Елбасының екі сиыр жайлы айтқаны экономиканы түсінбейтінін көрсетіп берді - на finance.bugin.kz
Bugin.kz - на finance.bugin.kz Bugin.kz

«Көреген Елбасы» деген – отандық БАҚ жасап берген «бейне» ғана

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының 21 тамыз күні өткен Саяси бюро отырысындағы сөйлеген сөзінің мәтіні неге басылымда жарияланып, видеожазбасы неге жарық көрмеді» деген сауалға жауап іздеген kz.expert басылымы Елбасы кеңсесі мен «Нұр Отанның» баспасөз қызметі оның мәртебесін түсіріп, елдің күлкісіне айналдырмас үшін жарияламады, ондай тәуекелге барғысы келмеді деген қорытындыға келеді.

Оның үстіне, аталмыш басылым Елбасының отырыста айтқандары, бір жағынан, 80 жасқа келген ақсақалдың қалай шынайы өмірден тамыр үзіп қалғанын көрсетсе, екінші жағынан, культке айналған Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасының қалай «қолдан жасалғанын», «үрленген» бейне екендігін дәлелдеп берді деп жазады. Ондағы айтылған ойлар мен сөздер де білімді адамның айтар ойы емес әрі екі сиыр туралы айтқаны Елбасының нарықтық экономикадан хабарсыз екендігін көрсетіп берді.

- Осы сөзінен-ақ Елбасының қалай артта қалғанын, нарықтық экономикадан мүлдем хабары жоқ екенін көруге болады. Елдің ішкі нарығы сүт пен сүт өнімдерін импорттауға ашық болғанымен, тұрғындардың төлем қабілеті төмен әрі шекарасы кең мемлекетте сүтті сатудың сервистік қызметі әлі қалыптаспаған. Егер Елбасының идеясы теориялық түрде жүзеге асуы мүмкін дегеннің өзінде одан қандай да бір табыс түсе қояды дегенге күмән бар. Мәселен, Елбасының ойын жүзеге асырғысы келген шаруа табылды делік. Ол сүтті сауып сатпас бұрын 4 бірдей мәселені шешіп алуы тиіс, - деп жазады басылым.


Біріншіден, сиырға керек жем-шөпті молынан қамдап алу қажет, екіншіден, сүтті өткізетін жерді табуы тиіс, үшіншіден, сүттің сапасына да мән беруі керек, төртіншіден, бағасы да барынша арзан болғаны жөн.

- Мұны әу баста малмен айналысқан, нарықтық экономиканың қалай жұмыс жасайтынын білетін адам ғана түсінеді. Сондықтан қазіргі таңда Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін бір-біріне жақындастырмай, байланыстырмай, үлкен территорияда сүт өндіруші кооперативтерді құру тиімді болмайды. Ең қызығы да сонда – қазақстан билігінің «шыңы» саналатын адамдардың нарықтық экономиканың қалай жұмыс жасайтынын түсінбегендігі таңқалдырады, - деп жазады басылым.

Қазақстанда ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіретін тағы да бір маңызды мәселе бар. Ол – жердің аздығы. Нақтырақ айтсақ, мемлекетте жер бар, алайда ол «көлеңкелі», ұзақ жылға жалға алғандар мен тартып алғандардың қолында. Олармен күресудің өзі қауіпті болып отыр.

- Ол жерлерді қайтарғысы келгенімен, бірінші президенттің өзінің қауқары жетпей отыр. Сынап та, мінеп те, «мінез көрсетіп» те айқанымен, еш нәтиже болмады, - деп жазады басылым.

Мұның барлығы мемлекеттік пропагандалық машина арқылы шетелдік басшылардың «Нұр Отан» партиясының төрағасы жайлы айтып жүрген «пікірлерінен» мүлдем алшақ жатыр. Ел-жұрт та мұны түсіне бастады. Сондықтан да әлеуметтік желіде оны күлкіге айналдырған мемдер пайда болды.

- Яғни, жаңа ұрпақ авторитарлы жүйені қылжаққа айналдырып, қорықпайтынын көрсетті, - деп жазады басылым.


0 Пікір Кіру