мазаны алып, дөрекі сөйлеуіне жол берілмейді. Дегенмен, қара халық онлайн несие ұйымнан хабарласып, дауыс көтеріп сөйлейтін менеджерлердің бар екенін жоққа шығармайды.

ОНЛАЙН НЕСИЕЛЕРДІҢ ИЕСІ КІМДЕР?

Заңгерлер онлайн займерлердің ісі заңды десе де, белгілі экономистер жылдам несиенің басым бөлігі шетелдік компаниялардың атына тіркелген деп нақ айтып отыр. Яғни мұнда елдегі депутаттар мен шенді-шекпенділердің көлеңкелі бизнестері болуы мүмкін деген пікірді алға тартты. Экономист Мақсат Халық шетелдік операторлар арқылы ашылған мұндай ұйымдарда депутаттардың лоббилік топтары әбден болуы ықтымал дегенді жоққа шығармайды. Мұны экс Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев растаған еді. Тіпті ол елдегі онлайн несиелердің нақты санын анықтау мүмкін емес дейді. Содан бері Ұлттық банк шағын қаржылық ұйымдардың тізімін жасауға көшті.

Мәселенің байыбына бару үшін интернетке "онлайн несие алу" деп сұрау салдық. Қазақшасынан гөрі, орысша іздегенімізде сұрағанымызды жарқ етіп шыға қалды. Бір емес, бірнеше ұйымның "оңай әрі тез" деген көз тартатын жарнамасы ақшадан қысылған адамды қаржы қақпанына шақырып тұр. Бірақ, алмақтың да салмағы бар екенін кейін басқа тигенде білетін кей азаматтар онлайннан онбай сүрініп жүр. Бірінің жүйкесі жұқарып, ендігі бірінің уайымға тереңінен түсіп, ем алуына мәжбүр болғандары да бар екен. Жалпы психологтар қарызды ойлау адамның ойлау қабілетін тежейді екен. Мұны белгілі психолог Сымбат Әбдірахманова да айтып отыр.

- Қарызды ойлап, несиені уайымдайтын адамдарда депрессияға салынуы, болашақтан күдер үзуі, өзін-өзі жегідей жеуі әбден мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әйелдер уайымға салынғыш болып келеді. Шектен тыс уайым ұйқының, тәбеттің бұзылуына алып келеді,-дейді психолог Сымбат Әбдірахманова.

Халықтың екінші деңгейлі банктерді қойып, онлайн несиелерді жағалауы заңдылық дейді мамандар. Себебі жылдам несиелер қаптаған құжатты талап етпейді. Бар болғаны жеке куәлік пен банк­тегі есепшотыңыз болса жеткілікті. Бірақ, онлайн несиелердің көбісінің жеке кеңселерінің болмауынан ақшаны рәсімдеу интернет арқылы жүргізіледі. Яғни қарыз алушы адам мен банктің онлайн операторы арасындағы визуалды қарым-қатынас тұрғындарды тү­сін­бестікке алып келетіні содан.

Ранкинг.кз сайтының сараптауына сүйенсек, ел ішінде несиені ең көп алатын аймақтар үштігі анықталған. Үздік үштікті Оңтүстік Қазақстан облысы бастап тұр. Мұнда 643 мың адам несие ал­ған. Ал, Алматы облысының 704 мың тұр­ғыны қаржылық ұйымнан қаржы алуға келісім беріп, тізімнің екінші сатысынан көрінді. Көш басында Алматы қаласының азаматтары, 818 мың адам банкке берешек екенін мойындаған. Ал, статистер 1 адамға орташа есеппен 700 мың теңге қарыздан келетінін есептеп берген.

P.S. Онлайн несие - оп-оңай ақша көзі емес. Мамандар мұндай шағын қаржылық ұйымға жоламауға шақырады. Біз қаладағы бір онлайн несие беретін ұйымның кеңсесіне барып, "онлайн алатын халықтың қатары көп пе?" деген сауалға жауап іздеуге келгенімізді айттық. Әйткенмен, жауап беруден жалтарған кәсіп иелері адамның аз еместігіне сендіргендей болды. Соған қарағанда, қаржыдан қысылған халықтың онлайнға оп-оңай келісім беріп, үстеме пайыздарды төлеуге әрекеттенгені қаржылық ұйымдардың қазынасын қампайтып отыр. Ал, Ұлттық банк болса тізімді жасаумен әлектеніп жүр.

0 Пікір Кіру