Асқар Мамин пен Ердоғанның кездесуінің қорытындысы қандай? - на finance.bugin.kz
Bugin.kz - на finance.bugin.kz Bugin.kz

Қандай құжаттарға қол қойды?

9-11 қараша аралығында Қазақстан Үкіметінің басшысы Асқар Маминнің Түрік Республикасына сапары өтті. ҚР Сыртқы істер министрлігі сапар шеңберінде болған екіжақты кездесулердің, инвестициялық келісімдердің және бизнес-форумның нәтижелері бойынша ақпарат ұсынды.

10 қараша күні Ыстанбұлда ҚР премьер-министрі А.Мамин және ТР вице-президенті Ф.Октай қатысуымен Қазақстан-Түркия бизнес форумы өтті. Аталған форумға 800-ден астам түрік және 150-ге жуық қазақстандық кәсіпкерлер қатысты. Форум шеңберінде «Қазақстан және Түркияның жаңа синергиясы: Бизнес орта үшін жаңа перспективалар», «Жаңа мүмкіндіктер: Салалар, тауаша мүмкіндіктер, жобалар» және «Аймақтағы инвестициялық мүмкіндіктердің жол картасы – Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары» сессиялық отырыстары өтті.

Сондай-ақ, бизнес форум аясында Нұр-Сұлтан қаласының, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау, Түркістан және Ақтөбе облыстарының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Форум барысында қазақстандық делегация әлеуетті түрік серіктестерімен 200-ден астам жұмыс кездесулері мен келіссөздер өткізді, олардың барысында түрлі жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақ-түрік бизнес-форумының қорытындысы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде денсаулық сақтау, құрылыс, сауда, қаржы және өндіріс салаларын қамтитын жалпы құны 1,5 млрд долларды құрайтын 18 құжатқа қол қойылды.

Сонымен қатар, TAV Airports Холдингі бизнес форум барысында 2019 жылдың соңына дейін Алматы халықаралық әуежайын сатып алу жөніндегі келіссөздерді аяқтау және жаңа халықаралық терминал мен әуежайды басқару ғимаратының құрылысына инвестиция салу ниеті туралы хабарлады.

Өзара инвестициялық әріптестікті әрі қарай дамыту мәселесі Асқар Маминнің түрік бизнесі капитандарымен болған кездесуінде де жан-жақты талқыланды. Оған Қазақстанға нақты инвестиция салып отырған және екіжақты әріптестікке қызығушылық танытқан, ел экономикасының шамамен бестен бір бөлігін құрап отырған және жалпы жылдық кірісі 120 млрд долларды құрайтын 40-тан астам ірі түрік кәсіпкерлері және Қазақстан үкіметінің мүшелері, бірқатар өңірлердің басшылығы мен ұлттық компаниялардың төрағалары қатысты.

Атап айтқанда кездесуге Түркия экономикасының 8% құрайтын, елдің ең үлкен холдингі - Koc Holding, жеңіл өнеркәсіп және тұрмыстық техниканың ең үлкен өндірушісі – Zorlu Holding, ең ірі сүт және сүт өнімдері өндірушісі – Sutas, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша жобаларды жүзеге асыратын ең ірі холдингтердің бірі - YDA, ең ірі құрылыс мердігері - Ronesans Holding, № 2-ші және №3-ші ең ірі жиһаз өнімдерінің экспорттаушылары Kilim және Doganlar Yatirim Holding, былғарыдан жасалған бұйымдардың ең ірі өндірушісі – DESA, ең ірі киім сатушы - LC Waikiki, ең ірі аяқкиім сатушысы – FLO, ең ірі болат өнімдері өндірушісі – Tosyali Holding, ең ірі азық-түлік өндірушісі – Yildiz Holding және тағы да басқа іскерлер қатысты.

Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының 11-ші отырысында экономикалық ынтымақтастықты арттыру бағытында кешенді келіссөздер өтті.

Қазақстан – Түркия ҮЭК қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды: 1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасында халықаралық аралас жүктерді тасымалдау туралы келісім. 2. Халал өнімдерді аккредитациялау бойынша ынтымақтастық туралы меморандум. 3. «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы бойынша іс-қимылдар хаттамасы. Сондай-ақ, Қазақстан-Түркия ҮЭК Хаттамасына қол қойылды. Хаттама екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың Жол картасын бекітті. Бұл Жол картасы келесі бағыттар бойынша 68 тармақтан тұрады: 16 - сауда және инвестициялар, 6 - көлік, 11 - мәдениет және туризм, 5 - білім беру, 4 - денсаулық сақтау, 4 - өнеркәсіп, 8 - ауыл шаруашылығы, 3 - еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету, 4 - қоршаған орта және қала құрылысы, 2 - банк және қаржы саласы, 1 - жастар саласы және 1 - аэроғарыш саласы. Жол картасында нақты іс-шаралар, жауапты мемлекеттік органдар және орындалу мерзімдері белгіленген.

ҚазАқпарат

0 Пікір Кіру