Алматы әкімдігі: «Жолақысын қымбаттату қажет», қаншаға? - на finance.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на finance.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

Бүгінде нақты тариф орта есеппен 250 теңгеден асады

Алматы қаласының әкімдігі жол жүру тарифін қымбаттату қажеттігін, шаһардағы жол жүру билетінің құны Испанияның Мадридінен 8 есе арзан екенін айтты.

Біздің әкім-қаралар, шен-шекпенділер қымбаттату қырына келгенде еуростандартқа құмар, еуропалық үлгі арнайы параметр болып шыға келеді. Ал сол кәрі құрлық тұрғындарының өмір сапасы мен әлеуметтік жағдайына әуестеніп, өркениеттілігін сұрасаң, құмарпаз бастамашылдар «бізге әлі қайда-а-а ондай, жас елміз ғой» деп ат тонын ала қашады.

Шаһар билігі Алматыдағы қоғамдық көлікпен жүруді Еуропаның қалаларымен салыстыруда алдына жан салмайды. Олардың есебінше, Алматыда билет құны Мадридпен салыстырғанда 8 есе, Прагадан 4,5 есе, ал Мәскеуден 3,5 есе арзан-мыс.

«Біз талдау жасадық. Мадридте қоғамдық көлікпен жүру құнын теңгеге аударсаңыз 644 теңге, Прагада – 386, Мәскеуде 300 теңгеден асады» деп бөседі. Әлгіндей талдау-сараптамалар азаматтардың өмір сапасына жасалып, соған тиімді-мөлдір механизммен әрекет істесе қайда қалды? Мысал етіп отырған Мадрид жұртының жан басына шаққандағы номиналды ЖІӨ 26 643 доллармен 30 орында тұрса, ал Қазақстан дәл осы критерий бойынша 8 643 доллармен 71 орынға төмендеген. Баға туралы сөз еткенде мәселеге кешенді түрде қараған дұрыс қой. Бағамен емес, табыспен жарысса, ел алғысына бөлену арман болмас еді.


Алматының "тәуірленген" автобусы. Фото: ашық дереккөз

 

Мадрид автобусы. Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы қоғамдық көлікпен жүру құнын Еуропа елдерімен салыстырған қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділовтың сөзінше, Алматыда жол жүру билетінің өзіндік құны – 250 теңге. Алайда жолаушылардың қалтасына артық салмақ түсірмеу үшін билет құны 7 жылдан бері көтерілмей келеді.

- Бүгінде нақты тариф орта есеппен 250 теңгеден асады. Бірақ қала билігі 2012 жылдың маусымынан бері 80 теңге тарифін ұстап отыр, биыл сегізінші жылға кетті. Бірақ, басқарма жол ақысын көтеру туралы сөз қозғаған жоқ. Әрине, бюджетке ауыртпалық түсіргіміз келмейді, тарифті көтеру керек, бірақ азаматтар мен жолаушылардың әлеуметтік жағдайын да естен шығармау қажет. Бұл – бір күнде шешілетін мәселе емес, – дейді қалалық мобильділік департаменті басшысының орынбасары Ерлан Әділов.

Оның айтуынша, өткен жылы әкімдік тасымалдаушы компанияларға 9 миллиард теңге субсидия берген. Биыл осы мақсатта субсидия көлемі шамамен 20 миллиард теңге болмақ. Бұл бүкіл қала бюджетінің 15/1 бөлігін құрайды. Қазіргі таңда Алматыда жұмыс істеп тұрған 14 автобус паркі 226 бағыт бойынша 1600-дей қоғамдық көлікпен күнделікті жолаушы тасиды. Қоғамдық көлікпен күн сайын 1,2 миллионға жуық жолаушы қатынайды.

Халықаралық Moody's агенттігі қазірдің өзінде халықтың қарызы айлық табысынан екі есе көбейгенін, нақтырақ айтқанда 6 миллионға жуық отандасымыздың банк алдында өтелмеген жалпы сомасы 7 триллион теңге берешегі барын жариялады. Әсіресе, Алматы қаласы мен ел астанасының, Қарағанды облысының тұрғындары кепілсіз тұтынушылық несиеге белшесінен батқан. Ертеде бір ділмар айтқан деседі «ит-мысығы тоқ елдің күйіне уайым жоқ» деп.  Біз де соның тысын ішіне қарай өңгеріп «ломбарды мен кредиттік ұйымы көп елдің, күйі мен күнінде жылу жоқ» дегіміз келеді.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті былтыр қаңтар-шілде аралығында 2017 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға қымбаттаған электр энергиясының құны желтоқсаннан бастап тағы 6%-ға өсетінін мәлімдеді. Сонымен қатар биыл үкімет күнделікті тұтынуға қажет тауарлар мен азық-түлік өнімдері орта есеппен 9% қымбаттағанын растап, «бұған өндірістің жоқтығы, алыпсатарлардың көптігі себеп» екенін айтқан. Өткен айда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «Ет бағасы 13,5%-ға, нан-тоқаш өнімдері мен жарма 12,7%-ға шарықтағанын» ағынан жарыла айтқан болатын. Сонда ел қайтпек?

Түсіндіргіш шенеуніктер қымбатшылықтың себебін түлкінің құйрығындай бұлғаңдап ұстатпайды, ұшы «анау әлемдік мұнай бағасына» барып бір-ақ тіреледі. Арқаның кең даласында бидайын орып, ұнға тартып отырып өндірген отандық өнімнің өзі наннан бастап коммуналдық қызметтерге дейін төлем диаграммасы көкке қарай өрлеп барады.

Президент Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әдіре қалғаны ма? Мемлекет басшысы сондағы «Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс» деп жасаған қатаң ескертпесі шешесінің ақпақұлақ ұлына айтатын «бір құлағынан кіріп екіншісінен шығып кетеді» деген кейісінің керіндей  болды. Тұрмыс түзеп, күй оңалтпақтық –  мемлекет экономикасының ең қуатты күзірі орташа кластердің өмір сүру сапасын күшейтпелі шырайға дейін жеткізбесе де, ортайтып алмау, тиімділік коэффициентін тұрақтандыру – күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Біздің айтпағымыз, бір айналдырғанда шыр айналдыратын қымбатшылық бұқараның қос бүйірінен қысып, тынысын тарылған тұста билік ел жағдайына құлақ түріп, мейілінше оң шешім қабылдаса. Қазан көтерерге де көңіл керек әйелге. Ендеше, халықтың париоттық потенциалын көтеру үшін де, жасампаз жастары жастық жалынын өзге елге арнамас үшін оның хал-ахуалына мойын бұрып, сапалы-жайлы өмір стандарттарымен қамтамасыз етпек лазым.

0 Пікір Кіру