Халықаралық валюта қоры: Өзбекстан Қазақстанның басты қарсыласына айналды - на finance.bugin.kz
Bugin.kz - на finance.bugin.kz Bugin.kz

Сау бәсеке

Халықаралық валюта қоры Өзбекстан елінің шетелдік инвестицияға есік ашып, Орталық Азияда Қазақстанның басты бәсекелесі мен қарсыласына айналғанын мәлімдеді. Мұны Bloomberg басылымы хабарлады.

- Өзбекстан Қазақстанның аймақтағы басты бәсекелесі бола отырып, Қазақстан экономикасына дамуына, инвестиция тартуына тиімді жақтан әсер етпек. Аймақта «сау бәсеке» қалыптаспақ. Бәсеке екі мемлекеттің де дамуына, іскерлік ортасын жақсартуға тырысуына стимул береді,  - деп мәлімдеді ХВҚ-ның Таяу Шығыс және Орталық Азия департаменті директорының көмекшісі Марк Хортон.

Ұзақ жылдар бойы томаға-тұйық саясат жүргізген Өзбекстан шетелдік инвестицияға есік ашып, әлемге ашықтық танытқаннан бері Қазақстан экономикасына потенциалды қауіп төндіруші күшке айналды. Өзбекстанда 33 млн халық тұрады. Халқы Қазақстаннан екі есе көп болғанымен, экономикасы үш есе аз.

Бірақ өзбек елі, Хортонның айтуынша, кең әрі түбегейлі реформалар жасауға аз уақыттың ішінде бет бұру арқылы Халықаралық валюта қорының саяси және техникалық кеңесі мен қолдауына жиі жүгінетін болған.

- Бұл жағынан Өзбекстанның тәбеті мықты, - дейді Хортон.

Өзбекстанның нарығы кең әрі экономиканың бірнеше саласы қатар дамыған. Әсіресе, өндіріс саласының болашағы зор. Сондықтан Өзбекстан инвестиция тарту жағынан Қазақстанмен кейбір салада ғана бәсекелесуі мүмкін.

- Өзбекстан инвестиция тарту жағынан көрші жатқан Қазақстаннан тәжірибе алғаны жөн. Әрі екі мемлекет те өзара қарым-қатынас пен инвестиция тартуға ашық болғаны дұрыс, - дейді валюта қорының өкілі.

Осы орайда айта кеткеніміз жөн, танымал экономист Сергей Гуриев қазақстандық Youtube арнасына сұхбат беру кезінде егер Өзбекстан инвестиция тарту бойынша қарқынын осы деңгейде күшейтетін болса, Қазақстан экономикасын 20-30 жылдың ішінде басып озатынын мәлімдеген еді. 

- Әзірше, Өзбекстанда Қазақстандағыдай инвестиция тартумен айналысатын білікті мамандар жоқ. Енді ғана жабық саясаттан шыққан Өзбекстан үшін нарық саласын түсінетін мамандар керек. Оны дайындауға әрі бизнес элитаны құруға біршама уақыт кетпек, - дейді Гуриев. 


0 Пікір Кіру