Тоқаевтың Қытайға сапары мен Назарбаев құрған қаржы орталығының Қытай үшін маңызы қандай? - на finance.bugin.kz
Bugin.kz - на finance.bugin.kz Bugin.kz

Юань валютасы

Нұрсұлтан Назарбаев құрған «Астана» қаржы орталығы юань валютасының Қазақстанға енуіне дәліз болуы мүмкін, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Қытайдың XinHuanet басылымына сілтеме жасап.

Посткеңестік кеңістікте мүлдем баламасы жоқ «Астана» қаржы орталығының «қытай үшін қандай маңызы бар?» деген сауалға жауап іздеген аталмыш басылым 2018 жылы Назарбаевтың жарлығымен құрылған аталмыш қаржы хабының «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыру үшін таптырмас құрал екендігін жазады. «Астана» қаржы орталығы Дубайдағы орталықтың үлгісін алған әрі ағылшын заңнамасын қолданысқа енгізген, тәуелсіз сот органы мен басқару жүйесі құрылған бірегей орталық екендігі бәрімізге белгілі. Ел үкіметі қаржы орталығын құрудағы мақсат Қазақстанға келетін инвестицияларды үйлестіру деп түсіндірді.

Алайда аталмыш басылымның жазуынша, Астана халықаралық қаржы орталығы, ең алдымен, Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасын жүзеге асыру мен дамыту, Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржылық қарым-қатынасты күшейту үшін құрылған. Тіпті, сол үшін орталықтың ішінен «Белдеу экономикасы департаменті» де ашылған.

Қазақстан мен Қытай арасындағы 55 өндірістік қуат жобасын көшіруші, оның инвестициясы мен акцияларын ұйымдастырушы негізгі орталық та дәл осы Астана қаржы орталығы болып отыр. Ал Астана қаржы орталығына қарайтын Астана халықаралық биржасы «бір белдеу, бір жол нарығын» құруға, сол арқылы юань валютасын нарықтың сауда валютасына айналдыруға күш салып жатыр.

Басылымның жазуынша, нарықта жиналған қаржы «Нұрлы жол» бағдарламасын, Қазақстан мен Қытай арасында келісілген «Бір белдеу – бір жол» жобасын және Қазақстанда жекешелендіру бағдарламаларын жүзеге асыруға жұмсалады. Бұған қатысты пікір білдірген Астана қаржы орталығының бас директорының орынбасары Ван Цзяньцян Қазақстанда юань валютасының 2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіле бастайтынын айтады.

- Жергілікті валюталардың арасында юаньның Қазақстанда қолданылуға деген мүмкіншілігі көп. Соңғы жылдары қазақ-қытай байланысы кеңейіп, маңызды жетістіктерге қол жеткізді, - дейді Ван мырза.

Әсіресе, қазақ-қытай арасындағы эконимикалық байланыстар Астана қаржы орталығы құрылғаннан бастап қарқынды дамыған. Астана қаржы орталығы қытайдың қаржы институттарымен  келісімшарттар жасап, Қытай банк қызметі мен құнды қағаздарын реттеу жөнінде меморандумға қол қойды. Шанхай қор биржасы, Ұлы Жібек қоры, Қытай даму банкі, Қытай құрылыс банкі, China CITIC Bank және CITIC Securities сынды белді қаржы ұйымдарымен стратегиялық байланыс орнатты.

Ал қаржы орталығынан алғашқылардың бірі болып өкілдігін ашқан қытай банктерінің бірі China Development Bank банкі мұнай-газ, пайдалы қазбалар, энергетика, химиялық өндіріс, қаржы және шекаралық инфрақұрылым салаларына салынған ондаған жобаның қаржысын Қазақстанға әкеп құйды.

Ал 2018 жылы ақпанда China CITIC Bank банкінің еншілес компаниясы Altyn Bank құрылып, юань валютасы арқылы төлем жасау жүйесін әкелді. Өткен аптада ғана, 23 қыркүйек күні қазақ-қытай байланысының арқасында Астана қаржы орталында China Construction Bank банкінің ресми өкілдігі ашылып, жұмысына кірісті.

Аталмыш басылымның жазуынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған іссапарында екі елдің арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, оның ішінде, юань валютасын төлем жасауда кеңінен пайдалану мәселелері қаралған. Екі ел басшыларының арасында қаржылық байланыстарды күшейту бойынша құжаттарға қол қойылып, бағдарламаларды кешенді түрде жүзеге асыру шаралары пысықталған.

0 Пікір Кіру